Ұлттық киім – ұлттық мәдениеттің көрінісі

Айгүл Әбдірахманова
Ұлттық мәдениет деген ұлттың жаратылысы мен жаны, тілі мен ділі, діні мен дәстүрі. Керек десеңіз ұлттық салт-дәстүр де, ұлттық киім де осы мәдениеттің көрінісі болып табылады. Ендеше, біз халқымыздың ұлттық мәдениетін сақтап, дәстүрін дәріптеп жүрміз бе? Қазақтың ұлттық киімдері тек Наурыз мерекесінде ғана ойға оралатыны қалай? Ой толғайық.

«... Осы самарқаулықты өзбек сыншы бұзды.

– Біз көп сөйлей алмаймыз. Әдебиет сыны көп сөзбен жасалмайды ғой. Біз, қадірлі грузин бауырлар, сіздердің ыстық ықыластарыңызға тәнтіміз. «Әрі ризашылығымыздың, әрі сыйластығымыздың белгісі болсын» деп әкелген өзбек тақиямыз бар еді, соны қала мен аудан басшыларына сыйлауға рұқсат етіңіздер. Ал осы залда отырған грузин бауырларымыздың бәріне де бір-бір тақия кигізер едік, бірақ тиеп әкелер арнаулы көлігіміз болмады, оған ренжімеңіздер. Өздеріңіз бәріңіз де Ташкентке келіңіздер, тақиямыз ғана емес, шапанымыз да әзір! – деп қалтасынан екі ала тақияны алып шыққанда залдағылар орындарынан ұшып тұрып қол соқты. – Ғаба-аға, елдікті танытуға екі тақия да жетті-ау! Біз сегіз қазақ болып келгенімізге мәз екенбіз ғой! – деп қалды Сағат. Жауап қатпадым – жерге қарап тұрғанмын...» (Ғ.Қабышев, «Күлкіңді жүрмін сағынып...»). Бұл – сыншы Сағат Әшімбаев жайлы естеліктен...

Ешқандай Грузияға бармай-ақ, Германияға жиналмай-ақ осы ой менің жанымды жегі құрттай жеген, жеп жүр десем, артық айтқандық емес. Иә, мен Грузияға да, Германияға да сапарламадым. Бірақ осыдан бір жыл бұрын бір сүйкімді бауырыма ұлттық киім іздеп Алматының дүкені мен базарларын аралап табаным таусылған. Таппадым. Таппадым емес, тапқаным көңілімнен шықпаған. Базардағысы – қалай болса солай, ақшыл түсінің өзі жаға-жеңіне қатты етіп арзанқол матанының үстіне жылтыраған бірдене қабаттап, бала кигенге ебедейсіз етіп тігілген... Оюы олпы-солпы. Дүкендегісі де (анау-мынау емес, «Сымбаттың») оңып тұрған жоқ, түсі – қаражасыл, қаракөк, қаракүрең... Оны тәй-тәйлап алғашқы қадамын басқалы тұрған сәбиге не деп кигізбекпін, қалай кимек? Ал бағасы – удай!

– Балаға жарқыраған ашық түс кигізбей ме... Мына қара түсті ұлттық киімді, кешіріңіз... Қүйеуі өлген келіншектің өзі, қанша жерден қара жамылып отырса да, кие қоймас. – Осылай тарс ете қалдым сызылған сатушыға... Енді қайтем, табанымнан таусылып қаңғығанымнан түк шықпады. Ертең жол жүрем, «ала салам ғой» деп ойлағам... – Арнайы тапсырыс берсеңізші. Өзіңіз қалаған матадан тігіп береді, – деп «ақыл айтқан» сатушыға: – Мына қара киімді бастығыңыз немересіне кигізіп көрсінші алдымен, тұтынушы тап солай айтты деңіз, менің сәлемімді жеткізіңіз солай... – деген күйі шығып кеттім. Мұндайын білгенде тапсырыстың көкесін берер едім ғой. Міне, біздің қазақтығымыз! Кейіннен тымақ сыйлағым келді. Тымақ болғанда да бір кездері Алматының жұртының назарын өзіне аударған Ержан (Момышұлы) ағамдікі сияқты ұлттық тымақ! Бірақ... – «Балаға тікпейміз», «бізде терілердің өлшемдері бірдей, «үлкенге», «балаға» деп бөлінбейді, біреуін бірақ сатып алуыңыз керек. – Оның (терінің) қалған қалдығын не істеймін сонда? – Оны өзіңіз білесіз. Қажеті болмаса, тастап кетесіз.

