Мазмұны жаңарған білім...

Гүлжан Абайқызы
Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет деген ағартушы, ғалым Шоқан Уәлиханов. Иә, тәуелсіздік қазаққа тәңір берген сый болса, білім-ілім сол егемен елдің маңдайын біткен құндылығы. Ал білім-ғылым құндылығы уақыт өктен сайын жаңарады, тарих тегершігімен дәуір көшіне ілесіп өзгереді, дамиды, қанатын кеңге жаяды.
ХХI ғасыр – білімділер ғасыры. Жаңалыққа құштар, жаңашылдықты дәріптей отырып, өркениетке ұмтылған бүгінгі ұрпақтың білім айдынына құлаш сермеуі әрине қуантады. Рас тәуелсіздік алғалы білім саласы сан алуан реформаны басынан өткерді. Олардың ішінде білім сапасының құлдырауына әкеп соқтырған бағдарлама да аз болған жоқ. Алайда білім - теңіз, мектеп - кеме талай кедергіден өтіп, бүгінде еліміздің білім көкжиегі жаңашылдыққа бет бұрды. Ұлттық құндылықтар мен өркениеттің озық үлгілерін кіріктіре отырып, жаңа арнаға түсті. Нақтырақ айтсақ, 2006 жылы елімізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ашыла бастады. НЗМ жанынан құрылған «Білім беру бағдарламалары орталығының» қолға алуымен алдымен сол жаңа ашылған НЗМ мектептері үшін NIS-Programme бағдарламасы жасалды. Бүгінде еліміздің әр өңіріндегі «Назарбаев зияткерлік мектептері» осы бағдарламамен жаңаша білім алуда. Ал 2011 жылғы 18 сәуірдегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасының «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін кеңінен қолдану туралы тапсырмасына сәйкес НЗМ ДББҰ талдау жүргізуде және бірнеше жыл бойғы үздік халықаралық тәжірибе мен практиканы енгізе отырып, білім беру саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтауға және оны Қазақстанның білім беру жүйесіне жүйелі түрде аудару үшін мұғалімдердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру бағдарламасына «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» жасақталған жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасының тұжырымдамалық тәсілдерін қабылдады. Басында айтып өткендей бұл тәсілдер Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқу бағдарламаларына енгізілген. Осы бағдарламаны әзірлеуде «Білім беру бағдарламалар орталығының» жұмысы мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі кеңінен қолданылды. Нәтижесінде білім берудің инновациялық моделіне апробациялау жүргізетін эксперименттік алаң пайда болды.

«Білім ырыстың қазығы» демекші жүйелі жасалған жұмыс уақыт өте өз жемісін беріп келеді. Ахмет Байтұрсыновтың «Қоғамда өзгерісті қаласаң, ол үшін өзіңнен баста» дегені өте дұрыс айтылған пікір. Өйткені қазір кез келген мұғалім ғана, емес қоғамның өзі де өзгеріссіз қалу қауіпті екенін түсінді. Көз ілеспес жыламдықпен ақпарат толқыны тез өзгеріске түсіп үлгереді. Жаңартылған білім мазмұны дер кезінде білім реформасына келген бірегей бағдарлама дейді мамандар.

Мысалы өзгесін айтпағанда 10-11 сыныптарды жаңа мазмұнда оқыту жоғары оқу орындарына түсу үшін академиялық дайындауға және олардың өз бетінше оқып, тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған. Негізінен оқушыларды академиялық дайындау - түбегейлі білім беруді күшейту арқылы қамтамасыз етіледі. Мұндай бағдарламаның жасақталуына үлес қосқан «Білім беру бағдарламалар орталығының» жұмыс тобының жан кешті еңбегі бар. Әр сыныптың жас ерекшелігіне сай сондай-ақ заманауи талаптарды ескере отырып, бағдарлама жасақтау терең білім мен зор еңбекті қажет етеді. Елімізде қалыптасып келе жатқан инновациялық экономика қай салада болса да, бүгінгі маманның құзыреттілігін, яғни өз саласы бойынша ой-пікірінің қалыптасуын, кәсібилігін, өмірдің қандай жағдайына да бейімділігін, оған сай өз білімін пайдалану ғана емес, оны қажеттілікке қарай толықтырып отыруды талап етеді. Жаңартылған білім мазмұны осындай мүмкіндіктерді ескере отырып жасалған болатын. Жаңартылған білім беру мазмұны шеңберінде мұғалімдердің білімдерін жетілдіре отырып, оқытудың белсенді тәсілдерімен қатар қалай оқу керек, қалай оқыту керек деген сұрақтардың әдістерін меңгерді. Бұл- өте тиімді әрі қажетті әдістеме. Оқушыны сыни ойлауға, тілдік дағдыларды тереңірек меңгеруге үйретіп, жас ерекшеліктеріне қарай қалай оқу керектігін үйлестіру, оқу жетістігіне қарай дамуға қолдау көрсету сияқты оқушы мен мұғалім арасындағы жылы қатынас, тіпті достық байланыстың тиімді жолы. Сондықтан бұл жерде әрбір жасалған қадамның түбінде тереңдетілген білім беру қағдидаты қарастырылған. Әрине осы тұста тағы да «Білім беру бағдарламалары орталығы» шығармашылық ұжымының ерен еңбегін айта кеткен орынды.

