Миллиардтың сұрауы бар ма?

Амангелді Сейітханов
Қоғамда Қазақстан футболы жайлы, оның қазіргі жай-күйі жайлы сөз көп. Біздің футбол қашан дамиды? Қазақ футболы әлемдік додаға шыға ала ма? Оның жолы қайсы? Қазақстан футболының келешегі қандай? Мақаладан оқыңыз.
Кейбіреулер футболды майшелпек көреді. Және оған негіз де бар. Көп із тастамайтын, сұраусыз қаржыны игеруге кім икемделмесін? Отыз жылда үш стадион салмағанымыз былай тұрсын, допты түзу тебетін ойыншы тәрбиелеп үлгермедік қой. Мысалы, Өзбекстанның дарынды ұлдары Ресей нарығында ғана емес, Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие. Мысалы, Әділ Ахметовті Лондонның «Арсеналы» ат-түйедей қалағаны неге тұрады. «Өзбек ол деңгейге қалай жетті?» деп келетін сауалға жауап оңай табылады. Алдымен сапалы футбол алаңдары. Барлығы дерлік балалар үшін тегін. Екіншіден, ел спортшыларына жаны ашитын функционерлер көп. Тіпті осы біздің Бактиер Зайнутдиновтың Мәскеу ЦСКА-сында өнер көрсетуіне де солар ықпал етті ме деген күдік бар бізде. Әлішер Усмановтың бір өзі бірнеше футболшыға жол аша алатынын дәлелдеді. Бір кезде «Пахтакорға» есе жіберуді ар санайтын «Қайрат» есін де енді жинай бастады. Он алты жыл бойы ұлттық біріншілікті ұта алмаған командадан бірдеңе дәмету де қашпаған құнажын уызынан дәмету іспеттес. Қайрат Боранбаев қатырып тұрып академия салып тастады. Естуімізше мемлекет те әлгі жобаға қолдау көрсетті. Тіпті «Қайрат» шеберлер командасы әлі күнге дейін Алматы бюджетінен бір миллиардқа тең қаржы алатын көрінеді. Қанша ауқатты десеңіз де, Қайрекең ел қаражатына ептеп болсын қол созып келеді. «Қайраттың» өзін қолдаудан тартынбайтын біздің ел өзге облыстардағы футболға көмекті аясын ба? Былтыр пандемия бюджеттің біразын құтқарып қалды. Әйтпесе «Қайсар» командасы Қызылорда облысының қаржысын теспей сорды. Сондағы жетістігі не дейсіз ғой. Сұрау салсаңыз сол кездегі бас бапкер Стойче Младенов миығынан күледі. Күрсінуге ұялады.

Жарайды, жардан құлаған кезіміз аз ба? Младеновтерді байыту бағдарламасына өзге облыстар да мейілінше ат салысты. Енді олар әрине өз младеновтерінің демеушісі еді. Желеуі жақсы. Өңірдегі футболды дамытып жатыр. Өзге түгілі Мемлекет басшысының өзі де сол өтіріктің қисынына сене алмаған секілді. Президент меморандумға қол қоймаса да, мемуарға лайық тақырып ұсынған. Тақырып емес ау, тапсырманың нақ өзі. Оның астарына үңілген Ақтоты ханым: «Биыл бюджеттен ақша алатын командалар мейілінше үнемді ойлауы тиіс», - деп ұран тастады. Оған ел құлағы елең етіп, енді өз өрендерімізге кезек тиетін шығар деген ойға оранды. Не жаңалық бар екен десіп, дүркін-дүркін дүрбі салатыны да сондықтан. Көз талдырып қарағанда қарауылға не ілінді дейсіз ғой? 

Бірнеше команда бапкер ауыстырды. «А» қарпінен бастайық. «Ақжайықты» Мазяр қайта қолға алғанын білесіздер. «Оралдық Мәке» атанған әлеуметтік желі тұтынушысы команданың парақшасына, «Ұтылсаң ,Dukagjini ұтыл деген атам қазақ», - деп жазба қалдырыпты. Шамасы Мазяр командасының шарасыздығы шамына тисе керек. «Оралдық Мәкенің» ашуланатын жөні бар. Өзі бүйрек бұратын команда оның алдында Украинаның «Рухынан» тас-талқан жеңілген. Есеп 1:4. Соған күйінген біздің Мәкең әлгіндей мақал ойлап тапқан ғой, сірә. Өзге жанкүйерлердің қабағы түйіліпті. Түңілмесе де, алаңда жүгірмейтін футболшылардан көңілі қалған шамасы. «Қорғанысы – нөл!» деген наласын ақтарыпты, Азамат Изтелеуов деген азамат. Тегі солай жазылыпты. Сол күйі өзімізге қотарып алдық. Азаматтың арманы биік шығар. Мазяр келді дегенде мәз болып, осы бапкердің ісі өрге баса ма деп ойлайды ғой енді. Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, жолдастық кездесуде «Ақжайық» 0:3 есебімен ұтылды. Орал командасының сапында кімдердің алаңға шыққанын тап басып айту қиын. Себебі, мәлімет жоқ. Кім шықса да оңдырмағаны анық. Кейін мәлім болғандай, Батыс Қазақстан облысының бюджетіне кәдімгідей салмақ салатын бұл команда Мазярдың бірнеше жерлесіне жұмыс тауып беріпті. Артем Барановский кезінде «Титанда» ойнады. «Титаннан» ойыншы таситындай не күйге түстік дейсіз бе? Жауабын Орал футболына жауапты жандар біледі. Карпат тауынан Микола Коватлюк та түскен екен. Харьковтен Сергей Литовченко жетті. Мазяр шақырды дегенде не жан қалады, енді. Дмитрий Мичуренконы да Жайық жағасы жатырқамайтын шығар. Евгений Козлов Эстониядан келді. Беларус Павел Назаренкоға да жұмыс табылатын шығар. Сырттан ойыншы тасығандарға жүлде берілетін болса, біздің «Ақжайық» үміткер атануы мүмкін. Бірақ өзге командалар да «сау сиырдың» жапасы емес.

