Ана капиталын енгізетін кез келді

Серік Алдан
Кез келген қоғамның даму көрсеткіші халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, қоғамдағы әділеттілік пен теңдіктің орнығуынан көрінетіні мәлім. Соңғы кездері редакциямызға дамыған елдердегі ана капиталы жайлы көп сұрақтар келуде. Осы тақырыпта ой толғап көріп едік.
Соңғы жылдары Қазақстанда заңды ізгілендіру үрдісі пайда болды. Соның аясында қылмыскерлердің құқығы барынша қорғалатын жағдайға жетті. Әсіресе жаза өтеушілердің түрмедегі әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Тіпті бостандықтағы тұрмысы нашар азаматтар мен балалардың жағдайын түрмедегі рахат күймен салыстыруға келмейді.

Қоғамды дамыту жұмысы өте күрделі. Ол үшін майталман мамандардың қатары көп болуы керек. Ал олардың басты мақсаты – қоғамдағы тепе-теңдікті қалыптастыру. Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамдағы тепе-теңдікті ұстай білу – кез-келген мемлекеттің арманы. Ұстай білмеген елдердің билігі қиындыққа тап болып, шықпа жаным шықпамен күн кешуде. Ал мұндай проблема Қазақстанға да тән.

Халық қалаулылары әлеуметтік теңдік мәселесіне ден қойып келеді. Депутаттар арасында елдің әлеуметтік саясатындағы әттеген-ай дейтін құбылыстарды ашып айтып жатқандар бар.

Бірқатар депутат қазіргі нарықтық жағдайда бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты кемітуге әрекет етуде. Парламент Мәжілісінің депутаттары балаға ай сайын республика бюджетінен берілетін жәрдемақыны едәуір көбейту мәселесін Үкіметтің алдына қойды. Себебі балаға берілетін жәрдемақының көлемі түрмеде жазасын өтіп отырғандарға қаралған қаржыдан бес есе аз. Әділдік қайда? Бала – болашағымыз емес пе? Бұл жағдай «Бар жақсымыз – балаларға» деген қағидамызға сай келмей тұр. Адам капиталын дамытамыз деген мемлекеттік ұстанымымыз қайда қалады?

Парламент Мәжілісінің депутаты Айжан Ысқақова бала күтіміне арналған жәрдемақы мен түрмедегі бір қылмыскерге кететін шығынды салыстыр,анын жеткізді. Заң бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші баласы үшін ай сайын 16 801 теңге, екінші баласы үшін 25 962 теңге төленеді. Ал бір сотталған адамды түрмеде ұстауға бюджеттен ай сайын 88,5 мың теңге бөлініп тұрады. «Сонда бес есеге артық болып тұр. Түзеу мекемесінде отырған қылмыскерді күзетпен, тамақпен, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етеді. Мемлекет үшін кім қымбат? Дәрігер, мұғалім мен ғалым болатын бала ма? Әлде, түрмеде отырған ұры, жәбірлеуші немесе пара алған шенеунік пе?» – дейді депутат.
Қазіргі уақытта жалғызбасты аналар көбейген. Олардың бәрінің әлеуметтік жағдайы жақсы деп айтуға келмейді. Арасында жұмыссыздар көп. Ал жаңа туған нәрестені екі-үш жыл үйде отырып қарау керек. Балаға бөлінген 16 мың теңге жәрдемақы қай жыртықты жамауға жетсін? Депутаттардың жанайқайы да осы.

Парламент Мәжілісінің депутаттары бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни 34 302 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Ал ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін арттыру қажет деп санайды. Фракция мүшелері үікіметке депутаттық сауал жолдады. Депутаттардың пікірінше, қазіргідей қымбатшылық жағдайда жаңа туға нәрестеге кететін шығын шашетектен. Баланың киімі, тамағы, денсаулық күтімі, серуендетуге қажетті арба, ұйықтайтын кереуеті деген сияқты қажеттіліктердің бәрін ескергенде 16 мың теңге жәрдемақы деген айтуға да ұят сома.

Депутат Ерлан Смайлов Қазақстандағы әрбір алтыншы сәби кедейшілікте өмір сүріп жатқанын айтты. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасыларға тиесілі. Ол UNICEF ұймының мәліметтерін алға тартты. Ана мен баланы қорғаудың мемлекеттік жүйесі нашар екенін айтады. Ол ана капиталын енгізуді және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің сомасын қайта қарауды ұсынды.

«Елімізде миллион сәби кедейшілікте өмір сүруде. Кедейшіліктің зардабы көпбалалы отбасыларға тиюде. Көпбалалы отбасылардың саны елімізде 340 мың. Толық емес отбасылар да қиын жағдайда. Көбіне олар мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрмейді. Ана капиталы ретінде әр балаға мемлекеттен 4,2 миллион теңге төлеуді енгізу керек. Қаласа қаржыны баспана алуға, баланы оқытуға жұмсасын немесе зейнетақы жинағына қоссын. Мемлекет бір нәрсені анық түсінуі керек, бүгінгі кедей балалар – ол ертеңгі кедей мемлекет», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.

