Қандастар көшін жандандырамыз десек...

Аян Қайырбаев
Қазіргі қоғамда шетелдегі қандастар өмірі мен олардың тарихи Отанына оралуы жайлы көп мәселе туындап отыр. Жалпы осы жайдың көпшілікті алаңдататыны рас. Көпшіліктің көкейіндегі ел мен жер, атажұрт жайлы пікірлер осы тақырыпты қозғауымызға түрткі болды.

«Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі», - деп еді Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Расымен, күллі әлемге тарыдай шашылған қазақтың киелі атажұрты, қасиетті атамекені бар. Еліміз егемендік алғаннан кейін Елбасы бірден шеттегі қазақты Қазақстанға шақырып, Ұлы көшті бастағаны баршамызға мәлім.
Міне биыл сол бастамаға 30 жыл толып отыр. Тарих үшін аз болғанымен қазақ халқы үшін өрісін өсіріп, керегесін кеңіткен 30 жыл жемісті де жеңісті болды деп айтуға болады. Осы уақыт аралығында ұлы көштің керуенімен 1 миллионнан астам қазақ атажұртқа оралды. Шеттен келген ағайынның берекесі мен бірлігі жарасып, білімі мен біліктілігі бір арнада тоғысты. Олар ел келешегінің гүлденуіне зор үлес қосты және қосып та келеді. «Елге ел қосылса құт» дегендей қандастарымыз мәдениет, әдебиет, өнер, музыка, спорт және тағы басқа салада жетістікке жетіп, ел іргесін нығайта түсті. Атап айтсақ, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей, белгілі түркітнаушы профессор Қаржаубай Сартқожаұлы, қытайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, танымал бокшы Қанат Ислам және басқалар әр салада жемісті қызмет атқарып жатқанын бәріміз көріп-біліп жүрміз.

Дегенмен Қазақстанды халыққа қалай толтырамыз деп жүргенде, қазақ көшінің қарқыны саябырсып, қандастар көші-қонының екпіні басылып қалуға жақын. Себеп? Былай қарағанда еш себеп те жоқ, алайда соңғы кезде ел үкіметі тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралар тежеуші факторлардың біріне айналды. Олардың арасында қандастарға қатысты арнайы заңның, мемлекеттік бағдарламаның және уәкілетті ұйымның болмауы, сондай-ақ арнайы квотаның енгізілуі, оның санының аз болуы және тағы басқа мәселлер пайда бола бастады. Осы орайда қазақ көшін қайта жандандырып, бұрынғы арнасына түсіруге бірнеше нық қадам қажет. Яғни қандастарға қатысты нақты заң қабылдау, шеттен келген ағайынға бар жайлы жағдайды жасамаса да, көшіп келуін барынша ыңғайлы ету, әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан жас қазақтарды Қазақстанда білім алуға ынталандыру және солай кете береді.

Айта берсе бұл салада мәселе аз емес, дегенмен шешу жолдары да айқын, әрі анық. Ең бастысы биліктегі азаматтардың нақты іс-әрекетке көшетін кезі келді. Мүмкін оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қандастарға қатысты айтқаны әсер етер. «Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», – деп жазды емес пе Президенттің өзі. Бұдан артық не керек дейміз біз...

Тақырыбымызды тарқата түсейік, қазір Қазақстандағы көші-қонға байланысты ахуал мәз емес. Елімізде келгендерден кеткендер көп. Кейбір сараптамалық деректерге қарағанда, алыс және жақын шетелдерде 7-8 миллион қазақ тұрады. Демографиялық тұрғыдан бұл халқымыздың үлкен әлеуеті, орасан күші деп білеміз. 1991 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанға 1 млн 39 мың 619 этникалық қазақ немесе 303 263 отбасы қоныс аударғанына риза болып келдік. Алайда бұл көрсеткішті 30 жылға бөлсек, атажұртқа жыл сайын орта есеппен 38,5 мыңға жуық қана қандасымыз келіп отырды деген сөз. Бұл дегеніңіз соңғы 3 жылда елден кеткендердің жыл сайынғы көрсеткішінен де төмен. Мәселен, 2017 жылы елден – 37 мың, 2018 жылы – 42 мың, 2019 жылы – 45,2 мың адам кеткен. Оның үстіне соңғы 10 жылда этникалық көші-қонның саябыр тартқаны тағы бар. Ал соңғы 30 жылда елге келген қандастар саны кеткендерден үш есе аз болғанын, эмиграцияға кеткендер саны 3,5 млн адамнан асқанын ескеретін болсақ, онда еліміздің демографиялық болашағының жарқын болуы неғайбіл.

Қандастардың көші-қон мәселесін зерттеп жүрген ғалым Нұрхан Жәлиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанмен шекаралас елдерде тұратын қазақтардың көші-қоны рухани себептерге иек артпайтын халге жеткен. Яғни, «Атажұртым, Отаным» деп келу күн өткен сайын сиреп барады. Әрине, мұндай жағдай миграциялық әлеуеттің сарқылғанын білдірмейді. Тарихи Отанына жетуге асыққандардың көші бұрынғыдай идеологиялық сипатынан арылып, керісінше, жұмыс орындары және тұрмыстық жағдайын жақсарту мүмкіндіктерімен байланысты, экономикалық мазмұнға ие бола түсті.

