Жек көріп тұрып жолаймыз...

Айгүл Әбдірахманова

Қаржылық сауаттылық мәселесі қай кезде де өзекті екені мәлім. Ел ішінде «кредит алмаған адам, банкке қарыз емес отбасы жоқ» деген де сөздер қаулап тұр. Несиені не үшін аламыз? Несие алмай өмір сүруге бола ма? Мақаладан оқып көріңіз.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың арасында ара-тұра кредит жайлы әңгімелер де жазылып қалады. Басында несиесі жоқ қазақ жоқ шығар бүгінде. Өз басым, анау айтқан көлемді ақша алып, несиеге ұрынып көрмегем. Ел қатарлы бірлі-жарым дүние алдым бірақ. Сонда байқағаным – көп қазақтың кредит аларда ойланбайтыны, әйтеуір, қолына ақша түссе немесе көздеген заты алынса, болды. Ал кейін қарызын төлей алмай жатса, ол адам үшін банктен өткен жау да, сұмырай да жоқ. Мен ақыл айтып ділмәрсуден аулақпын, банктің небір «қитұрқылығына» мен де қарсы адамның бірімін. Сонымен...

Осыдан біраз жыл бұрын жекеменшікке өткен пәтеріме жақсылап жөндеу жасаттым. Сол жөндеуден соң саудасы біткен ескі жиһаздың тұрғанын қаламадым, жаңасын алуға шама жоқ әрі бір басылымға жұмысқа кіргеніме бір ай да толмаған. Қайтпек керек?! Қалтамда 500 теңге ғана қалғанына қарамастан жиһаз дүкеніне ұлымды ертіп апарып, оған да, үйге де мүлік таңдадық. Біздің бөлмемізге лайық әрі ыңғайлы жиһаздарды (екі бөлек) таптық та. Соммасы 126 мың теңге болды. Ешқашан кредит алып көрмегем. Банкке бәрібір. Ал дүкенде істейтіндер жолымның болғанын, яғни банктің мақұлдауын менен бетер жалбарынып тілеп отыр. Тілемей қайтсін, жұмысшыларына айлық беруі керек, жиһаз деген адам күнде қажет ететін нан емес әрі бәсекелес жиһаз дүкендері де жетеді. Бір таңғаларлығы, біз барған дүкеннің ішінде отырған каспибанктің құжатты рәсімдеген қызметкері менен айлық жөніндегі анықтаманы талап етпеді. Ақыры не керек, құжаттарым өтті, банк мақұлдады. «Егер мына жиһазды алмасам, заттарымның жиналмай шашылып жатқаны – жатқан. Ал маған енді бір бөлмеме жөндеу жүргізу керек. Жұмысшылар маған бір апта уақыт берген, екінші бөлмені босату үшін бұл жиһаз міндетті түрде алынуы керек». Банк қызметкеріне не өтінішке, не «талапқа» жатпайтын осы сөзім әсер етті ме, кім білсін. Қойшы не керек, балам қатты ұнатқан мүлік екі күннің ішінде үйге жеткізіліп, құрастырылатын болды. Ал қалтамыздағы 500 теңгеге такси ұстап, үйге келдік. Ол кезде ұлым мектепте оқитын еді. Кредит жайлы естімеген. Түсінбейтін. Ол үшін дүниеде қолынан бәрі келетін ең ғажап адам – анасы! Ғажап емей не, ақшасыз барып жиһазға қол жеткізіп қайтты...
Екі күннен соң ол өз жиһазының сөрелеріне кітаптарын, киімдерін реттеп қойып жатты. Ал жүзіндегі қуаныш! Оны тек көру керек!

Ол кезде мен қалтам ақшаға толып барсам да таңдаған мүлікті тура сол 126 мың теңгеге алатын едім. Ал алты айға рәсімдеген несиемде де тура солай жазылған. Құжаттары әлі де бар. Дүкен мен банктің арасындағы өзара келісімшартта көрсетілген баға – 98 000, яғни банк 28 000 дүкеннен пайда көріп отыр. Ал тұтынушы қолма-қол сатып алса да, несиеге рәсімдесе де – бір баға, яғни сол – 126 мың теңге. Бұл жерде мен сияқты ақшасыз адамға, әрине, өте тиімді. Ақшасын алты айда бөліп төлеген ыңғайлы. Ал ақшам болғанда мен дүкеннен емес, керісінше қоймадан алатын едім, онда маған ұнаған жиһаз дүкеннен қарағанда кем дегенде 20 мың теңгеге арзанға түскен болар еді. Бір қызығы, менен естіп әріптестерім де дүние алғысы келді. Бірақ қол жеткізе алмады. Өйткені олардан банк (банктер көп қой) айлық табыс туралы анықтама талап еткен және бір жерде ең кемі алты ай тұрақты істегенде ғана несие берілетінін түсіндірген. Ол дұрыс та. Өйткені бәріміз жаңадан ашылған басылымға енді ғана жұмысқа кірген болатынбыз... Менің жай ғана жолым болды.

