Онлайн ұрлық ондырмай тұр

Гүлжан Абайқызы
Әлемде әлеуметтік желінің желдей ескеніне біраз болды. Бүкіл әлемдегі интернет пайдаланушылардың саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 2,8 миллиардқа жетеді екен. Әлеуметтік желінің пайдасымен қатар кесірі де талай жанға опық жегізуде. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желі арқылы алаяқтықтың небір түрімен табысқа кенелгендердің дәурені де қазір жүріп тұр. Яғни, тасада отырып, интернет арқылы ұрлыққа түскен кибералаяқтар көбейді. Бірақ ұсталмаған ұрыға үкім жүрмейді.
Иә солай, бүгінде технология қанша қарыштап дамыса да, ұрыны ұстап, алаяқтыққа дер кезінде тұсау салу мүмкін емес. Әлеуметтік желі арқылы жалған суретпен жалған құжат жүктеп, жалған есіммен құқықтық және тағы басқа да көмек көрсетемін деп алдап, құрбанына ақша аудартып алатын алаяқтар тым көбейіп кеткен. Одан бөлек, алыс-жақын шетелдік сайттар ашылып, тауар өткізудің түрлі қитұрқы әрекеттерімен тұтынушы тартып, соңынан талайды сан соқтыратын алаяқтар бар. Соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық 20 пайызға өскен. Мұндай алаяқтықтың түрі әсіресе пандемия кезінде өршіп кеткен. Өйткені карантинде сайттағы тауарларға сұраныс артқан. Тек өткен жылы елімізде 14 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалды. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде киберқылмыс бойынша 1072 алаяқтық фактісі тіркелді. Оның ішінде 772 іс ашылған. 1 адам ұсталып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлімі, 4-тармағы бойынша қылмыстық жаза тағайындалған. Сонымен қатар, Instagram әлеуметтік желісі арқылы алданғандар әлдеқайда көп дейді полиция өкілдері. Алаяқтың адымы қысқа десек те, бүгінде олардың құрығы ұзын боп тұр. Жәй адам түгілі құзырлы орган өкілдеріне жер сипатып кетуі кімнің немесе ненің қауқарсыздығынан?

Бірден айтайын, алаяққа алданып, ақшасынан айырылған жәбірленушінің ең алдымен өз жауапкершілігі болу керек. Аса мұқият болу, асығыс шешім қабылдамау сияқты сақтықты ұмытпаған жөн. Десек те бұлай ақыл айту оңай. Себебі досыңның, жақын-туысыңның фотосын қойып, ватсап арқылы қиыла ақша сұрап, қиналып тұрғанда ол фотоның артында алаяқ тұр деп мүлдем ойламайсың. Күдіктеніп, күмән келтірмек түгілі, сол «жақыныңа» тезірек жақсылық жасағың келіп, қаражатты аударып кеп жіберген соң ес жиятынымыз бар. Иә, иә өз басымнан өткен. «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас» деп жылы жауып қоймай, полиция өкілдеріне арыз жазып, кеткен малды емес, елді тақырға отырғызып жүрген алаяқтардың ұсталуына себепші болсақ деген едік. Алайда баяу, сылбыр, салғырт жүргізіліп жатқан тергеу ісінен үміті аз қанша адам қолын бір сілтеді екен?

Біздегі жағдай да солай боп тұр. Ал арыз жазуға уақытын да кетіргісі келмеген елорда тұрғыны Анар Айтақанова құрбысы екеуі OLX сайты арқылы медициналық қолғап алғысы келген, өйткені карантин кезінде қолғаптың 1 қорабы 6 мың теңгеге дейін өскен. Ал ОLХ жарнамада 1500 теңге екен. Сайттың талабы бойынша қомақтылау ақша жіберген. Бірақ алданғандарын кейін біліпті. Сайттың ресейлік екенін білген құрбысы екеуі полицияның табатынынан күдерін үзсе керек, еш жерге арызданбаған. Интернет арқылы ақша жымқырудың небір қитұрқылығын үйренгендер, сатушының да, сатып алушының да әбден сеніміне кіріп, өздері жасаған сілтеме арқылы жеке шоттан ақша ұрлау тәсіліне көшкен.

