Оңай олжаның берекесі болмайды

Мөлдір Сәбитқызы
Редакциямызға келіп жатқан сұрақтардың көпшілігі заманауи техника жетістерінің адам баласына тигізетін оң және теріс әсері туралы болғандықтан, осы тақырыпта ой қозғауды дұрыс көріп отырмыз. Қазіргі қоғамды интернетсіз, ұялы байланыссыз, әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес болып барады. Ғаламтордың адамзат дамуында алатын орны айрықша екені мәлім. Алайда, осы ғаламтордың кейбір мүмкіндіктері бала тәрбиесіне кері әсер ететіні жайлы да аз айтылып жатқан жоқ. Ұрпақ тәрбиесі жайлы сөздің ешқашанда көптік етпейтінін ескеріп, жастарымыздың тәлім-тәрбиесі жайлы мақала ұсынамыз.
Жуырда бір жақсы танысымнан өз баласын блогер болуға дайындап жүргенін естіп қалдым. Сол үшін он жасар қызын «SMM курсына» жаздырыпты. «Мейлі, телефонда босқа отырғаннан гөрі заманауи мамандықтың бірін меңгере берсін, қазір ақшаның көзі – интернетте ғой» деді... Әрине, құбылған мына қоғамда заманына қарай амалын жасаған абзал. Бүгінде блог жүргізу арқылы миллионер атану да әп сәтте. Бір жағынан өне бойы ақшадан қысылатын өмір құрсауынан құтқарады. Бірақ баланы жастайынан байлықтың артына салған дұрыс па?

Ата-бабамыз бір үзім нанның жолында төгілетін тер мен жұмсалатын жігердің қадірін жақсылап жеткізіп кетті. Қалай? Тарихта қашалып жазылған ерліктерімен қоса «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбектің наны тәтті», «Еңбек түбі – береке» сынды санамалап айтсақ, сан жетпейтін саналы сөздерінен ұғынамыз. Тәрбиенің негізі болған бұл мақал-мәтелдер өмірлік қағидаға айналып, қаншама адамға адал жол ашып, бақыттың кілтін табуға күш берді. Ал сіз осыны есіл дерті әлеуметтік желі болған ұл-қызыңызға айтып көріңізші. Егер бұл әңгіме оларға ұнамай, сізге интернет арқылы қалталы болудың жолын көрсетіп жатса, ата-ана ретінде сіздің халіңіз аянышты...

Қазіргі уақытта ата-аналар «Баланы заманға сай тәрбиелеу» дегенді қате түсінетін секілді. Бұл – баланы үлде мен бүлдеге орап, қымбат телефонды қолына ұстатып, шет тілінде сайратуға тырысып, Инстаграм мен Тик-токтың трендінен қалдырмай, жылтыраған бетпен танымал болуға бағыттау емес, ұлтын шексіз сүйетін, еліне қызмет қылуды міндет санайтын, салт-дәстүрін сіңірген, ана тілін құрметтей жүріп, өзге тілді бәсекеге қабілетті азамат немесе азаматша болу үшін үйренетін ұрпақты өсіріп-өндіру деген сөз.

Кез келген адам өз баласының болашақта таршылық көрмей өскенін қалайды. Қиындықтың дәмін көп татпаса екен, қалағанын алса екен деп аңсайды. Бірақ бұл үшін де қазіргі қоғам келбетіне сәйкес қаржылық сауаттылықты қалыптастыру қажет. Иә, бұрын бұндай ұғым болмады, алайда жаңа өмір салтын қалайда қабылдауға тиіспіз. Ақыл мен абыройды алға тарта ақшаны табу мен жұмсауды балаға үйрету – үлкен буынға борыш болып отыр.
Балаға «табыскер бол» деп айта салу жеңіл. Осы тұста оның жанұядан ақша мәдениетін көріп өсетініне мән берген ләзім. Үлкендердің әр әрекеті, айтқан сөзі балалардың тап-таза миына бірден ақпарат болып сіңе береді.

Осы орайда, кейбір елдердің қаржыға қарым-қатынасы жайында мысалдар келтірген жөн болар. АҚШ-та балалар үшін ашыл¬ған қаржылық акаде¬миялар көп екен. Мұнда ақша туралы білімді ар¬найы консультативті бағдар¬лама түрінде береді. Оған қатысуды баланың өзі шешеді. Швецияда бар¬лық балаға емес, тек үздік оқы¬ған балаларға 16 жасқа дейін әр ай сайын белгілі бір мөлшерде ақы төленіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны олардың ата-аналары алады. Ал британдықтар балалық шақтан айырмау үшін балалардың ақшамен қарым-қатынас жасауына аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді. Дегенмен ақша жинайтын сандықшалар сыйлап, оған шығын¬дарына берілетін ақшаны салып қоюды ұсынады. Ресейлік психологтар болса, балаға қымбат пен арзанның айырмашылығын 2,5-3 жастан үйрету керек екенін айтады. Себебі осы жаста ол салыстыра біледі, 7 жастан бастап ақша санап, бағаның айырмашылығын ажырата алады деп ой қорытады. Қытайлық балалар әлемін зерттеуші Лу Чин балалардың қаржы-қаражатын бас¬қа¬руына қатысты мынадай үш ұсыныс айтқан екен. Оның біріншісі – балаға ақша бермес бұрын, алдымен, ақшаны қалай жаратуды үйрету. Екіншісі – бала үшін ақша жинағаннан гөрі оны ақша табуға баулу. Үшін¬шісі – мақсатсыз ақша бермеу. Сіз қай ұстаныммен келісер едіңіз?

