Жыл басынан бері жылжымайтын мүлік бағасының өсу себебі неде?


«Мемлекеттік БАҚ порталының» «Тұрғын үй бағасы неліктен қымбаттады және оның жуық арада төмендеуі мүмкін бе?» деген сұрақтарына Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев жауап береді.

– Талғат Файзуллаұлы, 2021 жылдың басынан бастап Қазақстанда тұрғын үй бағасы неге көтерілді?

– Жылжымайтын мүлік жыл сайын қымбаттайды. Неліктен тек 2021 жылы осы мәселе аса маңызды болып қалды? Егер біз тұрғын үй нарығының белсенді даму кезеңіне өткен 2000 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі бүкіл кезеңді алып қарайтын болсақ, онда тұрғын үйдің шаршы метрінің құны көтерілмеген бірде бір жылдың болмағанына көз жеткіземіз. Егер сіз 2012-2015 жылдарға қарасаңыз, долларға шаққанда жылжымайтын мүлік қымбатырақ болды. Сол кезде ғимараттардың, жайлылық класындағы үйлердің шаршы метрі 1500 доллар болса, қазір 900. Долларлық эквивалентте олар төмендеді, бірақ теңгелік эквивалентте қымбаттады. Көптеген адамдар мұны зейнетақы аударымдарының алдағы төлемдерімен байланыстырады, бірақ, қисынды ойласақ, қазір-тек қана шарттарға қол қойылуда және зейнетақы қорынан жыл ағымында бөлінетін 170 млрд теңге – бұл құрылыс саласы жыл сайын алатын соманың тек 9 пайызы ғана. Жыл сайын құрылыс саласына түрлі көздерден, түрлі бағдарламалар арқылы, жеке тұлғалардың жеке құрылысы, мемлекеттік бағдарламалар және құрылыс компанияларының инвестициялар тартуы арқылы екі триллионға жуық теңге құйылады. Сондықтан зейнетақы төлемдері бұған әсер етті деп айту-бұл үстірт пікір деп санаймын. Егер бір жыл бұрын доллардың теңгеге қатысты бағамы 320 теңге болса, қазір ол 420 теңге, тиісінше, бір жыл бұрын 10 млн теңгеге сатып ала алатын мүлікті бүгінде 13 млн теңгеге сатып аласыз. Долларлық баламада баға өзгермегенмен, теңгелік баламада құнсыздануға байланысты бағалар қымбаттады. Бұл тұста құрылыс материалдарының қымбаттауы да маңызды факт болып табылады, ал құрылыстағы құрылыс материалдарының қымбаттауы 55-60 пайызға дейін жетеді және ол шаршы метрдің құнына айтарлықтай әсер етеді. Тек арматура 2020 жылдың төртінші тоқсанынан 2021 жылдың қаңтар айының соңына дейін 51 пайызға қымбаттады. Тұрғын үй салу үшін құрылысшылар шетелден алатын барлық материалдар қымбаттады. Айталық, жылу оқшаулағыш материалдар, гидрооқшаулағыш материалдар, сантехника, керамика, құбырлар, әрлеу материалдары, қасбеттік материалдар, шыны, профиль, әрине, мұның бәрі шаршы метрдің құнына қосылады. Құрылыс материалдарының қымбаттауы кезінде бір ерекшелік бар- баға бір түнде, сол мезетте шаршы метрдің құны қымбаттамайды, ол бір тоқсаннан кейін қымбаттайды. Құрылыс материалдары осыдан алдын өткен жылдың қараша айында қымбаттаған еді, енді міне, 3-4 айдан кейін ол тағы қымбаттап отыр. Міне, бүгін біз осы өсімді көріп отырмыз. Бұл нарықта қалыптасқан ереже, мұндай үрдіс бір жылдың ғана үлесі емес, соңғы 20 жыл бойы байқалады.

– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бағаның өсуіне әсер етті ме?