Депутаттың айтуынша, ана мен баланы қолдауға қаржы көптеп бөлінсе, кедейшілік қана емес, балалар арасында аурулар мен зорлық-зомбылық та азаяды.
Еліміздің болашағы болып табылатын сәбилердің әлеуметтік жағдайы қылмыс істеп түрмеге қамалған адамның жағдайынан нашар болуы жараспайды, әрине. Егер толықтай алып қарасақ, қамауда жатқан әр адамға мемлекет бюджетінен жыл сайын 1 миллион теңгеден астам қаражат шығындалады. Түрмедегі бір адамға айына тоқсан мың теңгеге жуық ақша қаралған. Ал бұл сома елдегі күнкөріс шегінен екі жарым есе көп. Түрмеге түсіп шыққандардың арасында бостандықта жағдайы болмай, әдейі қайта қамалғандар аз емес. Статистика бойынша жаза өтеушілердің 64 пайызы күнін көре алмағасын түрмеге қайта барған. Еліміз бойынша түрмеде 25 мыңға жуық адам отыр. Басым бөлігі жастар. 20-40 жас аралығындағы жаза өтеушілер 77 пайыз екен.

Түрмедегілердің құқықтары қатаң түрде қорғалады, тамақпен, киіммен, жатар орынмен, моншамен, медициналық қызметпен, қыста жылумен, күзетпен қамтамасыз етілген. Олар шағымдануға құқылы.

Таяуда үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар денсаулығы мәселесіне тоқталды. Президент еліміздегі балабақшалардың жағдайына сын айтты. Мемлекет басшысы 11 мың балабақшаның 36 пайызында кәріз жүйесі, 29 пайызында ыстық су, 11 пайызында жылы әжетхана жоқ екенін алға тартты. Президент бұл кемшілікті жою жөнінде Үкіметке тапсырма берді.

Депутаттардың бастамасы жүзеге асса ана мен бала жағдайы да жақсарар. Ал ана капиталы енгізілсе қоғамның әлеуметтік және қоғамдық-саяси тұрғыда көп ұтары тағы белгілі. Олай болған жағдайда ел болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер дені сау, материалдық жағынан тәуелсіз, білімді болып өсері сөзсіз. Ал екінші жағынан елде бала туудың артуына себеп болар еді.
Көршіміз Ресейде ана капиталы бұрыннан бар, жылдан-жылға оның көлемі артып та келеді. Биылғы 1 қаңтардан 3,7 пайызға өсіпті. 2021 жылы ресейлік аналар бірінші баласы үшін 483 882 рубль, екінші баласы үшін 639 432 рубль алады. Биыл ол жақта миллионнан аса әйел ана капиталын алады деп күтілуде. Бала туған аналар ол қаржыны баспана алуға, тіпті өздерінің білімін жетілдіріп, жаңа мамандық алуына да жұмсай алады.

Баспанаға қолы жетпей жүрген жас отбасылар көп-ақ. Міне, оларға ана капиталы нағыз қолдау болар еді. Бір-екі балалы жас отбасылар ана капиталының арқасында баспаналы болып жатса бақыт деген осы да! Сонда қоғамымызда ажырасу кемитіні де түсінікті. Себебі ажырасудың басым бөлігі үйсіз-күйсіздіктен, табыстың аздығынан екені жасырын емес. 4,2 миллион теңге ана капиталына қолы жеткен отбасы әлеуметтік ортанқол бір бөлмелі пәтердің шамамен жарты құнын жаба алады екен. Бұл да жақсы болар еді. Ал ауылдық жерде болса баспананың толық құнына жетіп те қалар.

Ана капиталының басты мақсаты – демографиялық өсімге қол жеткізу. Ресейде бұл мақсат орындалып келеді.
Біздің елімізде жасы ұлғайғандардың саны артып келеді. БҰҰ сараптамасына сәйкес 65 жастан асқан азаматтардың саны 7 пайыздан асса, ол мемлекеттің қартая бастағанын білдіреді екен. Соңғы жылдары елімізде 65 жемтан асқандардың саны артпаса, кеміген жоқ. Былтыр 7 пайызды еңсерген көрінеді. Осылай кете берсе бірнеше жылда кәрілері көп елге айналғалы отырмыз. Сол үшін елімізде бала туу көрсеткішінің артқаны керек. Ал бала санын арттырудың ең тиімді жолы – ананың жағдайын жасау, яғни ана капиталын енгізіп, дүниеге келген әр баланың болашағын осы бастан жасау. Оған Қазақстанның жағдайы мен мүмкіндігі толық жетеді. Сіз не айтасыз?

Наверх