Бұл – өзім кездейсоқ жолықтырып қалған ұлттық киім тігетін аты дардай тағы бір фирманың баскиім тігіншісінің айтқан сөзі. Міне, бізде солай. Біздің қазақ болғысы келетін, ұлттық киім, ұлттық әшекей, ұлттық бұйым мен мүлікті тұтынғысы келетін қарапайым қазақтың оны алып киюге де, тағуға да, тұтынуға да қалтасы көтермейді. Тым қымбат. Ал қалтасы қалың бай-байшікешке ұлттық дүниенің құны көк тиын. Олар біздей «отсталый» болғысы келмейді, әлдеқашан жаһанданған. Ой, тоба-ай, ұл баланың ұлттық киімдерінің суреті де жоқ екен ғой мына ғаламторда.

«Кеңес Одағының кезінде мына Ташкентте өзбектің қарапайым ұлттық тақиясы 30 тиын еді. Дүкенде толып тұратын. Ал алтын-күміс жіптермен әшекейленіп тігілген кереметтерінің бағасы бар болғаны – 3 сом. Шапаны да сондай. Арзан. Тү-у-у, қыз-келіншектері киетін атластан тігілген көйлектері қандай! Базарларында да, дүкендерінде де самсап тұр. Арзан өзі, ал да кие бер. Көздің жауын алатын ұлттық киімдерін кез келген өзбегің ала алады, бар болған соң, қолы жеткен соң үнемі киеді де. Қонағын да қарық қылады. Мен сол барғанымда қаншама тақиясын алып келіп осындағыларға базарлыққа таратқам. Ал екі шапаны әлі бар. Ағаң үйге киетін. Қазір Ержан ағаң киіп жүр. Олардың шапандарының алды арнайы қаусырылып тігілген, күнделікті киюге ыңғайлы. Қыз-келіншектерінің атлас көйлектері де солай. Сол үшін де ағаң ваннадан шыққанда, балконға шыққанда киетін еді, әсіресе анабір жылдары жылу дұрыс берілмеді ғой, сол кезде үй салқын болып, үстінен тастамай киді». Бұл Зейнеп апамның айтқаны. Ары қарай: – Неге бізде бәрі керісінше? Неге біз ұлттық құндылықты, ұлттық ерекшелікті ұлықтап, бірінші орынға шығара алмай келеміз? Өйткені біз оған тек ақша деп қараймыз. Кез келген қазақ әдемі әшекей, әдемі ыдыс, әдемі затты – ұлттық дүниемізді ала ала ма? Жоқ! Сайтан алғыр, бағасын удай қылып сатқанша... Ол кімге керек? Көрмеге? Оны тұтына алмасаң, пайдалануға мүмкіндігің болмаса...

Апамның не айтпақ болғанын, не айтқысы келгенін өзім түсіндім, өзіме түсінікті. – О-о-ой, апа, менің үйімде керек десеңіз қамшы жоқ! Қаншама жақсы көретін жандарыма күмістелген тобылғы сапты қамшыны сыйладым. Өзімде жоқ. «Өзіме де алуым керек» деп жүргеніме... – Көрдің бе! Негізі ұлттық дүние арзан болуы керек. «Сапалысы ғана сондай қымбат, қолөнер болған соң солай болғаны – заңдылық», – деп дауласар, бәлкім, біреулер. Бірақ оның көзіңді ғана тойдырып, қызықтырып тұрғанынан ұлтқа пайдасы бар ма?

Иә, апам дұрыс айтады. Кімге керек сөреде шаң басып тұрған ұлттық құндылық? Ұлттық киімді тек сахнаға арнап тігіп, дүкеніңді самсатып қойғаннан ұлтқа пайда бар ма? Жоқ. Болмайды да. Мен арзан-құрзан матадан тігілген, оюы әлем-жәлем қара базарда сатылатын ұлттық камзолды кигім келмейді. Ал өзіме ұнайтыны... Оны алам деп жүргеніме... «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» болайын деп тұр. Сіз ше?

