Бұзақылар көбейді

Серік Алдан
Азаматтарымыздың қылмыс жасап істі болуы ешқашан тыйылған емес. Ал қазіргі пандемия жағдайында қылмыс бұрынғыдан да арта түсті. Жұмыссыздық пен табыс көздерінің кеми түсуі әсіресе көше бұзақылығы мен обасылық зорлық-зомбылық оқиғаларын жиілетіп жіберген. Осының өзі қоғамымыздың моральдық ахуалының нашарлығын көрсетеді. Азаматтарымыздың бұзақылық әрекетке баруы неліктен тыйылмайды? Адамдарда қадір-қасиет қалмай бара жатқан заманға тап болдық па?
Әріге бармай-ақ, сәуір айының алғашқы онкүндігін алып қарасақ, елімізде тым сорақы бұзақылық фактілерінің неше алуан түрі орын алғанына куә боламыз.

Әлеуметтік желіде Алматы облысында тұратын әйел адамның жантүршігерлік бейнебаяны пайда болды. Бет әлпетінде ұрып-соғудың ізі бар әйел азаматтық некеде болған күйеуі зәбір көрсеткенін ашына баяндайды. Күйеуі достарымен келіп, әйелді көлікке күштеп мінгізген. Салонда қамап ұстап ұрып-соққан. Әйелді елсіз жерге апарып, бас-көзден ұрып-соғуды жалғастырған, ішімдік ішуге мәжбүрлемек болған. Олар әйелді зорлаймыз деп қорқытқан және балаларыңды да, өзіңді де өртейміз деп зәре-құтын алған. Алайда зорлықшылдарды қайтар жолда полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Зәбір көрген әйел полицияға арыз берген. Таратылған ақпаратта әйел бұзақылардың әлі күнге бостандықта жүргеніне наразы екені айтылды.
Ер азаматтар осындай азғындыққа қалай барады? Бұған нарықтық қоғам кінәлі ме әлде заман кінәлі ме? Сұрақ көп, ал жауап жоқ.

Сол Алматы облысының Текелі ауылында тұратын 85 жастағы қария өзі танымайтын мас халдегі азаматтан таяқ жеген. Өз үйінің жанында жүрген қарияға тап берген адам оны ұрып-соғып, соққыға жыққан. Байқап қалған көршілері айқай-шу көтеріп, қарияны мас бұзақыдан ажыратып алған. Таяқ жеген қария ауруханаға түсті, ал бұзақыны полиция қызметкерлері құрықтады. Қарияны соққыға жыққан 34 жастағы азамат екен. Таяқ жеген қария оны суретінен таныды, ал бұзақы өз қылмысын мойындады. Қарияны ешбір себепсіз ұрып-соққан.

Петропавлда 49 жастағы азамат 19 жастағы қызды аңдып жүріп, оңаша кездестіргесін пышақпен қорқытқан. Азғынның қорғансыз күйдегі қызды зорламақ болған арам ниеті жүзеге аспады. Қыз қарсылық көрсеткен әрі көршілері байқап қалып айқай-шу көтергесін әлгі адам бой тасалап кеткен. Қызға пышақпен шабуыл жасаған адамның бұрын бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Ол ұсталып қамауға алынды.

Әйел адамды, қарияны жәбірлеп ұрып-соғу деген ата-бабамызда болмаған жат әдет қазақтың ортасында қайдан пайда болды? Осы күнгі шет елдердің мән-мағынасы жоқ кинолары мен өз еліміздің арзан шоуларын көрген адамдарымыз мақсат-мұратсыз, қатыгез өмірге аяқ басып бара ма? Бұл да түсініксіз жағдай. Әйелдер мен қарттар түгілі жас сәбилерді ұрып-соғатындар да бар. Осының бәрі жақсы емес. Қоғамды сауықтыру керек екенін еске салатын көріністер. Отбасылық тәлім-тәрбиені қалай жетілдіреміз? Бұл да шешімін күткен маңызды мәселе.

Қазіргі уақыт ақшаның, пайда табудың заманы. Ақшаның жолында адамдар бір-бірін аямайды. Солтүстік Қазақстан облысында екі азамат қымбат көлікті тоқтатып үстіне шығып секірген, төбесін майыстырған, әйнектерін сындырған. Полиция қызметкерлері келгенде бірі қашып кетіп, екіншісі ұсталды. Ұсталғанның сондағы берген жауабы – көлік иесі оған қарыз болған. Мінеки, бұзақылықтың осындай ессіз түрлері де пайда болды. Ақша мен байлық бәрінен жоғары қойылудың салдарынан адамдар адамдық қасиеттен ажырап барады.
Қазақ арасында алаяқтық пен бопсалаудың сан алуан түрін меңгергендер көбейді.

