Жаңартылған білім озық үлгі бола алды ма?

Гүлжан Абайқызы
Дәл қазіргі қоғамда қызу да, белсенді талқылауға түсіп отырған саланың бірі - білім саласы. Күнделікті БАҚ бетінде де, әлеуметтік желілерде де, телеарналарда да еліміздегі білім саласына қатысты пікір көп, ой көп. Сондықтан да, осы тақырыпқа мақала арнап отырмыз.
Сауатсыздық, сапасыздық, немқұрайдылық, енжарлық, біліксіздік сияқты ұрпақ бойындағы кержықпа мінездер қашан пайда болды? Шығарма, мазмұндама дегенді жиып қойып, эссе жазғалы ма? Диктант деген дүниені ұмытқалы ма? Баланың ойлау қабілеті мен сөйлеу қабілетін дамыту дұрыс әрине. Бірақ ойын қағаз бетіне сауатты түсіре білмеген бала, өмір парағын қалай сауаттандырады? Мұның бәрі «Жаңа мазмұнды білім беру» бағдарламасының бағының жанбауынан демеске лаж жоқ. Оған былтырдан бері өтіп жатқан онлайн оқуды қосыңыз.

Сонымен жазбамыздың әлқиссасы, 2020 жаңа оқу жылында жаңартылған білім беру жүйесіне еліміздің мектептері толық көшіп болды. 2016 жылы ел мектептерінің 1-сыныбынан басталған жаңа жүйе 2020 жылға дейін кезең-кезеңмен барлық сыныптарды қамтыды. Сарапшылардың айтуынша, бұл - әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Ендеше білім бағдарламасындағы жаңартылған жүйеге мектептер толықтай әзір болды ма? Бұл реформаның тиімділігі неде? Бүгінге дейін жаңа мазмұнда білім беру бағдарламасы өзін қаншалықты ақтады? Осы орайда білім саласындағы өзекті сұрақтарға біз де жауап іздеген едік. Нұр-Сұлтан қалалық №51 мектеп-гимназиясының директоры, «Қазбілім» порталының бас редакторы, Химия ғылымдары PhD докторанты Аятжан Ахметжан «Білім мазмұнын жаңарту» бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуде қазақстандық педагог-практиктердің және ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп жасалған дейді рас болса? Осыған қарамастан, білім саласына неліктен сын көп деген сауалға өз пікірін білдірген болатын. Шынтуайтына келгенде білім беру мазмұнын жасағанда қазақстандық ұстаздардың пікірі ескерілген деген жаңсақ пікір. Білім беру бағдарламасы Кембридж бағдарламасы негізінде жасалған. Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламасын жалпы білім беретін мектептерге бейімдеу болды. Өкінішке орай, біріншіден бүгінгі жалпы мектептердің әлеуеті мен жағдайы мүлде есепке алынбағанын қынжыла жеткізді. Екіншіден, ұлттық, әлеуметтік ерекшелік ескерілмей алдымен орысша жазылып сосын қазақшаға аударылған шала жансар бағдарлама болды. Осыдан келіп, мектеп басқа, бағдарлама басқа, бала басқа болды. Иә расымен ұшаққа арналған доңғалақ машинаға жарамайтыны секілді кез келген реформа шығу тегіне емес, қолданылатын жеріне бейімделу керектігін баса айтты білікті маман. Сондықтан жаңа бағдарлама түйенің мұрынын жұдырықпен тескендей орашолақ. Олқылықтар көп, сол себепті де ол кемішіліктер түзелмей сын азаймайтыны ақиқат. Осы тұста жыл сайын жаз айында жаңа мазмұнда білім беру үшін елімізде көптеген пән мұғалімдері біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жүргені белгілі. Мұны педагогикада методологиялық тұрғыда қайта дайындау дейді. Бірақ ол үйренгенді қазіргі жалпы білім беру мектептерінде қолдану мүмкін емес. Өйткені мұғалімдердің алды 9 ай, арты 3 ай тілдік дайындықтан өткен. Бірақ 9 ай тіл үйрену арқылы ағылшын тілінде сабақ беру мүмкін емес екенін өздері де мойындап отыр. Сондықтан ақылға қонымсыз үстірт жасалған ретсіз реформа ұрпақты біліксіздікке ұрындырары сөзсіз.

Ал енді қаншама жүздеген педагог осы жаңа мазмұнда білімін тереңдету үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Бағдарлама шеңберінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларды ойлағанда далаға кеткен ақша, есіл экономика, қадірсіз уақыттың сұрауы кімнен деген ой келеді?

Осыған қарамастан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Жаңартылған білім мазмұнын» одан әрі жетілдіру керек екенін мойындады. Тек қай жағынан жетілдіру керектігін елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын парасат-пайымы жоғары азаматтармен бірлесе шешсе құп болар еді. Өйткені бір топ білім саласы мамандары министр Асхат Аймағамбетовпен кездескенде бірнеше ұсыныс айтқан болатын. Яғни, біріншіден, бағдарламаны мектептің шарт жағдайына бейімдеу. Мүмкін істерді алға шығарып, 100 қойдан 150 қозы алу науқаны секілді мүмкін емес шаруаны қысқарту. Мұғалімдердің методологиялық емес пәндік дайындықты шыңдау секілді дүниелері аса маңызды. Министр мойнындағы жүк тым ауыр. Атқарылып жатқан істер де аз емес. Асхат Аймағамбетов өз сөзінде алдағы оқу жылында оқушылар сүйікті «Әліппесімен» қайта табысатынын айтқан еді. Сең қозғалса, сауатсыздықтың салдары жойылар деген үміт мол. Өйткені ел ертеңіне салғырт қараудан артық обал не бар? Иә, ұрпақ тәрбиесінен қолды кеш сермеу қоғамдағы ең ұятты, әрі соңы өкінішке ұрындырар жайт.

Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева көшелі іске көшбасшы болды. Министр «Мeктeпкe дeйiн жәнe мeктeп жacындaғы бaлaлapды pухaни-aдaмгepшiлiк тұрғысынан тәpбиeлeу cтpaтeгияcы» деген атпен онлайн форматтағы талқылауға төрағалық етті. Шара оқушылардың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін ескеретін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа әдістемелерін жүзеге асыру аясында жүргізілген. Қоғам үшін бала тәрбиесінде ата-анамен бірге балабақша, мектептердің де жауапкершілігі өте жоғары екендігін атап өткен министр бұл жобаны Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жүзеге асыратынын да жеткізді. Саналы ұрпақ тәрбиесі үшін осындай салиқалы іс қолға алынды. Жемісіне уақыт төрелік етпек.
Наверх