Есірткі саудасы тиылмай тұр

Серік Алдан
Бүгінгі күні азаматтарымыздың есірткі заттарын қолдануының шегі азаймай тұр. Астыртын түрдегі есірткі саудасы әсіресе жастар арасында кеңінен тараған. Бұған көз жеткізу үшін құқық қоғау органдарының жыл қорытындысына назар салсаңыз жетіп жатыр.

Жыл басы есеп беру және қорытынды жасаумен басталатыны белгілі. Бұл кезде өзекті мәселелер де айқындалып, көзге ұрып тұрады.

Өткен жыл қорытындысына зер салсақ, бірқатар қиын жағдайлардың қатарында есірткі айналымы ноқта салдырмай келеді. Бұл індетке қарсы күрес жүргізілгенімен қылмыс азаймай, керісінше өсіп жатыр. Есірткі айналымы мен оның жарнамасы ашық түрде жасалатын болды.

2020 жылдың қарашасына дейінгі он айда есірткі айналымының екі мыңға тарта қылмысы анықталған. Тәркіленгені 22,5 тоннаға жетті. Құқық қорғау органдары дабыл қаға бастады. Себебі орасан үлкен көрсеткіш.

Таратылған мәліметке сенсек, әсіресе синтетикалық есіркі саудасы қызу жүреді екен. 2020 жылы синтетикалық есірткінің 90 келісі тәркіленген. Ал оның бір граммы он бес мың теңге тұрады. Сонда 90 келіңіздің құны бір миллиард үш жүз елу миллион теңге жетіп жығылады.

Есірткінің кең тараған түрі – мефедрон. Мефедрон өзінің таралымы бойынша Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь аумақтарында бірінші орында тұр. Қазақстанның өзінде бес айда мефедронның саудасы 20 мың рет жасалған. Елімізде 2020 жылы есірткі саудасымен күдікке ілінген 850 сайт бұғатталған. Осындай аясыз күреске қарамай есірткіні пайдаланушылар мен таратушылардың қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Есірткі айналымы Қазақстанда үлкен проблемаға айналды. Әрине, есірткі саудасы өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндірері сөзсіз.

Құқық қорғау органдарының дабыл қағатын себебі – республикалық СПИД орталығы синтетикалық есірткі қолданушылардың саны соңғы екі жылда бірден екі есеге артып кеткенін жариялап отыр. Мефедрон – ақ ұнтаққа ұқсас есірткі, оны ішеді немесе тамырға егеді.

Ең бір әттеген-айы, есірткі саудасын жарнамалаушы сайттар баннерлерде көрсетіліп насихатталып жатыр. Ондай сайттарды жастар жақсы біліп алған. Бүгінде кез келген жасөспірімнің смартфонынан есірткі сататын сайтқа өтетін QR-кодтың сканерін табуға болады. Алматы метросында сондай сайтқа өтетін QR-код көрсетілген плакат бір ай бойы ілулі тұрған. Ата-аналар оны түсінбегендіктен назар салмайды, ал ары-бері өткен жастар смартфонына енгізіп ала қояды.

2020 жылы әлеуметтік желілерде жанжал болды. Өйткені Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен қалаларының көшелерінде орнатылған баннерлерде QR-кодтар мен есірткі саудасына алып баратын сайттардың аттары көрсетілген еді. Сайттарға енген жастар сыйлық ұтып алады және есірткіні төмен бағаға сатып алуға шақырылады.

Құқық қорғау органдары есірткіні таратумен айналысатын сайттардың QR-кодын жарнамалаушыны, ондай баннерлерге тапсырыс берушіні, оның сенімді өкілдерін, Алматыдағы дайындаушы фирманы, билбордтарды орнатқан заңды тұлғаларды анықтады. Бірақ есіткі саудасы онымен тоқтаған жоқ. Жұрт көбірек шоғырланатын жерлерде, арбаттарда және жаяу жүргіншілер жүретін жол жиектерінде есірткі саудасы астыртын түрде жүріп жатады. Ал әлеуметтік желілерде сауда емін-еркін жүргізетін болды.

2020 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне есірткі заттарды жарнамалау мен насихаттауға байланысты жаңа бап енгізілді. Жаңа бап бойынша есірткіні жарнамалаған адам үш жыл мен алты жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Өткен жылдың басында 10 адам жаңа баппен сотталды.

Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстанда 100 мың адамға 125 есірткіге тәуелді адамнан келеді екен. Бұл 22 мың адам есірткісіз өмір сүре алмайды деген сөз. Бір адам жылына есірткі сатып алуға шамамен бір миллион төрт жүз мың теңге қаражат жұмсайды. Тек қана синтетикалық есірткі сатып алуға Қазақстан тұрғындары жыл бойына 12 миллиард үш жүз жиырма миллион теңге жұмсаған.

2020 жылы Алматыда синтетикалық есірткі жасайтын үш жасырын лаборатория анықталып, жабылды. Құқық қорғау органдары мұның еліміздің тарихында болған ең үлкен есірткі лабораториялары екенін айтады. Есірткіні биткоинға сатып отырған. Лабораторияларды және ұсталғандардың мәшинелері мен пәтерлерін тексергенде сатуға дайын күйіндегі кристалданған мефедронның елу бес келісі табылған. Оған қоса ірі сомада шетел валюталары мен отты қарулар тәркіленген. Тәркіленген мефедронның 1,5 миллиард теңге болған.

Есірткі ошақтарының тәркіленгені, лабораториялардың жабылғаны туралы ақпараттар жарияланып жатады. Есірткіні таратушы сайттардың бұғатталуы да жиі болады. 2020 жылы жылы 5 мың есірткі тарату ресурсы жабылған. Дегенмен есірткі саудасы мен айналымы проблемасы өзекті күйінде қалып отыр.

Қазақстан үкіметінің тізімінде есірткінің 368 түрі бар екен. Соның 89-ы жақында есірткінің жаңа түрі ретінде тізімге қосылған.

Қазақстанда кез келген тыйым салынған заттармен әрекеттес болған адам қылмыстық құқық бұзушы деп танылады және Қылмыстың кодекс аясында жазаланады. Тыйым салынған затты сақтау мен сатудың он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Ал есірткіні оқу орындарында таратқан адам жиырма жылға немесе өмір бойына қамалады.

Көріп отырғанымыздай, құқық қорғау органдары бекерге шырылдап жатқан жоқ. Жастарды есірткі пайдалануға тартатын қылмыскерлердің әрекетін тоқтатпасақ, ертеңіміздің не боларын көз алдымызға келтірудің өзі қиын. Есірткі жарнамасы мен саудасын тиюға барша халық болып кіріссек де артықтық етпейді. Себебі есірткі тасымалы мен саудасы, оның өндірісі мен таратылуы әбден жүйеге қойылған халықаралық қылмысты бизнес. Оған қарсы күресті күшейткен сайын жарнамасы мен таратылуы өршелене түседі. Ал халық болып бірігіп күрессек, жастарды есірткі атаулыдан қақпайлап ұстасақ, мүмкін бір нәтижесі болып та қалар. Әйтпесе есірткі таратушылар ешбір айылын жияр емес.

Жастардың болашағына балта шабатын, тағдырының ойранын шығаратын есірткі дегенді қалаларымыз бен ауылдарымызға жолатпаудың амалын істемесе қиын-ақ. Ең бастысы, өскелең ұрпаққа сана берерлік тәлім-тәрбиені ұқсатсақ есірткіге ұмтылушылар да азая бастар. Бұл өзі бей-жай қарайтын жай нәрсе емес. Сіз не дейсіз?

Наверх