Жаңғырудың негізі – ұлттық иммунитетте

Айгүл Әбдірахманова
Елімізде қабылданып, жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде халықтың сан ғасырлық тарихы, көнеден жеткен салт-дәстүрі мен есте жоқ ескі заманнан келген әдет-ғұрпы жатыр деп есептейміз. «Ұлттық код» деп жүрген тектілік мәселесі де ұлттық ең басты қасиеттерінен, тілі мен дінінен, ділі мен тарихынан бастау алады. Халқымыздың осындай асыл қасиеттерінің бірі – келін тәрбиесі. «Келін тәрбиесі – келешек тәрбиесі» деп қараған халқымыздың осындай асыл қасиеттері ұмытылып бара жатқан жоқ па?
Келін сәлемі жайлы осыдан біраз уақыт бұрын әсіредіншілдер ақылға сыймайтын әңгіме таратып кәдімгідей шу болған еді. Үлкенге иіліп құрмет көрсетіп тұрған ізетті келіннің сәлемі құдайға қосақ қосқандық екені әлгілердің түсінігінде. Шындап келгенде келін сәлемі керек, бірақ біздің Шығыстың келіндері сәлем салмай-ақ (жоқ қой ол өңірде) ата-енесін сыйлап, ағайын-туысын ренжітпей, күйеуін күтіп, балаларын туып, аман-есен өмірін сүріп жатыр. Бірақ өзіме ат тергеген де, сәлем салған да ұнайды.

Тұтас бір ұлттың тектілігін көрсететін өнеге, салт, дәстүр, қазақта құдайға шүкір, жетеді ғой! Жалпы, ағылшын деп, басқа деп солардың қаңсығын өзімізге таңсық көргенше қазақтың өзінің ерекшелігін паш ете білсек... Білмеймін, өзім қазақтың өзіне тән барлық дүниесіне мақтанам! Өзгені қайдам... Бір ескеретін жайт, алдында иіліп сәлем салып тұрған келінге қайынағасы да абдырап асып-саспай оң бата бере білсе... Көкірегінде – ой, санасында сәуле бар қазақ дұрысын өзі таңдап, керегін саралап алар. Жә, келін сәлемін қоялық. Дегенмен ендігі әңгіме тағы да келінге қатысты. Шаңыраққа келін түсіп, табалдырықты оң аяғымен аттаған соң көрші-қолаң, абысын-ажын, ауылдас кемпір-сампыр келін шайын ішуге жиналады. Ол бұрыннан бар әрі бүгінге жетті. «Келіннің шайын ішеміз» деу ұмытылмаған, келеді әрі терлеп-тепшіп кеше түскен келіннің сызылып отырып құйған шайын ішеді де. Ал сосын? Сосын ше? Бұрынғы қазақ келіннің шайын сораптап ішіп, орнынан тұрып кете салмаған шығар. Бұл да бекерден-бекер шықты деймісіз. Ал бүгінгі қазақ ше?

...Мені «қазақ келіндерінің «жарғысын» жазған» (Несіп Жүнісбай айтқандай), жазып келе жатқан Зейнеп (Ахметова) апаммен «достастырған» да – осы тұрмыстық салтқа деген қызығушылығым. «Апа, ол қайдан шыққан», «неге олай» деп сұраудан да, тыңдаудан да жалыққан емеспін. Сосын оны құлағыма құйғаннан да, елге айтудан да шаршап көргем жоқ. Салт сабақтастығы осы да шығар...
– Келіннің құйған шайына риза болған әжелер мен апалар: «Менің жасыма жет, айналайын! Бақытты бол! Қосағыңмен қоса ағар!» – деп ағыл-тегіл ақ батасын береді. «Итаяғыңа сал (баласы дүниеге келіп, қырқынан шығарғанда суға шомылдыратын ыдысты солай атапты), үбірлі-шүбірлі бол!» – деп күміс сақина-сырға, білезігін салып, кесесін бос қайтармаған. Қандай керемет, ә! Бұл – Зейнеп апамның айтып бергені. Осы айтылғандар «Қазақтың салты» деген айдармен «Айқын» газетіне анау бір жылдары шыққан. Одан кейін «Күретамыр» атты кітап болып оқырманға тарады.