Кез келген қарапайым қазақ, дала қазағы, кеудесінде «ұлтым» деп соққан жүрегі бар қазақ, желкілдеп өсіп келе жатқан қазақ қыз-жігіттері менімен жүз пайыз келіседі. Келіскенде қандай!? Ішім сезеді өйткені. – Менің бергендерімді таратпа. Мата, орамал болса да, сақта, кейін керек болады, жаным! Иә, апам әр жолы бірдеңе беріп жатады. Шыны керек, қаншама орамалды үйге кеп жататын қыздарға ырымдап беріп жібердім. Тезірек тұрмыс құрсын деп, апам сияқты керемет келін болсын деп. Бірақ кейінгі кезде ол кісі өзінің маған деп берген сыйлықтарын сақтауымды сұрайды. «Бір тал балаңның тойына сақта» дегенді жиі естимін. Айтпақшы, менің құлыным да үйленетін жасқа жетіп, жігіт болыпты. Тіпті болашақ жары екеуіне деп арнайы шай жабдығын да сыйлаған апама бір жолы: – Апа, менде сандық жоқ. Осы жолы қайтсем де сандық алуым керек, – дедім. Тіпті ырымдап сандыққа тиын жинап жүргенімді де жасырғам жоқ. – Оның дұрыс екен. Сен білесің бе сандығың болмаса, дүниең жиналмайды... – Жымия қарап айтқан сөзін аса түсіне қоймадым. – Қалай сонда? Неге? – Сандыққа бір түскен зат оңайлықпен шыға бермейді. Солай ғой. Сандықты беталбаты аша бермейсің өйткені.

Шынымен, оған жаңа, жақсы заттарыңды саласың, оның үстіне. Үстінде көрпе-төсегің жиналып тұрса, қонағың кеп жатқанда еңкейіп ішін қарап ақтармайсың да ғой. Ал шифоньерге жиғаның шашылмай қайтсін?! Мейлі, ол да – жақсылыққа! Бірақ апамның сөзінің жаны бар, алдымен тойға деп, сосын ақиретіме деп дүниесін шашып тарату үшін жинап келген, жинай білген қазақ әйелінің жалғасымын. Ендеше, ниетім де оң ғой. Қош делік! Базардағы ішіне түсқағаз жапсыра салған арзан сандық ұнамады. Ал ұнағаны ең арзаны көлеміне байланысты 100 мың теңгеден кем емес. Қалай ойлайсыз, соғымсыз қыстан шыққысы келмейтін қазақ үшін үстіне ақша қосып соғымын алғаны тиімді ме, әлде сандық па? Арманым көз алдымнан бұлбұл ұшты деп те, тілемсектеніп бірдеңе сұрап та отырғам жоқ, бас аман болса, сандық та алынар (осы әңгімеден соң көп өтпей-ақ көңілімдегідей сандықты алдым).

Басқа жаққа бармайын, әңгіме ұлттық құндылық еді ғой. Таяуда ғана Германиядағы құрылтайға барған танысым жол жүрер алдында кәдесый іздеп қиналды. Кереметі, сапалысы – қымбат, ал арзанын қырғыз ағайын қаптатып тастаған, не дұрыстап жасалмаған, не боялмаған. Ойқы-шойқы... Бірақ мен қырғыздарға түк ренжімеймін, намыстанса, біздің қазақ қолөнершілері намыстансын. Кімнің қалай түсінетінінде де шаруам жоқ. «Ой, мама, қымбат ағаштан жасалғандықтан солай, еменнен жасалған», – дейтіннің бірі алысқа бармай-ақ өз үйімде тұрады. Өз балам! Бірақ осы кәсіптің соңынан кетіп, кейін жеке шеберхана ашар болса, алдымен баламнан талап етерім не екенін іштеріңіз сезіп те отырған болар.Құдай амандығын берсін. Құрқылтайдың ұясындай пәтерімнің айналдырған бір бөлмесін «қазақтың киіз үйіндей қылып жасасам, ұл да ұлтының кім екенін біліп өседі әрі ешкімдікіне ұқсамайтын ерекше болады, бастысы, бір тал балам қанша жерден қалалық болса да, тамырынан айырылмайды» деп армандағам. Ұл көрмесе де, немере құр қалмас, ол да – алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Ниет түзу, пейіл де орнында, тек ықыласымды ырыстан кенде етпегей!

Қазақтың маңдайына біткен жалғыз ұлттық мейрам Наурызда қазан көтеріп, ағаштан жасалған оюлы астауға ет салып, алдына тартқанда «қонағым – асқа, өзім көңілге семірсем» деп жүрген қазақ әйелінің бірімін. Ал ұлттық бұйымды бойында ұлттық қаны шапшып тұрған қыр қазағы жасамаса... Кей құрғырлар заттарын тек көздің жауын алатындай етіп ақша үшін жасайды екен. Немен боялып сырланғаны белгісіз ондай астауды ала салуға болмайтынын да апамнан естігем. Тағы да сол – бағасы кез келген қазақтың қалтасы көтеретіндей емес, қымбат әрі ыстық ас салғанда бояуы «езіліп» уланып қалмайтыныма да кім кепіл? Неге қазақтың өзі ұлттық дүниесін еркін тұтына алмайды, неге ұлттық киімі тым қымбат? Ұлттық қадір-қасиетті кім қалай түсініп жүр өзі?

Наверх