Сөз қалай жоғалады?

Айгүл Әбдірахманова
Менің үйім – бұрынғы жатақхана, есесіне, қаланың қақ ортасында, барлығы – жанымда, ең бастысы, өзімнің жекеменшігім, маңдай теріммен келген аядай алтын ұям. Дәлізі бар дегені болмаса, бір бөлмелі үй. Тәптіштеп айтып жатқанымның себебі де бар.
Есіктің алдына, анығы, дәліз бойына қойылған ұзын орындыққа кешке қарай 5-7 сынып оқитын ұлдар жиналып алады. Бәрінің қолында – смартфон, жиналып ойын ойнайды, кино көреді, әйтеуір, үйіне қонақ келгенде әке-шешесінің мазасын алмай, бір бөлмеден шықпай томпиып ойнап отыратын бір үйдің балалары сияқты. Тату. Ұйымшыл.

Әсілі, жатақхана тұрғындары сыртқа ешкімді «алдырмайды», біреуіне сырттан бірдеңе деп көрсінші, басы бірігіп шыға келеді. Болмысы бөлек. Ауладағы үйлердің орыстарын не қазақша сөйлетеді, не олардың анау-мынау ескертпелерін құлағына ілмейді. Өздігінен ешкімге соқтығып қиянат жасамайды, бірақ ешкімді басындырмайды да. Қазақ баласының бойындағы намыс өзге ұлтта бар ма, жоқ па – білмеймін. Әлгі балалар – титтейінен бірге ойнап өскен, бірінің сырын бірі біледі, бірінің мінезіне бірі төселген сыралғы достар. Біздің көзіміз үйреніп кеткен көрініске сырттан кірген адам таңғала қарауы мүмкін. Өйткені бірігіп алып өз әлемі өзінде сыбыр-күбір сөйлесіп, мәз болып күліп, ойынның қызығына түскенде олардың айналасындағыларда шаруасы болмайды.

Балаларды күні кешке дейін интернеттің қызығына түсіп желіге байланып, көгендегі қозы-лақтай болады десеңіз, қателесесіз. Күніне бір-ақ мезгіл – кешкі сағат 20.00-21.00 уақыт аралығында бас қосады. Сенбіде түнгі сағат онға дейін отыруы мүмкін. Қалған уақытта сабағын оқып, әке-шешесіне қолғабыс етеді.

Бір жолы менің өтінішіммен сыйлас бауырым үйге келуі керек болды. Оның біздің шаңыраққа бірінші рет келе жатқанын ойлап, домофоннан хабар бергенінен соң-ақ сыртқы есікті ашып қойып күттім. Есігімнің алдында өз қызығы өзінде болып шүпірлеп отырған ұлдар қонағымның көзіне біртүрлі көрінді білем: «Әй, қонақтап неғып отырсыңдар?» – деп сұрады қастарына бір сәт бөгеліп. Балалар не десін, бағжиып оған бір қарады, амандасқанның ишарасын жасады да, отыра берді. Қонағым басын бір шайқап үйге кірді.

Содан бері «қонақтап» деген сөз ойымнан шықпай жүр. Ауылда өскен бала бұл сөздің мағынасын, тауыққа қатысты айтылатынын біледі. Өмірі тауық ұстап, қораз төбелестіріп көрмеген қала баласы қайдан ұқсын мұны? Жалпы, кез келген сөз тұрмыстық қолданыстан шыққан соң-ақ ұмытыла бастайды екен ғой.

Айталық, бір ғана киіз үйдің төңірегінде қаншама сөз бар және сонша сөз сол қасиетті киіз үймен қазақ баласының жадынан өшіп барады. Кез келген қазақ кез келген уақытта киіз үйге қатысты – бақан, уық, түңлік, басқұр, сықырлауық деген сияқты сөздерді айта бермейді, күнделікті тұрмыста бұл сөздер қолданылмайды.

Сондықтан сөздердің біртіндеп ұмытыла бастауы – заңдылық. Киіз үйді әлі де тігеді, Аллаға шүкір! Қазақ барда киіз үй құрып кетпейді. Қанша жерден қалалық болғанымен қазақтың тамыры – ауылда, алдынан мал, аузынан ақ кетпеген ауыл қазағы жаз жайлауға көшкенде осы киіз үйде тұрады.

Сондықтан да ауылда өсіп жатқан қазақ баласы киіз үйге қатысты сөздерді айтады, олардың сөздік қорында бар. Осыған шүкір дейсің.