Қайбір жылы мен де бір жаңадан түскен жас келіннің қолынан шай ішуге келін шайына шақырылдым. Арнайылап апардым демеймін (ойыңда тұра ма) бірақ саусағымдағы күміс сақинаны кесенің түбіне салып, кесесін келінге қайтарған едім. Мәнісін де түсіндіргем. Әрине, «менің жасыма жет» деп бата беретіндей әже де, етегімнен бала саулаған көпбалалы ана да емеспін. Бірақ...
– Бал татыған шайыңа рақмет! Мұнда отырған әжелер мен апалардың жолы еді. Бірақ келмеске кеткен Кеңес Одағының кесірі ме, білместігі ме, кім білсін... Алла сені де өз келініңнің қолынан шай ішуге жазсын! Ұл сүйіп, келін түсіру бақытына жет! Осы сақинаны өз келініңнің қолынан алғаш шай ішкенде кесесіне саларсың, – деп тілегімді айтқанда... И-и-й, әжелер сөзіме сүйсініп, қылығыма тамсанғанымен, біреуі де қолындағы сақинасын шешіп беруге де жарамады-ау. Қайдан шешсін, он саусақ пен білек толған алтын, бриллиант! Әттең-ай, сол кезде сөзімді іліп әкетіп соны біреуі жалғастырғанда ғой. Сол келін жаңа жерді жатсынып, төркінін сағынса да, кейін қанша тұрмыстың тауқыметін тартып қиналса да ешқашан ажырасуды ойламас еді. Бата-тілектің құдіреті де осында ғой. Жарайды, оны да әркім әрқалай қабылдар. Мен де, апам сияқты өз пікірімді қазаққа зорлап таңудан аулақпын. Тек ой салу.

Айтпақшы, «неге өйтіп ақылгөйсіді, данышпансыды» деп менің келінге берген сақинам жайлы оқиғаны қысқа ойлап, жаратпай қалатындар болуы мүмкін. Десе де... Біріншіден, мен апамның жанында қаншама жылдан бері жүрмін. Осылардың бәрін өз көзіммен көрдім де. Мен үшін бұлар қалыпты әрі қарапайым көрініске айналды. Апамның жанында жүріп осының тырнақтай қасиетін өзіме жұқтырып, соны кейінгіге жеткізе алмасам, қазақтығым қайда қалмақ? Бұл да – менің өз ойым, өз түсінігім. Дәстүр осылай дәріптеліп, осылай жалғаспай ма?! Иә, жасырмаймын, жеке басымда тағдырдан таяқты көбірек жеп, отбасылық бақытым толық емес, жарым-жартылай болып қалғанымен өзім мақтан тұтар бір ұлға мен де анамын ғой. Ал, ең бастысы, апамның қолжазбасын өз қолыммен компьютерге теріп, тексеріп, кітабының таралуына үлес қосып жүргендіктен де, кей сіңілдерім мен ұсынған бір жапырақ беторамалдың өзін ырымдап жатады. Өйткені біз ырымшыл қазақпыз. Ал оның жанында кісі кесесін жаңылыстырмай ұсынып, қысыла шай құйып отырған келіннің әрі алғыс, әрі сыйлық, әрі жақсы тілек естігені ғажап емес пе. Мақтанудан аулақпын. Бірақ осындай ұсақ-түйектің өзінде қаншама ықылас-пейіл, үлкен сыйластық жатыр. Біз көп жағдайда үлкендердің тарапынан көрсетілер ұлттық үлгі-өнегеден ақсап жатамыз. Соның кесірі тиіп, зардабын шегіп жүрсек те ойланғымыз келмейді.

Кейінгі кезде ойымда жүрген тағы бір мәселенің бірі – ұлттық асымызды мазақтап «бешбармақ» деп атауға қатысты. Бұл өзі әбден қазақ қоғамына сіңіп кеткен сияқты. Адамда бар-жоғы екі-ақ бармақ болатынын, қалғаны саусақ деп аталатынын, бес бармақтың болуы мүмкін емесін ескермейтіні былай тұрсын, бұл атауды орыстардың қазаққа келекелеп таңып бергенін жете ойланарлық шама жоқ. Ал ең қорқыныштысы, бүгінгі күнде өзінің ұлттың тағамының бірі – асылған қой етін жеуден қазақтың өз ұрпағының бас тартқаны дер едім. «Тек жақсыны естіп, үлкеннен қалған ұлағатты құлағыңа құйып ал», – деп құлақ, «сөзіңе ел ұйыйтын ділмар шешен бол, таңдайың тақылдаған әнші болып өс», – деп балаға таңдай беретін үлкендері болмаған соң қой етін жейтін бала қайдан қалсын? «Қойдың еті қорғасындай ауыр, оның қорытылуы қиын» деген түсінік көбірек насихатталатыны тағы бар, оның орнын сиыр еті мен тауық еті басқаны және бар, қойшы, не дейсіз қазіргі жастар мен балалардың асылған қой етін сүйсіне жеп, сорпасын сіміре ішетіні сиреді. Ауыл баласы болмаса, қала баласының қойдың етіне мұрнын шүйіріп, жайы келсе, «сасық иісі бар» деген желеуді айтып кесірленетіні бар. Мұны естігенде үлкендердің: «Тәйт ары! Кесірленбе! Қара мұны!» – деп тыйып тастағанын да ести бермеймін. Өйткені жастар мен балаларды қойып бүгінде әлгі мазақ атауын мақтана айтып таңдайы тақ ете қалатын үлкен буынның өзі қой етінен жери бастағанын несіне жасырамыз?