Сапалы оқулықтан саналы ұрпаққа дейін
Білім беру стандарттарына сай мектеп оқулықтарының жаңартылуы заңдылық. «Білім беру бағдарламалары орталығы» жаңа мазмұнға сай оқулықтар дайындап шығаруда да орасан зор іс атқарды. Әрине, қандай эксперименттің болмасын тәжірибе кезеңінде мықты және әлсіз тұстары анықталып, жақсарту үшін қайта түзетулер енгізіліп өңделіп отырады. Сондықтан оқулықтар мазмұны әлі де сыналып келеді. Қазірдің өзінде бұл мәселе қоғамның жіті назарында. Дегенмен, әлемдегі өзгеріс бір бағытта ғана болмайтынын ескерсек, білім беру жүйесіндегі бұл өзгеріс дәл уақытында жүріп жатқан, дер кезінде қолға алынған деуге болады. Мәселен бір ғана «Жаратылыстану» оқулығын алып қарасақ, баланы қоршаған ортаны танудан ғылымға жетелейтін даңғыл жол іспетті. Бұл оқулық 2015 жылы мектеп бағдарламасының бастауыш сыныптарына енгізілген. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының директоры Жанар Әбілдинаның айтуынша «Жаратылыстану» пәні бағдарламасы оқушылардың психологиялық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес әзірленген. Оқулық «Мен – зерттеушімін», «Тірі табиғат», «Заттар мен олардың қасиеттері», «Жер және Ғарыш», «Табиғат физикасы» сияқты бес бөлімнен тұрады. Қоғамдағы құндылықтар мен олардың қасиеттері туралы баланың оқулықтан оқып біліп өскені маңызды. Сол арқылы оқушының жан дүниесінде өз біліміне деген құрмет, жауаптылық, сенімділік, жасампаздық қасиеттері қалыптасады. Ендеше құндылыққа негізделген білім дегеніміз осы емес пе? Бұл пәнді меңгеру арқылы бастауышта алған білімдерін жоғары сыныпқа барғанда «Физика», «Химия», «Биология» пәндерін игерулеріне жақсы дайындық болады дейді мамандар. Ал мазмұны өзгертілген «Дүниетану» пәні қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша білімнің іргетасын қалайды. Бала бойында патриоттық шынайы сезім, адами құндылықтар мен қарым-қатынастың мәдени әрі өркениетті дағдыларын қалыптастыруда маңызы зор. Бір кездері қазағымның көгіне өрмелеп шығып күн болам деген бабалардың ұрпағы міне бүгінде өркениетпен иық тірестірді. Жаңашылдыққа ұмтыла отырып білім мен тәрбиенің сабақтастығын сақтау, білімді тұлғаны қалыптастыру, оның рухани, адамгершілік және интеллектуалды дамуын қамтамасыз ету - жаңа білім бағдарламасының негізгі өзегі.

Уақыт тудырған «Onlin Mektep»
Мектеп- тектіліктің, білім мен тәрбиенің іргетасы. Алайда коронавирус қаупі төнгелі оқушылар мектептен қол үзіп қалды. Бір жылдан бері алдымен онлайн одан соң оффлайн, індеттің өршуіне байланысты қайтадан онлайнға көшуге тура келді. Қауіпті вирустың салдарынан дүние жүзіндегі білім алушылардың басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындары да жаппай қашықтан оқыту форматына көшкен еді. Осы орайда, мектеп оқушылары үшін «Online Mektep» жобасы қашықтан оқудың негізгі алаңына айналды. Пандемия кезінде төтенше жағдайларды ескере отырып, «Online Mektep» жобасы жасақталып, мамандар күн-түні ұшан теңіз еңбек етті. «Online Mektep» жобасына жетекшілік ектен «Білім беру бағдарламалары орталығының» мамандары үйлестіру және тәжірибелік жұмыстарын қадағаласа, ал сабақтарды НЗМ-нің алдыңғы қатарлы мұғалімдері құрастырды. Біріккен еңбек жемісін берді. Онлайн мектеп оқу жоспарына сәйкес 1-11 сыныптардан бастап барлық пәндерге арналған сандық білім мазмұнын қамтыды. Сөйтіп жобаға 500-ден астам мұғалім-әзірлеушілер қатысты. Олардың қатарында НЗМ-мен қоса еліміздің орта мектептерінің мұғалімдері бар. Платформаның идеясы - әр сабақ үшін теориялық материал конспект, сызба, интеллект карталары түрінде жасалды және сабақтың практикалық бөлігі деңгейлік тапсырмалар түрінде ұсынылды. I және III тоқсанға 18 406 сабақ жасалса, IV тоқсанға арналған сабақтарды әзірлеу де тыңғылықты аяқталды.

Алайда «Білім беру бағдарламалары орталығының» мамандарына жүктелер жүк әлі көп екені рас. Ұрпақтың сапалы әрі жан-жақты білімге ие болу үшін игілікті істер көп, өйткені білім - тірі организм, білім - мәңгілік рухани азық. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі де білімге байланысты. Сіз не ойлайсыз?
Наверх