Енді бір мысал, Қазақстан – көпұлтты һәм зайырлы мемлекет. Қай тілде сөйлесе де, қалай жүріп-тұрса да, қандай діни сенімде болса да, кім не киіп, не ішсе де ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Әрине, бұдан «біздің мемлекетте адамдар ойына не келсе соны істейді екен» деген ой тумауы керек.

Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова апамыз айтқандай, Тәуелсіздік алған сонау 90-жылдардың басында шекарамыз ашылды, құшағымыз жайылды. Батыс келіп жалаңаштады, Шығыс келіп тұмшалады, жақсы мен жаманның аражігін ажыратпаған күйі барлығын талғамай-таңдамай «жұта» бердік.
Хиджаб киіп оранған қыздарды алғаш көргенде түсіністікпен, құрметпен қарадық. Бұл – шындық. Бірақ бірте-бірте хиджаб киіп оранған қыз-келіншектер қазақтың ұлттық таным-түсінігіне қарсы «шабуыл» жасай бастады. Айталық, олар үшін қазақтың тұрмысқа шықпаған қыздары да оранып жүруге тиіс. Айтар уәжі – шариғат бойынша солай болғаны жөн. Бірақ неге қазақтың дәстүр-салты шариғатқа жазылуы керек, мұны ешкім ойлағысы келмейді.

Мен бұл жерде ислам діні мен оның талаптары жөнінде біреуге ақыл айтудан аулақпын. Ал ұлттық құндылық жайлы үндемей қалғым жоқ. Қазақ қыздары мен келіндерінің ұлттық баскиім түрі өте көп. Тақия, бөрік, қасаба, сораба, жырға, сәукеле, желек, жаулық, орамал, бөртпе, шәлі, кимешек, күндік... Ал шашқа тағатын шашбау, шаштеңге, шолпы... Сонда не, қазақ қызы енді шариғат бойынша киініп, осы ұлттық атаудың барлығын ұмытуы керек пе? Неге? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Қазіргі қазақтың шашы ұзын қыздары бұрымына шолпы таға бастады, яғни жасөспірім қыздардың өзінің ұлттық әшекей бұйымына қызығушылығы артып келеді. Шолпы тек сәндік бұйым емес, бұл – ұққан жанға бойжетіп өсіп келе жатқан қыздың жүріс-тұрысын «түзететін» тәрбие құралы.

Тағы да сол салт-дәстүр насихатшысы Зейнеп апамның айтқанына құлақ салып көрелікші: «Адам ұлтымен бірге туады. Қазақ болып туған екенсің қазақтың тілі, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, дәстүр-салты, ән-күйі, ырым-тыйымы, әдет-ғұрпы – осының бәрі саған тиесілі. Дін содан кейін келеді. Дінді ұлттың үстіне шығаруға болмайды. Дін ұлттан үстем болса, ұлт жойылады».

Шындығында да, құдіреті күшті Алла тағала Жер бетіне тек бір ғана ұлтты жарата салуға пәрмені жетпей қалған жоқ қой. Олай болса, өзге ұлттың ұлттық киіміне жармасудың қажеті не? Өзгенің қаңсығына таңсық болып, өз қазағыңда бар нәрсені жою кімге керек? Қазақ қызының қос бұрымын, оған тағылатын шашбау-шолпысын ұмыттырғаннан, одан бездіргеннен кім не ұтпақ, теріс ағымды насихаттаушылардың мақсаты – ұлтты жою ма? Олай болмайды. Қазақтың өз дәстүрі мен мәдениеті, өз салты мен әдебі қалыптасқан, өзінің ғажап тілі бар. Қазақ – өте көне халық. Ғасырлардан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтан оңайлықпен айырылмайды.

Тіліміздің шұбарлануына үлесін қосып жатқан тағы бір нәрсе – жарнама. Жарнаманың қалай болса солай жазылған мәтіні. Көшеде, дүкенде, аурухана дәліздерінде, ойын-сауық орталықтарында, коғамдық көліктерде тілі дүбәра, мәтіні шала аударылған жарнаманы жиі көреміз. Көзіміз үйренді, етіміз өлді бұған. Сондай қатеге толы мәтінді көрсек те, сол мекеменің қожайынына қате жазылған жазуды көрсетіп, түзетуді талап етіп жатқан ешкім болмағандықтан да бұл сорақылық азаймай тұр.