«А»-ның бірі «Ақтөбе» ғой. Анау Беларустан Алексей Баганы алдырған соң аяғын кеңге салады да, енді. Және ойын өрнегі де түзу екенін жанкүйерлері жарыса жазып жатыр. Бага да өз бәсін білетін бапкер. Достарын да жинай жүреді. Бір кезде, әлгі БАТЭ тізгінін ұстаған жылдары маңында жүрген таныс-білісінің көбін қасына топтап жатыр. Түбі камерундық, қазір Франция өкілі ретінде жүрген Эрвейн Мукам енді «Ақтөбе» футболшысы. Тонго Думбия да жүрген көрінеді. 31 жастағы Мали елінің жартылай қорғаушысы тіпті «Вулверхэмптон» сапында өнер көрсетіп үлгеріпті. Мукам мен Думбия мұқым көрерменнің көзайымына айналса, кәні! Бага тізімі осы екеуімен шектелмейтіні анық. «Отыздағыны көрсе, ортаға ал!», - деген мақалды Бага шығарған секілді. Өзімізше айтсақ, «орда бұзар» жастағы Боян Дубайич те қазір «ақ-қызыл» жейдеге қол созды. Отандық футбол «шекпенінен» шыққандар емес, алыстан ат арылтып, жол ұтқандар тізімдерді толтыруда, әзірше. Министр Ақтоты Райымқұлова мұны естісе не дер екен? Әлде облыс әкімдері оның айтқанын құлаққа ілмей ме? 

«А»-ның бірі «Арыс» еді. Енді «Тұран» атанды. Біздің әріптестер команданың тұсаукесерінен келісті репортаж жасап, бұл команда Түркістан облысынан шыққан ойыншыларға жол ашады деп еді. Бүгін «Тұран» сегіз бірдей футболшымен келісім-шарт жасасыпты. Созақтан кім келді деп елең ете қалыстық. Өйткені Шолаққорған кешегі Кеңес кезінде де аяқдоптан алға шыққан өлке. Қалмұқан ағамыз жазған «Он үшінші ойыншы» кітабын біздің буын жастанып, оқып еді. Футболшы Айдар Қоңдыбаевтың өмір жолына құрылған шығарма бәрімізді баурап алған. Мектептегі балалардың бәрі Айдар секілді доп тебуді армандадық. Бүгінгі тізімге мойын созып, Созақтан біреуді күткеніміз сондықтан. Ал, келгендір кімдер дейсіз бе? Шаянды түсінде көрмеген Лайонел Адамс пен Павел Деаболд. Немесе, Никита Бочаров пен Алексей Залеский. Евгений Смирнов, Милан Стоянович, Стефан Живкович секілді жігіттер де енді Түркістанда доп тебеді. Айтпақшы, былтыр «Арыста» ойнаған Стэнли Нкобимен де келісім-шарт жасалыпты. Міне, сүзгіден өткен сегіздік. Бочаров бұрын «Ордабасыда» ойнады. Адамс «Каспий» сапында болды. Андрей Залеский «Жетісуда» жүр еді. Стефан Живкович те өткен маусымды Талдықорғанда өткізді. Үйреншікті кісілер енді, былайша айтқанда. Тау қопарған түгі жоқ. Футбол агенті аталатын алып ұжымның ықпалындағы ойыншылар, сірә. «Сутьескадан» Бранислав Янкович те келді деп естіп едік. Бүгін-ертең оның да мәселесі шешіліп қалар.