Жолым болды, жиһаз алынды. Бірақ мен несиенің соңғы екі айы қалғанда жұмыссыз қалдым. Газет жабылды. Қайтпек керек? Жұмыссыз қалғанымды айтып, несиені тоқтата тұруға болады. Көбі осыны білмейді. Банктен «бөжей» көргендей қашу осыдан басталады. Өз басыма келсем, екі айға бола, банктің рақымшылығын пайдаланудан бас тарттым, бірақ қашпадым да. Өйткені алдағы уақытта тағы да бірдеңе алуым мүмкін ғой. Солай!
Екінші жолы, ұлымның өтінішімен «ақылды» теледидар алдым. Бұл жолы балама қарсы келу мүмкін болмады. Өйткені ол техниканың жақсы-жаманын айыра алады әрі өзі табыс табады. Ұлдың талабы – тек қана сол теледидар. Ал оның бағасы мен үшін қымбат, удай! Басында қарсы болдым. Күте тұруын өтіндім. Өйткені зат тым қымбат. Сыйлыққа планшет берілетініне қарамай қарсылық танытып бақтым. Ал балам күнара аңдып жүріп әлдебір мерекеге қатысты «ақылды» теледидарының 90 мың теңгеге арзандағанын, планшеттің орнына ноутбук берілетінін біліп, несиені бір жылға рәсімдетуімді қатты өтінді. Бұл жолы бас тартқым келмеді. Оның айтып жүрген «ақылды» затының данышпандығына менің шолақ миым жетпейтін, ал ноутбукке қызыққаным рас. Өйткені ол маған керек. Ұлыма менің қойған талабым – несиені тек өзі төлеу әрі шама жеткенше бір жылда төлеп құтылу. Ол келісті. Бұл жолы банкте ұзақ отырғам жоқ, құжат тез рәсімделді. Өйткені мен банктің «ең сенімді», «ең тәртіпті» клиентінің бірімін.

Бұл жолы да тура жиһаз алғандай болды. Басы артық ақша далаға кеткен жоқ. Бастысы, санаулы мөлшермен шыққан керемет теледидарға қол жеткіздік! Банк пен дүкеннің арасындағы келісімшарт – бөлек. Бұдан тұтынушы ретінде зардап шекпедім де.
Ұл сөзінде тұрды. Несиесін өзі жапты. Жауапкершілік дегеннің не екенін ұқты. Бұдан былай несие емес, депозит жайлы ойлай бастадық. Біреулерге күлкілі көрінер. Өйткені екеуіміздің де алатын айлығымыз өте аз, тіпті айтуға да күлкілі. Әрине, 150-200 мыңдап алатындардың қасында. Әйтпесе, бізден де аз табыс табатын адамдар бар. Оның жанында шүкір, тәубе! Бастысы, пәтер жалдамаймыз. «Қанағат қарын тойғызады» деген, берекесімен берсін! Ал депозитке келсек... Апамның «бір тамшымен-ақ шелек суға толмай ма, жаным» деген сөзі әсер етті. Түсінген адамға керемет сөз, ә! Солай! Бірақ бір өкініштісі, біздің қағазстан, кешіріңіздер, Қазақстанда ақшалай несие алса... 20-30 пайызбен (аз дегенде) қайтарады екен (алып көрмегем, естідім), ал депозитке салсаң, қосылатыны 15 пайызға жетер жетпес, онда да жылдық пайызы. Жастар несиемен өмір сүрсін деген түсініктегілер де бар. Күлкілі ғой! Мендегі үшінші несие жайлы айтсам...
– Мам, мен бір айдан бері тыныш ұйықтай алмай жүрмін.
– Па шіркін! Ғашықсың ба, не көрінді?
– Иә, «ғашықпын». Бірақ қызға емес, телефонға! Көмектесесің бе?
Баламның көмейіндегі бүлкілді түсінгендей болдым. Бірақ қандай телефон? Өткенде ғана айфон деген «бәлені» екі апта ұстап, қайта сатып жіберген. Ұнамағанын айтқан. Сонда мұнікі не?
– Айт! Ұйқыңнан айырған не телефон соншалық? Қандай артықшылығы бар? Бағасы?
– М-м, бағасын айтсам, 200 000 (199990) теңге тұрған, 180 000 теңгеге түсіпті. Өзіме бірінші рет несие рәсімдейтіндіктен 150 000 теңгенің затына ғана рұқсат етілмек... Артықшылығы сол – өзіме ұнайды.
Қайтпек керек? «Ойланайық» дегенді айтып құтылдым. Бұл бала беталды ештеңе өтінбейді. «Анау керек, мынау керек», – деп орынсыз мазалап та көрмеген. Ең бастысы, мен ешқашан компьютер мен ноутбугім бұзылғанда, маман шақырмаймын. Егер титтей нәрсеге бола маман шақырғанымда қалтам талай қағылар еді ғой... Демек, келісуден басқа амал жоқ.
– Ай, бала, жүр. Барайық, көрейік.