Қазіргі қазақ қоғамында да баланың бойына қаржы туралы білім құю туралы жиі айтылып жүр. Орынды әрі өзекті. Себебі жоқшылықтың зардабын сезініп, ұрлық-қорлық жасауға бейім болатын жасөспірімдер де жоқ емес. Шығынның шегін білмей, кірістің қадірін ұқпайтын дәулетті шаңырақтардың мұрагерлері де қаншама. Бұның бәрі отбасында ақша табудың ақ-қарасы туралы тәлім-тәрбиенің аздығынан болады.

Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары тұрмысы орта дең¬гейдегі ата-аналар баласына жомарттық танытатынын анық¬таған. Бір қызығы, шетелде өте бақуатты тұратын ата-аналардың біраз бөлігі балаларына ақшаны аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі баланың қалтасына ақша салу жалқау әрі масыл етеді деп есептеп, оны қалай қолданатынына көбірек көңіл бөледі екен. Тіпті өзінің алғашқы компьютерлік бағдарламасын 13 жасында жаса¬ған әйгілі миллиардер Билл Гейтс балаларына бүкіл дәулетінің 1 пайыздай ғана бөлігін қалдырғанын кезінде әлемдік БАҚ жарыса жазды. «Миллиардер болып есею мақсат емес» деп есептейтін Гейтс балаларының өз-өздерін қам¬тамасыз етуді үйренгенін қа¬лаған. Алпыс үш жастағы миллиардер байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа берген деседі. Терең ойлаған жанға үлгі боларлық ұлы іс.

Бүгінде бай-қуатты болудың жолы көбейді. Соның бірі «ГИВ» дейтін батпан құйрық. Бұл – әлеуметтік желіде ұйымдастырылатын байқау, белгілі бір аудиториясы бар макро немесе микроблогердің өз оқырмандарына бағалы сыйлық үйлестіруі. Әлбетте, өзіндік шарттары бар (жүзден астам демеушіге тіркел, лүпіл бас, пікір жаз т.б.) Сәйкесінше бұдан үмітті жандар да аз емес. Халық кәдімгедей иланып, көрсетілген талапты орындайды. Үлкен мен орта буын белсенділік танытып, қызығатын кішкентайларымыз да баршылық. Тіпті бала-шағасымен бақтарын сынап, баспана мен көлікке ие болып жатқандары да бар. Иә, мұндай тосын сыйлықты ешкім жек көрмейді. Өткізген әр инстаграм-байқауынан блогерлер қауымы да байып қалады. Сөйтіп, барды киіп, ең тәттіні жеп және оны камераға түсіріп жүргендерін көрген өскелең ұрпақ соларға сөзсіз қызығады, еліктейді. Міне, бұл кезде куә болып отырған ұл-қыздарыңыздың ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге жаны құмар болмауына кім кепіл?! Осы сәтте бала санасында ақша туралы теріс ұғым туындамауы үшін ата-анаға зор жауапкершілік жүктеледі.

Әңгіменің әуелгі бөлігінде айтылған заманауи мамандықтардың жаманы жоқ. Әркім өз несібесін түрлі саладан табады. Инстаграм арқылы орын алып жатқан талай игі істерді де көз көріп, құлақ естіп жүр. Бірақ бұл бағытқа баланы піспеген шағынан баулу – бұрыс әрекет. Балалық шақ әдемі ойыншықтармен өтсе, жеткіншек пен жасөспірімдік кезеңнің сәні – алуан қызықты кітаптар. Бос уақыт тиімді өтіп, бала арзан дүниенің ажарына қызықпай, артына түспеуі керек. Оңы мен солын таныған кейін де әлеуметтік желіден орнын тауып, өз ісін де дөңгелете жатады. Ең бастысы, еңбектің қадірін түсіндіру, әр теңгенің берекесін білдіру, әйтпесе әй дейтін әжесі жоқ жан оңай олжаға құнығып кете барады. Ал артық ақша бала психологиясын бұзатыны белгілі.

Қазіргі кезде қазақ психологтары бала өзіндегі ақ¬шаның қалай, қайдан келгенін түсінуі тиіс екенін айтады. Қанша ақша жұмсай¬тыны содан кейінгі мәселе. Кез келген жеткіншек 7-8 жасқа жетіп, ақылы кіре бастағанда отбасындағы қаражатқа алаң¬дай бастайтын көрінеді. Осы шақтан бастап оны әрдайым отбасындағы кіріс-шығыс мөлшерінен хабар¬дар етіп отыру керектігін алға тартады. Баланың кө¬зінше коммуналдық қызмет ақысы мен азық-түлік және киім-кешектің бағасын үнемі айтып отырған абзал. Сол кезде отбасының кішкентай мүшелері үй ішіндегі әлеуметтік жағдайға ата-ананың көзімен қарап, қажеттілігін соған қарай өлшейтін болады. Ал бағыңыз жанып, кездейсоқ ұтыс жеңімпазы болып жатсаңыз, оның мәнісін де балаға түсіндіру керек. Ең бастысы, сізден өрбіген ұрпақ еңбексіз келетін қаржыға қызықпауы тиіс.

Қорыта айтқанда, «Менің балам өскенде бай болады» деген сөздің жанына «Байлығына еңбегі сай болады» деп қоса жүрген жөн. Адал іс адамдық пен абырой биігінен түсірмейді, ал оңай олжаның соңы қашан да орға жығады. Әрі сүйсіндіретін, әрі сиындыратын еңбектің жемісін еңселі көргенге, ол лайықты әрекетіңді ұрпағыңа қайталата алғанға не жетсін?!
Наверх