Ұрпақтың амандығы - ұлттық тағамда

Серік Алдан
Дәл қазіргідей бүкіл әлемді коронавирус пандемиясы жайлап, барша адамзат баласына аты жаман індеттен аман қалу басты мәселе болып отырған тұста, біздің редакциямызға да «қауіпті індеттен сақтану жолдары қандай, адам ағзасындағы иммунитетті қалай көтеруге болады?» деген секілді сауалдар көптеп келуде. Осы орайда, «келешек ұрпақтың саулығы мен амандығы үшін неден сақ болып, қандай әрекеттер жасауымыз керек?» деген мақсатта мақала жариялап отырмыз.
Дені сау ұрпақ қалдыру деген сезім барлық тірі жан иелеріне, тіпті өсімдіктер әлеміне де тиесілі таңғажайып құбылыс. Адамзат та табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, ол үшін де барлық замандар мен дәуірлерде ұрпақ қамы тіршілігінің басты қағидасы болып келді, солай жалғаса береді. Бұл – инстинкт.

Енді осы ахуалды қазіргі жаһандану кезеңінің аралық әсерімен қарасақ, адамның дені сау ұрпақ қалдыруы тығырыққа тіреле бастаған. Бұған бірнеше фактор бар десек, соның негізгісі – жаһандану. Бүкіл әлемді шылауына шалған жаһандану үрдісінің ғылыми-технологиялық беталысы мығым болғанымен, ұлттардың табиғи болмысына орасан зор нұқсан келтіріп жатыр. Ал табиғи болмыстың критерийлері бірнешеу болса, соның ең өзектісі – ұлттық тағам. Ұлттың сау-саламаттығы мен ой-қиялы өз табиғи ортасының тазалығына және жергілікті таза ұлттық тағамына тікелей байланысты. Әрине, табиғи ортаның тозуы мен мыңдаған жыл бойы ата-бабалары азық еткен жергілікті ұлттық тағамдар мен сусындардан алыстағаннан кейін болмыс-бітім мен салауаттылық кері кетеді. Тіршілік ағымы өзгергесін ұлттың ой-қиялы мен санасы да сарсаңға түседі. Осыдан барып тілі де шұбарланса керек.

Басқаны қойып, қазақты алып қарасақ, көшпелі тіршілікте халықтың дені сау, тілі таза болды. Қазақ еңбекпен өстіп-өнді, мың-сан дәрілік шөптерді қолдана білді. Ішкен-жеген тағамы да жергілікті ортаның таза табиғи өнімдері еді. Батырлар да, ақын-жыраулар да, ойы безбен би-сұлтандар да осындай ортада өсіп-жетілді. Мақал-мәтелдер мен шешендік сөздеріміз қандай? Көкірек көзі ашық, талантты халықпыз. Жаһанданусыз-ақ дені сау ұрпақ өсірген халықпыз, жеті атадан бері қыз алыспау деген тәртіп орнатқан бізден өзге халық жоқ.

Мұның бәрі өткен дәуір дегенмен, алдағы күннен үмітіміз болғасын дені сау ұрпақ қамы күн тәртібінен түспеуі керек. Рас, мемлекеттің салауатты өмір салтымен күн кешу жайлы саясаты құптарлық нәрсе. Медицинаның қызметін де үкімет жетілдіріп, қолжетімді еткен. Халық таршылық көріп отырған жоқ, не ішемін, не жеймін демейді. Бұрынғының тілімен айтқанда, көйлек көк, қарын тоқ. Сыртқы көрініс осындай. Ал ішкі көрініс басқаша. Өйткені тұрмыс-тіршілік пен ішіп-жем қазақтың болмысынан мүлде алыс. Қазақты бейтаныс бағытқа әкетіп бара жатыр десе де болғандай. Ең бастысы, қазаққа тән аман-есендіктің өзі төмендеді. Өйткені жастарымыздың басым бөлігі осы күні әлжуаз. Ал дүниеге енді келіп жатқан ұрпағымыздың бойында аталарымыздың кезіндегі дене қуатынан жұрнақ қала ма, жақ па, белгісіз. Қалуы неғайбыл.

Бұлай деуімізге себеп көп. Өзіміз күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, бүгінгі күннің тағамы мен қоршаған ортасы және өмір сүру қалпы қазақша емес. Өмір сүруіміз бен ішіп-жеуіміз орысша, қытайша, Еуропа елдерінше, Америкаша болып араласып, аталасы шығып кетті. Қаланы былай қойғанда алыс ауылдарымыздың өзі қазақы табиғи таза өнімнен жерініп барады. Ауылдарда ет орнына окорочка мен колбасаны, сүт орнына фанта мен коланы, қымыз-қымыран орнына арақ-шарапты, нан орнына чипсы мен фри деген тағамды, көже орнына шыққан тегі мен құрамы белгісіз құтыдағы лапшаны, май орнына майонезді, жеміс-жидек орнына сырты жылтыраған, қытырлаған әдемі қағаз ішіндегі түсініксіз бір тағамдарды хош көретін болды.

Осы жақында Сарыағаш, Келес жақта болдым. Бір үйдің жас балалары «Кола» сусынына тәуелді екенін көріп таң қалдым. Мектепке барғаны бар, әлі бармағаны бар, күн сайын қанып кола ішпесе, тыныстары тарылып, ойыннан да, ұйқыдан да қалады екен. Күнде кеш батар алдында коланы кәдімгідей талап етеді. Ата-анасы дүкеннен екі литрін әкеле қояды. Дүкен көп, әр көшеде екі-үшеуі тұр. Жас балалар коланы сыңғыта ішіп, фри деген тағамды қытырлата жеп барып әрең тыншиды. Күн сайын осылай екен. Үй иесіне мұндайды қойыңдар деп білген ақылымды айтып кеттім. Бұл балаларда денсаулық нашар болады. Ішкі органдар, соның ішінде бірінші кезекте бүйрек әлсірейді. Сол үйде жеміс-жидек, құрт-май, әсел, өрік-мейіз бар екен. Бірақ жас балалар соның бірін де татып алмайды. Есі-дерттері кола, чипсы, роллтон, колбаса, түк қуаты жоқ, ақ нан, жылтыр қағаз ішіне желімдерлген тәтті күлше, тағы осы сияқты бізге түсініксіз көше тағамдары.

