Павлодар облысы

Қазақстан электролиз зауыты өндірген алюминий көлемі 3 миллион тоннаға жетті 8 Сәуір в 15:45 15

Павлодардағы Қазақстан электролиз зауыты өндірген алюминий көлемі 3 миллион тоннаға жетті. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов металлургтерді осы өндірістік жетістіктерімен құттықтады.

Зауытта өндірілген алюминий көлемі үш миллион тонна межесіне 14 жылдай уақыт ішінде жетті. Алғашқы миллион тонна өнімін 2007 жылы іске қосылған ҚЭЗ алты жыл өткен соң шығарды. Төрт жылдан кейін павлодарлық металлургтер екінші миллион тонна өнім өндіріп, былтыр жылдық рекордтық көрсеткіштерді бағындырды – мұнда 265 мың тонна металл өндірілді.

Өндірістегі маңызды оқиғалардың барлығына да куәгер болған түсті металл құюшы Асқар Нұрпейісов бүгінгі айтулы жетістіктің кезекті ауысымы кезінде орын алғанын айтады.

- Мен мұнда 13 жыл жұмыс істеймін – кәсіпорынның құрылып, өндірістің басталғанн өз көзіммен көрдім, - дейді зауыт жұмысшысы. – Содан бері зымырап өте шыққан уақыт ішінде біз үш миллионыншы тонна алюминий құйып үлгердік. Өзім үшін бұл үлкен қуаныш, келешекте немерелерге әңгімелеп беруге тұрарлық оқиға.

«Қанатты» металл өндіретін кәсіпорынның бүгінгі жетістігіне арналған ескерткіш тақтаны Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Қазақстан электролиз зауытының президенті Серік Дөнбекбаев орнатты. Аймақ басшысы кәсіпорын ұжымын өндірістік жеңістерімен құттықтап, алғысын білдірді.

- Қазақстан электролиз зауыты сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында отандық металлургияның көшбасшысына айналып отыр. Бүгін Павлодарда өндірілген алюминий әлемнің 9 еліне экспортталады. Ерен еңбегіңіздің нәтижесі – өнімдеріңіз шет елдерде кеңінен белгілі және сұранысқа ие. Біздің алюминий кластерін дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларымыз бар – бұл бәрімізді жаңа жеңістерге жетелейді, - деді Әбілқайыр Сқақов зауыт жұмыскерлеріне. - Сіздерге және сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін.

Кәсіпорында өндірілген алюминий пакеттерін қаз-қатар тізіп қойса, Еуропаның үш астанасы – Берлин, Париж және Мадридті жалғайтын жол құралар еді. «Қанатты» металдың 3 миллион тоннасы 100 мыңнан астам Boeing 737 жолаушы ұшағын жасауға жеткілікті.


Маңызды жаңалық

Комментарийлер

Ақпарат графигі

  • 439 Нұр-Сұлтан бойынша барлық жаңалықтар
  • 102 Қарағанды облысы бойынша барлық жаңалықтар
  • 85 Алматы бойынша барлық жаңалықтар
Наверх