Тектіліктен айырылып барамыз...

Айгүл Әбдірахманова
Біздің редакциямызға ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлерді сақтау, ұлттық қадір-қасиетті ұлықтау туралы ұсыныс-пікірлер мен сұрақтар көп келеді. Осыған орай, тектілік тақырыбында ой қозғайтын мақала жариялауды дұрыс көрдік.
«Журналистерге таңғаламын. Айтпаған сөзіңді айтқызып қоятыны үшін. Өзің білесің, мен ешқашан атаның атын атамаймын. Ал газетке шыққан мақалада менің аузыммен атаның аты баттиып айтылып тұр». Бұл – Зейнеп апамның (Бауыржан Момышұлының келіні) айтқаны.

Шынында да, ол кісінің атасының атын атағанды қойып, атасы аттас балаларға қолтаңба бергенде де «батыр аттас балама» деп жазып, әдемі «құтылып» кеткеніне талай рет өзім де куә болғам. Қайын атасын былай қойғанда қайын ағаларының есімін баттитып атамай, қайын сіңлісі мен қайындарының атын тергеген жеңгелерді көрген соңғы толқынбыз деуден аулақпын. Өйткені қалада болмағанымен ауылда бұл үрдіс әлі де жақсы сақталған.

Мектеп бітірген соң қаншама сыныптас қыздарымнан адасып қалдым. Әрқайсысымыз тіршіліктің қамымен жан-жаққа кеттік. Қаншама жыл өткен соң интернеттің, анығында, түрлі әлеуметтік желінің арқасында кластас қыздарды тауып алдым. Олардың интернет арқылы іздегенде бірден алдымнан «шықпағаны» тұрмыс құрған соң күйеулерінің тегіне ауысқандығынан болды. Бірақ неғып екенін сегіз жыл бірге оқыған құрбыларымның су жаңа тегін қабылдай алмадым. Біртүрлі әсер етті. Адам өзінің ата-бабасының, әкесінің атынан тұрмыс құрғанына бола бас тарта ма? Бұл – менің жеке пікірім, әрине. Ең жақын деген құрбыма осы жайында айтқанымда ол өзінің жас болғанын, күйеуіне қарсы келе алмағанын, бірақ анасының да тура мен сияқты ренжігенін айтты. Соны естігенде өзім де құрбымды аядым ба, ренжідім бе, әйтеуір бір қызық сезімде болғаным рас. Есіме әжемнен бір елі қалмай қасында томпаңдап жүретінім түсті.

Әжемнің теңтұстары көп еді. Көрші үйдегі Динараның әжесі, келесі көшеде тұратын Ақжол апа, үйі төменгі жақтағы Гүлбарам әже... Кейде барлығының басы қосылып әңгіме-дүкен құрып ұзағынан отырып шай ішетін. Олар өздерінің күйеулерін атымен атамай «ақсақалым», «біздің шал», «әкесі» деп сөйлеуші еді. Қайын ағаларының, ата-енелерінің аттарын атамайтын. Әлдебір құжатқа қол қоярда, көбінде зейнетақысын алуға барғанда қасына немерелерін арнайы ертіп алатын. Өзінің кім екенін, анығында, тегін (фамилиясын) айтқызу үшін! Өйткені күйеуінің тегін алу Кеңес Одағы кезіндегі орындалуға тиіс бұлжымайтын тәртіп сияқты болды. Тұрмысқа шыққан қыздың күйеуінің тегіне өту міндеттідей қабылданды. Әлгі менің сыныптас құрбыларымның санасына да сол ұғым әбден сіңіп кеткендіктен ғой автоматты түрде қайын атасының тегіне өткені. Тіпті кейбір қыздар оны ерекшелік, тек ауыстыруды күйеуі бар екенін білдіретін «белгідей» көретінін алғаш естігенде не күлерімді, не жыларымды білмегем. Кеңестік кезеңдегі түсінікке салсақ, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ал астарына үңіліп, тереңіне мән берсек...