Былтыр елімізді індет жайлағанда ауырып қалғандарға дәрігерлердің өзі қой етінің сорпасын ішіп әлдену керегін қайта-қайта ескертті. Базарда қой етінің бағасы шарықтап сала бергені де сол жолы кәдімгідей білінді. Әншейінде иісін жаратпай сорпасына мұрын шүйіргендердің талайы асылған қой етінің сорпасын ішіп ауруынан айыққанын, есін жинап әлденгенін білдік. Тіпті түшкіріп қалған біреуіне келесі бірі қойдың етін асып жеп, сорпасын ішіп жазылғанын айтып, кеңесін беріп жатқанын естідік те. Өзінің тегінде бар, тарихи жадында сақталып, ғасырлардан бері жалғасып келген ұлттық тағамдардың адамға ерекше күш-қуат беретінін академик Төрегелді Шарманов ағамыз да айтып келеді. Ұлттық ерекшелікке мән бермегендіктен, жеріктік өрістің тоқырауға ұшырағанынан қазіргі қазақ баласының тұрқы өзгеріп, бойлары бір тұтам, аяғы шидей болып бара жатқан ұлдардың көбейгенін, ұрпақтың ұсақталып кеткенін Зейнеп апамнан де естіп жүрмін. Өзінің ұлттық асынан жеріген қазақтың есін бір сәтте жиғызып, ет пен сорпаның қадірін сездірген індеттің арқасында талай адам аман қалды да. Әрине, медициналық көмектің, дәрі-дәрмектің пайдасы ұшан-теңіз. Бірақ өз табиғатында бар, өзінің бойында сақталуға тиіс, ата-бабамыздан бері келе жатқан асымыздың иммунитетімізді көтергені анық.

Біз ұлттық иммунитеті әлсіреп рухани жүдеп-жадап бара жатқан ұрпақпыз. Себебі кеңестік кезеңде ұлттық болмысымыздан еріксіз түрде ажырап қалған үлкен буынның айтары кемшін, көрсетері азайған. Соның зардабын әлі тартамыз да. Біздің алдымыздағы үлкен буынға осының бәрін ұқтыратын көнекөз қариялардың қалмағаны белгілі. Ал қазіргі жас буын кітап оқып ізденуге, өз ұлтындағы барды қастерлеуге келгенді әлсіздік танытады. Оларды кінәлау да орынсыз мұндайда. Жасанды сүтпен жетіліп, құнарсыз тағамға бой үйреткен мұндай жастардың алдында әр қазақ өзін кінәлі сезіне ме, сезінбей ме, ол жағын ойламаппын. Бірақ жастарға әр нәрсенің өз мән-мағынасы болатынын, ешбір нәрсенің жайдан-жай шыға салмағанын, ең бастысы, соның бәрін арнайы оқу оқымаған ата-әжелер ұрпағына жеткізіп отырғанын түсіндіруге міндеттіміз. Өз ойым, әрине.

«Тұршы былай, сол күйі болбырай беремісің! Әкел, мен-ақ көтеріп жіберейін!» – деп иығына бір қап ұнды салып ештеңеге қарамай үйіңе кіргізіп тастайтын ағаларымыздың сөзіне шамданып: «Қой! Біздің де шешеміз қалжа жеген, құдайға шүкір!» – деп дес бермей кететін жігіттердің сөзін естіп өскен соңғы буын біз шығармыз. Кейде осылай ойлап қамығатыным бар. Жо-жоқ, ауылда тұрып жатқандар мүлде басқа. Бірақ қалалы жерде мұндай сөздің айтылмағанына, менің естімегеніме қай заман?! «Құдайға шүкір, біздің шешеміз де қалжа жеген!». Ұққан жанға бір ауыз сөз қазақ баласын ширықтырып жібереді. Ал қалжа дегенің – қой ғой, жас босанған келіннің сыбағасы! Өзінің ұлттық құндылығымен ғана қазақ –қазақ болып қала бермек. Сіз не дейсіз?
Наверх