Осы тұста қазақ көшіне қатысты мәселенің тағы бір ұшы шығады. Көшіп келемін дейтін адам аз емес, тек оларға құжаттарын реттеп, заң тұрғысынан жағдай жасап, Қазақстанға келуін жеңілдетіп, қолдап-жебеп жіберсе, кез келген саланы ұршықша иіріп әкетеді. Қазіргі кезде ел үкіметі шетелден келген қандастарға арнайы квота бөліп, оларды көбіне Қазақстанның солтүстік аймағына қоныстандыруға тырысып жатыр. Бүгінде келген қандастың әрқайсысына жол шығыны деп 35 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі, бұл дегеніңіз 92 785 теңге, сондай-ақ бір жылға дейін үй жалдап тұруы үшін 660 мыңдай теңге ұсынылады. Дегенмен бұл қаражаттың жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Алыс-жақыннан келген ағайын қайткенменде жаңа ортаға келген соң түрлі қиындықтарға тап болады. Сол қиындықтардың шешілмеуінен көшіп келушілер қатары азайды.

Қазақстан билігі ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан еліміздің теріскейінде бос қалып жатқан жерлерді сол күйінде қалдыруға болмайтынын анық түсінеді. Бұрын елге келген қандастар 47 түрлі құжат толтырса, қазір оның саны 17-ге дейін қысқарды. Енді «Отандастар қоры» көптен ұсынып келген «Бір терезе» жүйесі енетін болса, қандастар бар құжатын еш қиындықсыз реттеп, Қазақстан азаматтығын 4 айда рәсімдей алатын еді.

Қит етсе, әлемдік тәжірибеге сүйенетін әдетіміз бар екенін несіне жасырайық. Ендеше дәл осындай маңызды сұрақ төңірегінде сол шетелдің озық елдеріне бой түзейтін кез келген сияқты. Мәселен екі дүниежүзілік соғыстан кейін жермен-жексен болған Германияны алып қарайық. Олар шетелдегі отандастарын атажұртқа қайтып оралуын ынталандыруға және қолдауға бағытталған негізгі заңнамалық актісін сонау 1953 жылы қабылдап қойған. Заң осы кезге дейін бірнеше рет өзгеріске ұшырады, алайда оның бәрі тек репатриацияны жеделдетуге бағытталған еді. Мысалы келушілерге неміс тілін білу міндеті алынып, отбасының барлық мүшелерімен бірге көшуге мүмкіндік берілді. Германияда бұл саламен айналысатын түрлі қорлар мен ұйымдар бар, ал Қазақстанда этникалық қандастардың көші-қонымен айналысатын арнайы уәкілетті органның болмауы да жағдайға қолбайлау болып отыр.

Атажұртқа келушілердің легін қайта жандандырғымыз келсе, нақты қадамдарға көшу қажет. Мысалы солтүстікке көшіріп әкелеміз десек, өз шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін жайылымдар мен егістік жерлер ұсыну қажет. Сондай-ақ кез келген адамға керек инфрақұрылымды ойластыру маңызды. Осыған қоса келген қандастарды жұмыспен қамтуды да ұмытпаған абзал. Міне осы «үй-жұмыс-мүмкіндік» тоғысқан жерде еліміздің, әсіресе солтүстік пен орталық Қазақстанның біраз мәселесі шешімін табар еді деген ойдамыз. Әйтспесе сырттағы қазақтың атажұрқа келу ынта-ықыласы әлі де берік. Оған дәлел – ешқандай квотасыз, мемлекеттің қолдауынсыз Қазақстанға жыл сайын 10 мыңнан аса қандасымыз көшіп келіп жатыр. Тіпті 2020 жылғы пандемияға қарамастан атажұртқа 13 мыңға жуық қазақ келген.

Қорыта келсек, зерттеушілердің дерегі бойынша дүниежүзінде 7 миллионға жуық қазақ тұрады, олардың 1,5 миллионға жуығы атажұрты Қазақстанға көшіп келуге дайын. Соңғы кездегі түрлі қиындықтарға қарамастан көш тоқтамады, бірақ оның қарқынын еселей түсу қажет. Ойлап қараңыз, қазақ көшінің деңгейін бұрынғы қалыпқа түсіріп, жылына орта есеппен 40 мың адам адамды көшірсек, жоғарыда айтылған 1,5 миллион қазағымызды әкелуге 40 жыл кетеді. Ал бұл мәселеге салғырт қарап, «жабулы қазан» күйінде қалдыратын болсақ, жылына 12-13 мың болып келіп жатқан қандасымыздың көшіне бір ғасыр уақыт қажет болады! Сабыр Адайдың атақты «Әр қазақ менің жалғызым» деген сөзін ұран қылып, алыс-жақын шетелдегі әр қазақты атажұрт Қазақстанға оралуына жағдай жасау – біздің қасиетті борышымыз.
Наверх