Ал жеміс-жидек, құрт-май, әсел, өрік-мейіз дегенді мейман келгенде сәнге қояды дағы екі-үш күн тұрғасын қоқысқа тастайды. Осындай жағдайдағы отбасылар аз емес. Әлгі кола, сендвич, бургер дегеннің бәрі калориясы жоғары болғандықтан асқазанға сіңбейтіні өз алдына, ағзадағы зат алмасу мен қан айналымын бұзады және артық салмақ байлайды. Ал егер жергілікті өнімнен жасалған таза ұлттық тағамдар мен сусындарды ішіп-жеп өссе әлдеқайда қуатты, сергек болып жетілері сөзсіз.

Дені сау ұрпақ өсіруге тағы бір үлкен кедергі – интернет пен қалта телефоны. Жас балалар далаға шығып ойнамайтын болған. Үйде телефонға үңіліп күн өткізеді. Сәбилер мән-мағынасы аз арзан мультфильмдерге тәуелді, бір сағат көрмесе мазалары қашады. Есте сақтау әлеуеттері мультфильмге толып қалғасын тілі де шықпай ата-анасын уайымға салады. Мектеп жасындағылар болса асыр салып ойнаудың орнына смартфонның құлына айналып күнұзақ бүкшиіп отырғаны.

Балалардың тамақтануын зерттеуші ұйымдар гамбургер, фри, кола сияқты тағамдарды жиі қолданудың салдарынан ағзалары калорияны шектен тыс артық қабылдап жатқанына дабыл қағады. Әрине, мектептерде ыстық тамақ бар, бірақ ол да қазақы емес, орыстың ішер асына орайлас келеді. Көбіне ноқат, қарақұмық сынды астар жасалады. Ал мектеп буфеттерінде балаларға тәтті күлшенің түр-түрі, пицца, қамырға орап қуырған шұжық, фастфуд, фри, коло сынды тағам сатылады. Мұның бәрі дұрыс еместігі бесенеден белгілі. Қазақ баласы қазақ тағамын жеп өспей және қазақы тұрмыс пен ойындарға бет бұрмай ұлттық болмыстан да, тілден де ажырай береді деушілердің сөзі тура.

Шымкентте Нұрлан Мыңбай есімді оқымысты бар. Өзі орыс тілді түркітанушы, ғылым докторы. Осындан он жыл бұрын алған сұхбатымда ғалым жаһанданудың ұлтымызға қаупі жайлы айтқан еді. Қазір де ахуал дәл солай, өзгерген ештеңе жоқ. Жарияланған сұхбатта Нұрлан Мыңбай былай деген:

«Жаһанданудың пайдасымен қатар зиянды жақтары да көп. Оның ең басты қиындығы – халықтардың бойындағы рухани құндылықтарды жояды. Қазіргі жаһандану заманында тек қана материалдық құндылықтардың аты озып тұр. Мұны жаһандану адамзатты таптап бара жатыр деп түсінуге де болады. Ол күллі адамдарға тек қана жаппай тұтынушылық идеяны таңып отыр. Күш қолдану, қатыгездік, адамның теріс жолға түсуі сияқты жағымсыз нәрселердің көбейіп бара жатқанында да жаһанданудың зор үлесі бар. Кинолар мен кітаптар осындай оқиғаларды насихаттаудан бір танбай келеді. Жаһанданудың жарнамалық идеологиясы еріксіз түрде санамыздың түкпір-түкпіріне енді. Дүниежүзін фанта, кола, сағыз жайлап алды. Адамзаттың жеткен осы «жетістігі» қыр соңымыздан қалмай қойды. «Кола, твикс, сникерс сатып ал да рахаттан, сонда сен бақыттысың». «Өмірдің мәні – қайызғақпен және жағымсыз иіспен күресу». Осындай жарнамалар өмірімізге бастырмалата еніп барады. Нарықтық қатынастың үстемдік құрып тұрған қазіргі жағдайында адамдар жаппай ұлттық құндылықтардан, рухани беталыстарынан айырылуы мүмкін. Адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жоғары моральдық-этикалық жетістіктері мен ұлылыққа, шындыққа, әсемдікке деген талпыныстары көз алдымызда күлі көкке ұшуда. Әлемге Шекспирді, Джордж Байронды, Роберт Бернсті берген Ұлыбритания бүгінгі күнгі Гарри Поттерден есі шыға басы айналып, осыны жер жүзіне таңып отыр. Биік өнердің мәніне нұқсан келтірілуде.

Осындай қауіпке қалай қарсы тұрамыз? Оның бір-ақ жолы бар. Жаһандануды өзіміздің терең этникалық тамырымызға бойлатпауымыз керек. Ұлттық болмысымызға қауіп төндіретін жаһанданудың тек экономика мен елдің қаржы капиталы үшін пайдалы жақтары болмаса, қалған зиянды жақтарынан бас тартуымыз қажет. Сонда ғана біз жаһанданудың кері ықпалынан аман шығуымыз мүмкін».

Бәрін айт та бірін айт, болашақ ұрпағымыздың сау-саламат болуы үшін ұлттық негізіміздің тұрғысынан тер төге еңбек етуіміз қажет.
Наверх