Елді елеңдеткен екпе

Гүлжан Абайқызы
Дәл қазіргі таңдағы қоғамды әлемді жайлаған індетке қарсы екпе егудің жай-күйі ерекше алаңдатып отырғаны ақиқат. «Коронавирусқа қарсы қандай ем бар? Вакцинация жасау қауіпсіз бе?» деген секілді сұрақтар кез келген жанның көкейінде тұр. Ендеше, екпе жайлы ой бөлісеміз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасында халықтың КВИ-ға қарсы вакцина алуы ақпан айынан басталды. Жыл соңына дейін барлығы 6 млн адамға вакцина салынады деп жоспарланған. Оның 2 миллионын жылдың бірінші жартысында қамтымақ. Денсаулық министрлігінің осы мәліметінен кейін қоғамда екіұдай пікір көп. Жалпы екпе салу мәселесі әуелден күрделі құбылысқа айналып, ушығып тұрғаны рас.

Ал әлемдік пандемия басталғалы халық түрлі жағдайды басынан кешті. Бір жыл бұрын енді не болмақ деп терезеден сыртқа қарап алаңдаған әлем халқының ойы да, бойы бұл дертпен күресуге үйренген секілді. Алайда бір мойындайтын дүние екпесіз еш індеттің жойылуы мүмкін емес. Былтыр наурыз айынан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу жұмысы басталып кетті. Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсан айында дүние жүзінде 200-ге жуық вакцина тіркелгені жарияланған болса, соның 52-сі клиникалық сынаққа жіберілген. Бүгінде коронавирусқа қарсы үш вакцина клиникалық сынақтың ІІІ кезеңінен өткен, оның төртеуі қытайлық екпе. Осыған орай көптеген мемлекетте COVID-19-ға қарсы вакцинаны салдыруды ойласа, енді бірі жаппай вакцинация басталған кезде салуды жоспарлап отырған көрінеді. КВИ-ға қарсы вакцинацияда Ресейдің Эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Аталған вакцина өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында орналасқан. Министрліктің бекіткен жоспары бойынша елімізде вакцина бірінші кезекте науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге салынуы керек. Содан кейін мұғалімдер, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне кезең-кезеңімен егіледі екен.

Ал енді екпені салдыруды билік өзінен бастасын деп отырған ел тұрғындарының тілегі қабыл болғандай. Ақпан айының басында Мәжілістің үш депутаты коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Депутаттардан бөлек вакцинаны қала, аудан басшылары да қабылдап, желілерде жариялаған еді. Бүгінде бас қалада 5 вакциналау орны бар. Соның бірі №6 емханада орналасқан. Осы емханада тіркелген 70-ке жуық маман «Спутник V» вакцинасын алғанын мәлім етті. Енді екінші дозаны үш аптадан кейін алады. Дәрігерлердің айтуынша, екпенің жағымсыз әсері алғашқы жарты сағат пен үш күн аралығында айқын байқалады. Бас ауруы, дене қызуының көтерілуі жиілесе, науқастарға симптомды ем қолданылады екен. Вакцинаның кері әсері байқалған жағдайда науқас бірден бақылауға алынып, ауруханаға жатқызылады. Бұл – талап. Әзірге мұндай шағыммен келгендер тіркелмепті.

Ал енді «Спутник V» вакцинасын Қазақстанда өндіруге еш кедергі жоқ дейді ресейлік ғалымдар. Өйткені екі елде өндірілген вакцинаның айырмашылығы көп емес. Негізі коронавирусқа қарсы антиденелердің түзілуі қиын. Сондықтан, иммундық жауаптың қалыптасуында ауытқулар болуы мүмкін. Бірақ вакцина Қазақстанға сәтті тасымалданды. Тиісті жабдықтар да дер кезінде дайындалған. сондай-ақ ғалымдар «Спутник V»-дің тиімділігі 91 процентті көрсеткенін айтады. «Қазақстан «Спутник V» вакцинасына қатысты дұрыс стратегиялық шешім қабылдады», - деп санайды Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы директорының орынбасары Денис Логунов. «Сонымен қатар тиісті технологияны қолданып, вакцинаны кез келген елде шығаруға болады», - дейді ғалым. Ол үшін білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың болуы да аса маңызды. Ал, Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар екеніне сенім артып отыр.

Сондай-ақ «Спутник V» вакцинасын өндіруге Беларусь, Үндістан, Қытай, Корея елдерінен өтініш келіп түскен. Ұзын саны 16 мемлекет осы екпені қолдана бастады. Оны 20 градус төмен температурада 8 айға дейін сақтауға болады екен. Ал Еуропа елдеріндегі екпе салу нәтижесіне келсек, АҚШ пен Ұлыбританияда жаппай вакциналаудың арқасында індеттің таралуы саябырлайды деп үмітттеніп отыр. Ал халқының тек 2,5 проценті егілген Францияда мұндай нәтиже жуық арада бола қоймауы мүмкін. Өйткені Еуропада вакциналау шарасы ең баяу жүріп жатқан ел – Франция. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытқа дейін дертке қарсы екпені 65 миллион тұрғынның 1 жарым миллионы ғана салдырған. Кей болжамға қарағанда жергілікті халық отандық вакцинаның шығуын күтіп отыр екен.
Елімізде екпелерден бас тартудың алдын алу мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тарапынан көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатқаны да белгілі. Егудің тиімділігі және бас тартқан жағдайда әсері туралы халық арасында түсіндірме жұмыстары әбден керек-ақ. Өйткені «Вакцина салдырсам, денсаулығыма қауіп болмай ма? Салдырмасам вирустың құрығына ілінемін бе?» деген күдікті ойлар кім-кімнің де жанын мазалайтыны рас.

Ал енді вакцина салдыру мәселесіне діндарлардың да көзқарасы екіге жарылған. Дегенмен дін қызметкерлері және ұстаздары адамдарды әрдайым вакцина салдыру науқандарына қатысуға және бұл вакцина салдыру «харам» деген пәтуалармен күресуге кеңес береді. Өйткені ем қабылдаудың дінімізге еш терістігі жоқ екені және ислам науқастанған адамды ем іздеуге шақыратыны әмбеге аян. Негізінде вакцина салудың ислам құқығында ешқандай шектеулердің болмағанын және әр адам егілуі міндетті екенін растайды. Оның үстіне дәл бүгінгідей қауіпті індеттен қорғанудың ең тиімді жолы екпе салу екенін дәрігерлер күн-түні дәлелдеп бағуда. Сондықтан да ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс шығар.

Әрбір саналы азамат өзінің денсаулығын сақтаумен қатар, өзгенің де саулығына жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Денсаулығымыз сыр берсе әлемді алаңдатып отырған коронавирустың құрығына іліксек, дауа іздеп барып жүгінеріміз де ақ халаттылар. Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін адам ағзасына вакцина немесе басқа да антигендік қасиеті бар заттарды енгізу дегеніміз иммундау (вакцинация) деп аталса, вакцинация ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыру емес пе? Сақ болу да, сау болу да өз қолымызда.
Наверх