– Мен құрылыс материалдарының бағасы жыл сайын өсіп келе жатқанын айтып өттім. Егер ұлттық валютаға қатысты әлемдік валюта құны бойынша айтсақ, 320 теңгеден 420 теңгеге дейін қымбаттады. Әрине, адамдар, мысалы, шетел валютасымен, доллармен есептейді. Бұл біздің ұлттық валютаға, теңгеге деген сенімімізді білдіреді, бірақ ол жиі құнсызданғандықтан, теңге өзіне деген сенімін жоғалтады және адамдар шаршы метрді пәтердің құнын доллармен есептейді, осыған байланысты екінші деңгейлі нарықта пәтерлер қымбаттады. Бүгінгі таңда көптеген адамдар бір шаршы метрдің құнына зейнетақы ақшасын бөлуге рұқсат етілгені әсер еткенін ашық айтады. Ол ешқандай әсер ете алмайды, өйткені бұл шамамен 170 млрд теңге, ал нарықтағы айналым екі триллион теңгеге жуық, яғни, 9 пайыздық сома тұрғын үй құнына әсер ете алмайды. Бұл жай құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты.

– Қазақстандықтардың мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй сатып алу қабілеті қаншалықты белсенді?

– Менің ойымша, мемлекеттің тұрғын үй саласындағы саясаты дұрыс бағытта жүріп жатыр, көптеген бағдарламалар әзірленуде, жалпы, бағдарламалар әр түрлі болуы керек, олар көп болуы керек. Халықтың әртүрлі топтарына есептелген бағдарламалар неғұрлым көп болса, тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктері де соғұрлым жоғары болады. Адамдардың жылжымайтын мүлікке, тұрғын үйге, пәтерлерге деген қажеттіліктері де дер кезінде жүзеге асады.

– Жуық арада жылжымайтын мүлік бағасы төмендей ме?

– 2000-шы жылдардан бастап шаршы метрдің теңгедегі құны тұрақты түрде өсіп келеді, валютамен ол толқын түрінде өсіп келе жатса, теңгелік мәнде тек жоғары бағытты трендпен артуда, өйткені бізде барлық есеп айырысулар теңгемен жүргізіледі. Құрылыс материалдарының 60 пайызын шетелден әкелетіндіктен, бағаға теңгенің нығаюы немесе құнсыздануы тікелей әсер етеді, барлық импорттық материалдардың бағасы өскен сайын шаршы метрдің құны да арта түседі. Мен бұл құрылыс материалдарының тізімін де келтіре аламын, бұл - ысырмалар, сорғылар, керамика, санфаянс, шыны, профильдер, жылытқыштар, гидрооқшаулағыш материалдар, паркет, ламинат, ленолеум. Яғни, бұл құрылыстың көп бөлігін құрайтын материалдар. Біз Қазақстанда сусымалы материалдарды өндіреміз, сусымалы материалдардан бетон жасаймыз. Бірақ біз өндіретін арматура да жетіспейді, ал біз шығаратын материалдардың бір бөлігі жеткіліксіз, керамикалық кірпішті де елге қажет көлемде шығара алмаймыз. Сондықтан біз керамикалық кірпішті Украинадан, Ресейден, Өзбекстаннан әкелеміз. Нәтижесінде бұл шаршы метрдің құнына әсер етеді. Сол себепті, «баға құлдырайды» деп айту - өзіңді алдау, адамдарды алдау. Біз, осы салада жүрген адамдар болғандықтан, бұл проблемаға күн сайын тап боламыз. Біз нарықтағы жағдайды шынайы түрде айтқымыз келеді. Кейбір мемлекеттік органдар қандай да бір шешімдер қабылдаған кезде бізді осы саланы жетік білетін және кеңес беретін мамандар ретінде шақырады. Өте дұрыс, ұтымды тәсіл деп есептеймін. Егер келешекте көптеген мемлекеттік органдар осы әдісті қолданатын болса, біз көптеген қателіктерден аулақ боламыз деп ойлаймын.