Ең алдымен техника сататын дүкендердің бәріне барып көрдік. Бәрінде бірдей баға. «Шектеулі данамен шыққан, алып қалуым керек», – деп ойбайлаған ұлдың сөзінің жаны бар. Кей дүкенде өтіп кеткен. Кей дүкенде – сөредегі соңғысы. Бірақ бәрінде бірдей баға, 180 000 (179 990) теңге, тіпті «Самсунг» компаниясының өзінде де – осы баға. Қош делік, бәрінде де банк бар. Жеделдетіп құжат рәсімдеуге дайын. Енді ақырын салыстыра бастадым. Сервис қызметі (?) біреуінде – 21 000, біреуінде – 35 200, ал бірінде – 41 558 теңге. Ол аз болса, консультант ақыры кредитке алғалы тұрғанымызды айтып, телефонның қабын ұсынып әлекке түсті. Бір қызығы, сол телефонға арналған қаптама әлі саудада жоқ екенінен ол мүлде хабарсыз екен. Күлкілі иә! Мейлі, ол дүкеннен («Алсер») бас тарттық та, «Самсунг» орталығына бардық. «Әндіжанда бір қызым бар, бұдан да сорақы» дегендей, онда – 41 558 теңге қосымша сервис қызметіне төлеу керек екенбіз. Миығымнан күлдім де кеттім ол жерден. Өйткені соңғы телефон, сөреде тұр, әркім «сипалап» кеткен телефонның қажеті не? Жылжып «Технодомға» келдік. Мұнда «алтын аралық» – 35 200 т. Енді баламды үгіттей бастадым. «100 мыңды мен табайын, 80 мыңды өзің тап, несие тиімсіз. Көріп тұрсың ғой, ортадағы ақшаны банк – дүкенге, дүкен банкке «жауып» екі ортада бізді ақымақ қылғысы кеп отыр. Өзің білесің мен тиынның қадірін білетін адаммын. Ауадан ақша жасайтын банкке мен 35 мыңды қойып, 35 тиын артық бергім келмейді, балам». Ол болса: «Әй, мама, мен табуын табам, бірақ бірден салаң еткізіп, 180 000 теңгені төлей салсам, көтенім ашиды ғой. Маған несие тиімді», – деп қара-а-ап тұр. Ой, ішегім-ай! Дүкенді басына көшіріп күлдім сөзіне. Рас-ау!
Ақыры не керек, артық ақшаны басымды шауып тастаса да төлемейтінімді ұққысы келмеген банк қызметкеріне қолды бір сілтеп, консультант орыс жігітіне келіп, «талабымды» түсіндірдім. Әңгіме мынандай сыңайда өтті.
– Мен мына телефонды қазір қолма-қол алсам, сервисіңнен бас тарта алам ғой.
– Иә. Ол өз еркіңізде! Ол – клиенттің еркі.
– Онда неге анау банк қосақтап қояды мұны?
Бетіме жымия қарады.
– Мен жаңа зат алып отырмын. Екі жылда сынады деп ойламаймын. 14 күнде чек арқылы зауыттан кеткен брак болса, онсыз да затты айырбастауға құқым бар. Сондықтан «артық» қызметіңнің керегі жоқ, – дегеніме құлақ аспаған еді алғашқы кеңес берген жігіт. Тіпті электр қуатының тұйықталғанынан жарамсыз боп қалса да, телефонды суға түсіріп алсам да бұлар жөндеуге әзір екен. Па шіркін! Өтірікті де мұнша айтады екен-ау... Қайтсін, оларға берілген тапсырма – сол. Жұмыстары солай!
Қош делік, ақыры кеңес беріп жүрген жігіт сервис қызметін көрсетпей, нақты телефон бағасы (179 900т) жазылған бір жапырақ қағазды берді. Банк қайда барады, рәсімдеді. Ұлымның қуанышында шек жоқ. Талабыма келісті. Бір жылға жеткізбей тез құтылып тастау керек. Солай, ағайын. Мен телефон алып бергенімді мақтанып айтып отырғам жоқ, осындай нәрседен аулақ болуды ескертіп отырмын. Сауатты түрде талап етіп, не нәрсеге де қол жеткізуге болады. Айтпақшы, анау орыс жігітіне арнайы барып алғыс айттым. Дұрыс әрі нақты қорықпай кеңес бергені үшін.
Мен тек депозитті таңдадым, бірақ оның «тағдыры» аянышты, ал балам несиені таңдады, әзірге бойдақ болған соң. Сіз нені таңдадыңыз?

Наверх