Ал енді жекелеген адамдардың fасebook, instagram, ВКонтакте парақшаларын қара ниетті хакерлер бұзып, парақша иесі боп барлық туыс-таныс, әріптестерінен қомақты ақша сұрап жүрген айлакерлер тіптен азаймай отыр. Осы орайда айта кеткен жөн, алдану мамандыққа бөлінбейді. Сен сатушы бол, заңгер бол, журналист не мұғалім, тіпті құрылысшы бол. Әлеуметтік желімен байланысың болса, эмоциялық манипуляцияға ілігетінің сөзсіз дейді психологтар. Өйткені алаяқтар өздерінің қулығына сенімді өкілді пайдаланады. Құрбысының фотосы немесе банк қызметкерімін деу арқылы алдайды. Алдымен аяушылық сезім болмаса, қорқыту бар дейді. Басым көпшілігі жанашырлық білдіру, аяу сезімі сияқты эмоциялық манипуляцияға түсіп қалады екен.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсембаевтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы алданғандардың қатары тым көп, ең сорақысы полиция бөлімшесіне күніне 100-ге жуық арыз келіп түседі екен. ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгерістер бойынша 5 минут ішінде тіркеліп, арыз қабылданады. 3 күннен кейін Нұр-Сұлтан қаласының ауданааралық сотында түскен арыз бойынша санкция шығарады және 3 күннен кейін жауабын алады екен. Жалпы іс тіркеліп, тергеуге дейінгі процеске 10 күн өтеді дейді. Мынадай цифрландыру уақытында, соның ішінде интернет алаяқтарын анықтауға (ұстауға емес) кететін 10 күн дегеніміз 10 жылға пара-пар емес пе? Киберқылмыс болған соң криминалдық полиция жанынан кибер қылмысқа қарсы күрес бөлімі ашылды, мамандар тартылды, қаражат бөлінді. Бірақ нәтиженің аздығы қынжылтады. Киберқылмысқа ұрынған жекелеген адамдардың көпшілігі ірілі-ұсақты шығынға батса да, мұндай жағдайға тап болғанын дабыра ете бермейді. Әлемді уысында ұстаған онлайнның да осал тұсы осы боп тұр.

Маркетологтар қара ниетті ІТ мамандар адамдарды ғана емес қаншама мемлекетті шығынға батырып отырғанын және 21-ғасырдағы бұл дерттің емі тек қана мықты сауатты айти кадрларының қажеттігі, яғни киберқылмыстардың қалай жүзеге асырылатынын бүге-шігесіне дейін ажырата алатын мықты мамандар ауадай қажет деген пікірді айтады.

Қайтпек керек? Әзірге мықты, адал, білімді мамандар қатары көбейгенше қарапайым халық үшін кибер алаяқтардан қорғанудың жолдарын біліп, қауіпсіздік және алдын-алу шараларын нығайтқан жөн. Елордада Ақпараттық қауіпсіздік ұлттық орталығы бар. Осы орталық директоры Серік Холдас, адам ең бірінші өзіне ғана сену керек және жеке өмірін жариялауды азайтқан жөн екенін баса айтты. Өйткені кез келген адам әлеуметтік желі арқылы өзі туралы барлық картаны алаяқтарға өзі ашып беріп отырғаны рас. Мұны ғаламтор тілінде әлеуметтік инженерия амалдары деп атайды екен. Тіпті екінің бірі инстаграм әлеуметтік желісіне келетін екі факторлы аудинтификафия дегенді де біле бермейді. Сондықтан Серік Холдас қорғану шараларын күшейтудің бір жолы - парақшаға екі кезеңдік аудинтификация жасалған болса, әлеуметтік желінің бұзылуы қиындай түсетінін түсіндірді. Дегенмен соңғы 3 айда қарапайым халықтың қалтасынан онлайн ақша суыратындардың түрлі әдісі пайда болған. Онлайн сауда, онлайн жұмыс ыңғайлы болғанмен, бұл әсіресе алаяқтардың әрекетіне оңай тиіп жатыр. Ал оның алдын алу әзірге мүмкін болмай тұр.
Наверх