«Қазақтың ұяты қыздардың тұрмысқа шығып күйеуінің тегіне өткеннен кейін жайлап жоғала бастады. Енесінің төсегіне отырмайтын, қайын атаның кебісіне аяқ сұқпайтын ибалы қазақ келіні ендігі жерде қайда барып қандай құжат толтырса да, атасының атын айтады. Мүмкін кейбіреуі басында қысылатын шығар, бірақ біртіндеп бұған аузы үйреніп, еті өледі. Баяғыдағы немересін жетектеп барып: «Атаңның атын айтшы», – дейтін әжелердің көзі жоқ бүгінде. Біздің қазақ бір күнде құрыған жоқ, осындай бір қарағанда түкке тұрмайтын ұсақ-түйектей көрінетін «ережелермен» ұлттың ұятын жойды, ұлттық құндылығын біртіндеп ыдыратуға күш салды».

Бабалар аманатына қиянат жасамай, шамасы жеткенінше жастарға ұқтырып, қазақтың салт-дәстүрін насихаттап жүрген Зейнеп Ахметова апамыздың осы айтқанымен келісесіз бе? Қанша жерден жаһандануға қалмай ілесіп, өркениетке ұмтылғаныңызбен іштей келісесіз. Өйткені бойыңызда қазақтың қаны бар, қазақы ұят пен әдебіңізді заманның өзгеріс-талабына жұтқызып алғыңыз келмейді, қазақы ибадан оңайлықпен айырыла салуға намысыңыз да жібермейді. Бірақ не істеу керек, неден бастау керек? Иә, өткен ғасырдың келіндеріндей енді ешкім қайынсіңлілеріне жаппай ат қойып, қайындарының атын тергей қоймайды. ХХІ ғасырдың келіндері үшін бұл тіпті жабайылық болып қабылдануы да мүмкін. Бір жағынан, жастарымыз солай ойлады, солай айтты деп кінәлауға қақымыз жоқ. Себебі ұлттық құндылықтың ерекшелігін оларға жеткізіп түсіндіре алмадық. Не нәрсені болсын қирату, бұзу өте оңай, ал қалпына келтіру деген...
«Әке – біреу. Ол қызын бақты-қақты, өсірді-жеткізді, оқытты-шоқытты. Әкенің сол еңбегін, ананың ақ сүтінің өтеуін ақтар-ақтамастан басқа шаңыраққа ұзатылады қыз деген. Ең болмаса, әкесіне деген құрметі сақталып, атын өшірмеуі керек қой. Бұрынғыны бұрынғы дедік, қыздардың ендігісіне не жорық? Қазіргі кезде осыны түзетуге болады емес пе?»

Бұл да – Зейнеп апаның айтқаны. Шындығында да, өз тегіңнен безу қаншалықты қажет? Өкінішке қарай, қазақтың салт-дәстүрі десе, көз алдына оқалы шапан,саптама етік, оюлы кәжекей мен бүрмелі көйлекті ғана елестететіндер көп. Олардың түсінігінше, ұлттық салт десе, қазақ жаз – жайлауда, қыс – қыстауда көшіп-қонып тек қой бағып жүруі керектей көрінеді, өйткені дәстүр десе, домбыра мен киіз үй ғана ойына түседі. Енді бірі қазақтың салтын тек наурызкөже ішу, тұсау кесу, беташар мен баланы бесікке салу деп қана ұғады. Біз осындай шолақ түсініктен қалай арыла аламыз? Ешкім нақты жауабын айта да алмайды. Өйткені әлі күнге дейін кез келген қазақы менталитетке сай емес келеңсіз көріністің көлеңкелі жағын – салдарын талқылаймыз, ал себебін іздемейміз. Осының кесірінен ұлттық мүддеге қалай жұмыс істеуге болатыны айқындалған жоқ, ұлттық идеология жайлы тіпті де бас қатырғымыз келмейді.