– Әрбір қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін не істеу керек?

– Жақсы сұрақ, бүгінде бұл мәселе әрбір азаматты, әрбір қазақстандықты толғандырады. Егер Үкімет, министрлік және құрылыс комитетінің есептері бойынша қарайтын болсақ, жыл сайын тұрғын үй салу қарқыны артып келеді. 2019 жылы 13 млн шаршы метр, 2018 жылы 12 млн шаршы метр, 2020 жылы 15 млн шаршы метр және 2021 жылы 17 млн шаршы метр тапсыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұған қарамастан, біз тұрғын үй қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай отырмыз. Біз қазіргі уақытта бар адамдардың санын есептедік, алдағы 7-8 жылда тұрғын үйге қажеттілікті қанағаттандыру үшін жыл сайын 25 млн шаршы метр салу керек. Бүгін, егер сіз байқасаңыз, көптеген адамдар көпқабатты, тым биік үйлерде өмір сүргісі келмейді, олар аса биік емес және кіреберістері аз үйлерді артық көреді. Әрине, бұл үйлер әдетте қымбатырақ, бірақ біз қалайда оған келеміз. Қала орталығына барлық адамды сыйғыза алмайсыз. Сондықтан, бізде, құрылысшыларда басқа елдердің тәжірибесіне сүйенген ұсыныс бар. Бүгінгі таңда біздің еліміздің аумағы кез келген қала маңында тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Әрбір қала маңында тірек ауылдар бар, тірек ауылдардың жанында 10-15 сотық жер бөлуге болады және эскиздердің бірыңғай стандарты бойынша, айталық, 3 немесе 5 жыл әрбір қазақстандыққа өз үйін шаруашылық тәсілмен сала алатындай етіп беруге болады, ол өзі кәсіби немесе арнайы құрылыс компанияларын тартып-ақ үй салып алады. Тек қана инфрақұрылым мен инженерлік желілер мәселесі туындайды. Мемлекетке жолдар мен электр желілерін салу жеткілікті, жылуды жергілікті жерде жасауға болады, орталық жылытуға қарағанда арзан технологиялар бар. Скандинавия елдерінің мысалында, осы мәселені шешетін Солтүстік Америка елдерінің мысалында кәріз төлемдері, кәріз қалдықтарының мысалы бар.

– Бүгінгі таңда құрылыс компаниялары қандай проблемаларға тап болуда? Оларға мемлекет қалай көмектесе алады?

– Жақсы сұрақ. Біріншіден, бұл барлық міндеттемелерден босатылған жер учаскелерін бөлу. Екіншіден, бюрократияны, қағазбастылықты қысқарту. Үшінші мәселе, кадрлармен, еңбек ресурстарымен, мамандармен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Бүгінде кадр тапшылығын құрылыс саласы ғана сезініп отырған жоқ, бүкіл экономика білікті кадрларға мұқтаж болып отырған жағдай бар. Егер сіз құрылыс индустриясын алсаңыз, бұл бетон құйып, арматураны тоқып, кірпіш жасай алатын кадрлар тапшылығы. Мұндай мамандар аз болған кезде, әрине, бәсекелестік өршіп, бұл адамдардың еңбек құнының өсуі байқалады, сәйкесінше, бұл шаршы метрдің бағасына әсер етеді. Керісінше, біз өз нарығымызды өз материалымызбен қамтамасыз ете алсақ, сапа жағынан бәсекеге қабілетті бола алсақ, өндірушілер жалғыз емес, көп болса және біз осы материалдарды шетелге шығара алсақ баға төмендейді. Сонда теңге нығайып, әл-ауқат өседі, сонда баға тұрақталады. Ол қашан болады? Бұл жағдайдың алдағы 2-3 жылда іске аса қоймайтыны анық.


Наверх