Өзінің тіліне өзі жаны ашымаған соң мемлекетімізде тұрып жатқан өзге ұлтты не деп кінәлайсың мұндайда. Құдайға шүкір, Кеңес Одағы кезінде қазақ тілінде сөйлеген бар-жоғы бір ғана арнасы болған Қазақстанда бұл күнде қазақ көретін арна баршылық. Қазақ тілінде көрсетілетін түрлі бағдарлама мен хабарлар да жетеді. Бірақ, өкінішке қарай, телеарналардағы титр қателері, жарнама мәтіндері сын көтермейді. Адамдарды интернет арбап, түрлі әлеуметтік желі шырмаған кезеңде теледидар көретіндер азайған да шығар.

Өз басым, күндізгі уақытта ара-тұра «Той-думан» арнасын қосатын әдетім бар. Теледидар алдында қадалып отырып көрмесем де, қазақша әндер айтылатындықтан бір уақ осы арна қосулы тұрады. Қатарынан төрт-бес әннің бейнебаяны, бірнеше жарнама беріледі және әндер де, жарнамалар да күні бойы қаншама рет қайталанып көрсетіле береді. Осынысы үшін «Той-думанды» күні бойы көрудің де керегі шамалы. Демде жалығасың.

Енді осы арнадан үзбей беріліп келе жатқан бір ғана қымбат тон мен ішіктер сатылатын дүкен жарнамасының мәтініне көңіл аударсақ. «Қазір ШУБАНЫ алып, асықпай артынан ақшасын бөліп төлей берсеңіз болады. Қыздар, сіздерге керемет жаңалығым бар, Қазақстандағы нөмірі бірінші БРЕНД ШУБАЛАР желісі 70 пайызға дейінгі керемет жеңілдіктер жасауда. Тондардың сапасы керемет және де бағалары да тиімді. НОРКА ШУБАЛАРЫН 260 теңгеден жоғары ала аласыздар. Тауарларды алу барысында көптеген бағалы сыйлықтар бар және әрбір тауарға бір жылға ГАРАНТИЯ беріледі».

Міне, біздегі жарнаманың сиқы. Әттеген-ай! Тон сөзін біресе – қазақша, біресе – орысша айтып, сапасыз аударылған «шалажансар» мәтінді ұсынған басқа ұлттың адамы шығар, бірақ соны қабылдап алғандардың ішінде қазақ болмауы мүмкін емес қой. Ең, сорақысы, осыны жарнамаға түскендер, мәтінді оқығандар – қазақтың қыздары.

Рас, қазір жарнаманың заманы, жарнама арқылы көл-көсір пайда табуға болатыны белгілі әрі одан түскен қаржы арнаның «жыртығына жамау» делік, бәрі түсінікті. Десе де, егер талап күшті болса, егер қазақтың өзі ана тіліне жаны ашитын болса, қазақ тілін бұлай қорламас еді, ешкімнің қорлауына жол да бермес еді... Осы арнадан берілетін ән сөздеріне, жүргізушілері мен әншілердің қалай болса солай сөйлейтініне ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Сондықтан «Той-думанға» жарнама ұсынатындар «осыларға осы да жарайды» дегендей жүрдім-бардым қарайтын сияқты. Бұл – менің өз ойым.

Өкініштісі, қазақ әндерінің естісін де, есерін де, көрерменнің сүйікті әншісін де, қазақ эстрадасына жолдан кеп қосыла салған талғамсыз орындаушыны да араластырып тастағандықтан арна басшылығы бұдан тек талғамсыз көрермен қалыптасатынын ескермепті. Әншілердің өзі де бұған намыстанбайды, ұялмайды.

Бір қызығы, үй жұмысымен айналысарда көп келіншектер осы арнаны қосып қоятынын да білдім. Өкініштісі, солардың үйіндегі балалардың санасы қаптаған жарнамадағы, арнадан шырқалған толассыз әндердегі «жарымжан» сөздермен уланып жатыр. Өйткені бала көргенін істейді, естігенін қайталап айтады, теледидардан толассыз беріліп жатқан әндер мен жарнамадағы сөздерді сол күйі дұрыс деп қабылдайды. Қазіргі кітапқа емес, желіге байланған балалардың тілінің қасаң, ойының жұтаң болатыны да сондықтан. Өзінің ойын толық жеткізе алмайтынының себебі де осында. Ең сорақысы да – осы.
Наверх