Түркістан облысында 33 жастағы азамат өзге адамды бопсалап, екі сағаттың ішінде 700 000 теңге тауып бер деп талап еткен. «Ініңнің әйелімен көңіл жақындығыңды әшкере етемін» деп қорқынышта ұстамақ болған. «Аттарыңды атап, бейнежазбаларыңды таратамын» деп бопсалаған. Ондай әрекетті жасамаған адам полицияға шағымданған. Полиция қызметкерлері телефон байланысын анықтау арқылы әлгі бопсалаушыны құрыққа түсірді. Ол екі баланың әкесі болып шықты.

Ал Орал қаласының тұрғыны болса өз әйелін бопсалап, төсек қатынасы кезіндегі бейнежазбамызды туыстарыңа таратамын деп қорқынышта ұстамақ болған. Осылайша ол өзінің әйелін ажырасуға арыз беру райынан қайтармақ болған. Егер менімен ажырасамын дейтін болсаң бейнежазбаны таратамын деп қорқытқан. Әйелі айтқанынан қайтпай, ақыры ажырасуға бекінген еді. Бейнежазба ватсапп арқылы тансытарына тарады. Бейнежазбаларды көрген әйел күйеуінің үстінен полицияға арыз берді. Оның күйеуінің үстінен порнографиялық материалдарды заңсыз тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дауды енді сот шешеді. Заң бойынша күйеуі не 2 мың айлық көрсеткіш көлемінде 5,8 миллион теңге айыппұл төлеп құтылады, немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Статистика пандемия кезінде ұр да жық бұзақылығына барушылар көбейгенін көрсетіп отыр. Мұндай сорақы қылмысты жасаушылардың 80 пайыздан астамы жұмыссыздар. Ал оның басым бөлігі отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты. Не жұмысы, не табысы жоқ азаматтар тез ашуланғыш болса керек. Содан барып болмашыға топалаң шығарып, білегін түріп ала жүгіретін болар. Әдетте үйдегі ұр да жық қылмысынан зардап шегушінілер әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар. Ал көшедегі мұндай қылмыстың зардабын осы күні зейнеткерлер тарта бастады.

Зейнеткерлер мен жас балалардың таяқ жеуі қоғамымыз үшін үлкен кемшілік. Қариялардың ықпалы деген бұрындары зор болатын. Ауылдарда қылмыстың болмауы көп жағдайда қарияларға байланысты болған. Тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ететін қариялар бүгінде жоқ та шығар. Ал ілгеріде ауыл қариясының ықпалы баршаға бірдей әсер етуші еді. Қарияның бастамасымен ауыл көшелерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылатын. Ер азаматтардан құралған кезекші топ түннің бір уағына дейін көшелерді аралап жүреді. Бейсауат жүрген адам болса үйіне жібереді. Қайсыбір үйде айғай-шу біліне қалса дереу барып, жағдайды бақылауға алатын. Мұндай жағдайда көшеде қылмыс жасау немесе үйде топалаң шығару деген ілуде бір болмаса, ешбір кездесе бермейтін. Қарияның абыройы мен ықпалы ауыл ішін тәртіпке бойұсындыратын, ауызбіршілік пен сыйластық жақсы болған. Қазір ол заман келмесе кетті. Бірақ ауыл билері мен қаладағы үй комитеттері кезекшілік жасауды қолға алса болатын сияқты. Кезінде халық дружинасы деген кезекшілік болды емес пе?

Тәртіп сақшылары пандемияның кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысының өршігенін айтады. Қазір бұл проблема әлемдегі барлық елдерге тән. Көптеген елдерде 2020 жылы отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстарының көрсеткіші өскен.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттердің 70 пайызы отбасыларда жасалады. Отбасындағы ұр да жықтармен полиция қызметкерлері жеке профилактикалық жұмыстарды жүргізгенімен ондай қылмыстың тыйылар түрі жоқ. Өз үйіндегі жандарды ұрып-соққан адамға заң бойынша отбасы мүшелерімен бір айға дейін кездесуге тыйым салынатын қағида да қолданылады. Ал қолданылатын жаза – әкімшілік іс қозғау, бес тәуліке қамауға алу.

Бұзақылық қылмыстар көбейгеніне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдірді. Халыққа арналған өткен жылғы Жолдауында Президент жергілікті полиция қызметін реформалау және «жұртқа жақын полиция» қағидатымен жұмыс жүргізу керектігіне тоқталды.
Президент Жолдауын орындау мақсатында қазіргі уақытта елімізде учаскелік полиция инспекторларының жұмысына барлық жағдай жасалды, материалдық-техникалық база нығайтылды. Ірі қалаларда учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жақсартудың үш жылдық кешенді жоспары жасалды. Мысалы, Алматы қаласында осы жақында ғана полиция бекеттері үшін 36 жаңа орын белгіленіп, бұл мақсатқа 36 ғимарат берілді.
Бұл жақсы, әрине. Себебі полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы жетілсе, қызмет сапасы да арта түсер. Сіз қалай ойлайсыз?
Наверх