Осы орайда 2000 жылдардың басында болған мына оқиғаны баяндай кетейінші. Құрбымның інісі Азамат пен келіншегі Әсем шаруаларымен бір жерге бармақ болып трамвайға мінеді. Салон ішінде адам аз, түрегеліп тұрғаны санаулы ғана. Артқы есіктен кірген олар салонның алдыңғы жағынан Азаматтың жездесін көреді. Ол кісі Азаматтан бірнеше жас қана үлкендігі бар дейтін емес, әжептәуір жаста. Содан кейін Азамат қанша жерден жездесіне әзілдесе бергенімен Әсем олай ете алмайды, алдынан кесіп өтпей сыйлап жүреді, сәлем салатыны бар. «Трамвайдың ішінен ол кісін кездестіріп қалғанда не істерімді білмедім. Басымды изеп сәлемдескеннің ырымын жасайын десем, ыңғайсыз. Бақырайып қарап тұра берген тағы біртүрлі. Содан трамвайдың жүріп келе жатқанында жұмысым болған жоқ, ағаға жайлап жақындап әдеттегідей иіліп сәлем жасадым. Тура сол кезде бағдаршамның қызыл жарығы жанып, трамвай да жүрісін саябырлата тоқтаған еді», – дейді Әсем. Ол үшін үлкенге сәлем салу – үйреншікті ісі, оңтүстікке келін болып түскеннен дағдыланған. «Кілең орыстардың көзінше келіннің алдыма кеп сәлем салғанына, ой, бір асқақтадым! Қатты қуандым. «Көрдіңдер ме, қазақтың келіні қандай, қазақтың тәрбиесі қандай!» – деген түріммен трамвайдағы сол сәтке куә болғандардың бәрінің алдында кәдімгідей марқайдым! Мақтандым, айналама паңдана көз салдым және соның бәрі менің жүзіме жазылып, түрімнен бақырайып көрініп тұрғанын сездім». Мұны да Мейірбек ағаның өз аузынан естіген едім. Естігенде мені де ерекше сезім билеген сонда. Азаматтың Әсемнің «тапқырлығына», оның инабаттылығына, үлкенді сыйлай білетініне қалай риза болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Міне, өз қағынан жерімей, өз дәстүрін ардақтаған қазақ келінінің кейінгіге көрсетер өнегесі! Өкінішке қарай, осының бәрі күйеуінің тегіне өткен соң келінді алдымен ұлттық ұятынан айырады, ал бара-бара қазақтың әдемі салты жойылады. Зейнеп апамыз айтқандай, қанша жерден мән беруге де тұрмайтын нәрсе ғой деп қарағанымызбен, қазақтың ұлттық ерекшелігіне осылай сына қағылып жатқанын ойлағымыз да келмейді.

Жоғарыдағы Әсемнің үлкенге деген ізет-құрметіне кез келген қазақ баласы қызығады, сондай болуға тырысатын қыздардың көбейетініне де сенімдімін. Бірақ ол үшін өзіміздің ұлттық дәстүр-салтымыздың әрқайсысының маңызы мен мағынасын білген жөн, мейлінше насихаттап, жастардың құлағына сіңіре берген дұрыс. Өйткені қазаққа мұны өзге ұлт келіп жасап бермейді, түсіндірмейді. Өзгеге бәрібір, өз ұлтымыздағы ерекшелік те, тағылым-тәрбие де тек өзіміздің қазаққа керек.

Адамның тегіне байланысты дау тудыратын тағы бір мәселе – тегіміздегі -ов, -ев жалғауы. «Қазақ болсаң неге құжатыңды түзетпейсің?» – деп ренжитін жастарымыз көп. Тіпті өзім де ондай ренішті талай естідім. Рас, алғаш Шер-ағамыз еліміз Тәуелсіздік алған бойда тегіндегі -ев жалғауын алып тастап Шерхан Мұртаза болып газет бетінен жарқ ете қалғанда мен де қуандым. Қазақ бола алатыныма. Бірақ артынша-ақ тез айныдым. Өйткені Шер-аға қазаққа танымал жазушы, кез келген қазаққа Шерхан ағаның тегі Мұртазаев екені белгілі болды. Ал кез келген қарапайым адам тегіндегі -ов, -евтен құтылғанда аты қайсы, тегі қайсы екені ұғынықсыз қалатыны ұнамағандықтан, анығы, бірізді болмағандықтан, тектегі ала-құлалықтан. Әрине, әйел затының аты мен тегінен ешкім қателеспейді. Бірақ ер адамдардың аты мен тегінде айырмашылық болмайтындықтан жаңылысып атауың оп-оңай. Бәріне бірдей «тегі» деген сөзді қосып бір ізге түсірсе, мен қазақ «болудан» ешқашан қашпас едім. Мысалы, Әбдірахмантегі Айгүл Болатханқызы. Тегім кім екені де, кімнің баласы екенім де бәріне түсінікті. Егемен ел болғалы бері өшкеніміз жанғанына қуандық, жоғалтқанымызды тапқанымызбен барымыздан айырылып бара жатқанымыз жанға батып-ақ кетеді... Сіз қалай ойлайсыз?
Наверх