«А»-ларды аралап бітпей жатып біздің ми шыңылдады. «Атырау» мен «Астана» күте тұрар. Бәрібір біз іздеген жігіттерді таба алмаймыз. Тегін айтсаң тіс сынатын есім-сойлар шетінен. Қай жерден ойыншы келмеді. Қай елмен футбол байланысын нығайтпадық... Келгендері үміт сыйлайды. Кеткендері қарық болады. Елдеріне барған бетте Қазақстан туралы әңгімені ауыздарының су құрып айтады. Осы «Қайсарда» доп тепкен Курьор ау деймін, «Қызылорданың бүкіл ақшасы футболға арналғандай. Елі кедей. Біздер ештеңеден тарықпадық», - депті. Ол ғана емес. Есітісі де, еңселесі де еліне барғанда Қазақстан секілді майшелпектің мынау дүниеде болғанына шүкіршілік етеді. Кеше ғана Алматы облысында жиын өтті. Жиын дегенде, өңір басшысы Амандық Баталов Қасым-Жомарт Кемеұлының тапсырмасына мұқият қарайтынын айтыпты. Ары кетсе «Жетісу» сапында тек төрт легионер болатынын тілге тиек етіпті. Дұрыс-ақ! Маусым кезінде санаймыз енді. Бір қолдың саусағы да жетіп тұр. Сол төрттің бірі нигериялық қорғаушы Филип Иполе. Жасы он тоғызда. Тек көңілде кірбің тұр. Жеті-сегізге жетіп бара ма деген. Және олардың жауабы да дайын тұруы мүмкін. «Ана жүрген Путин мырзаның жерлесі, доп тепкені Лукашенко ағайдың отандасы, Армения да өз бауырымыз. Олар ойнаса не бопты? Легионер десек, Пашинянды тілдегендей болмаймыз ба?», - деп келетін. Еуразия қақпасын ашып алып, енді сол елдердің футболшыларын да бауырға басып отырмыз. Өз балаларымыз өгей шешеге қарағандай алаңға алыстан көздерін сатады. Амандық көке бір амалын табар. Өзгелер қайтеді? Ринат Алюетов секілді отандық бапкерге сенім артуында да үлкен мән жатқан шығар деп ойлаймыз. Осы өңірде бұрын «Іле-Сәулет» деген команда болды. Өтеген батыр ауылында орналасты. Өзінің стадионы, оқу-жаттығу жасайтын кішігірім базасы бар еді. Команда сапында негізінен сол ауданнан шыққан ойыншылар жүретін. Мысалы, Александр Марочкин. Қазір Қазақстан құрама командасының қорғаушысы. Сол Александрды «Іле-Сәулет» басшылары көшеден көріп қалып шақырған ғой. Бауыржан Сәлімбаев сынды азамат ауданды футбол орталығына айналдырып жіберді. Бюджеті де көп емес еді. Екі-үш миллионның щамасында. Бірнеше балалар тобы болды. Тіпті алда Барселонада өткен турнирге қатысып қайтты. Екінші лигада да командасы ойнады. Ал, әлгі «Іле-Сәулет» бірінші лигада топ жарды. Жоғарғы лигада ойнауға қаржысы жетпеді. Кейін соны таратып жіберді. Стадионы не күйге түсті екен. Сондағы жоспар «Жетісуды» жұтындырып қою еді. Жұтынған қайда, жұтқыш командаға айналды. Соңғы он жылда «Жетісуға» бөлінген қаржыны анау –мынау бухгалтер шотқа сала алмайды. Бір «Іле-Сәулет» па екен? Талғардың «Ақбұлағын», Қаскелеңнің «Сұңқарын» қоса жауып тастады. Содан не ұтты? Ұтылғанымыз анық.

«Каспийді» аралайық. Соңғы ақпардың өзі Саид-Али Ахмаевқа тіреледі. «Тамбовта» ойнаған футболшы командасы қаржыдан таршылық көргенін біліп, теңіз кешті. Сөйтіп Ақтауға жетіп алды. Ол енді анау-мынау жалақыға көне салмайды. Министр Райымқұлованың «футболшының жілігі татитынына 1 миллион теңге көлемінде ғана айылық қоялық» деген талабына «тамбовтық» жігіт келісе қояр ма екен? Никола Цуцкичтің де енді Қазақстан футбол біріншілігінде доп тебетіні анық. Давид Караев пен Алексей Залескийді алуға да ақша табылыпты. Руслан Мигазов пен Тарас Бондаренконың және Шафик Тиграуджаның қайсысы легионер, қайсысы өз ойыншымыз екенін аңғару үшін де бірталай уақыт керек. Руслан ЕАЭО ұсынған жеңілдікті пайдаланар ма екен? Стефан Букорац та кеш түссе теңіз жағасында серуендейтін жағдайда. Қасына командалас досы Вайди Сахлиды ертіп алып. Мұндай тізімнен ми қайнайды дедік қой. Өткенде Джозеф Ада Ома жүр деп еді. Оны Қарағанды шақырыпты. Кенді қала ғой. Жеңіс Қасымбек мырза мырзалық танытатын шығар. Омасыз да ол жақта негізі легионерлер жетіп артылады. Әли Әлиев Қазақстан суперкубогы жолындағы жарыста қол астындағы шәкірттерінен көңілі қалып, енді кемі үш легионер алатынын мәлімдепті. Бүгінгі поштадағы хаттарды қарап отырып, сонау Македониядан Давид Атанасковский деген қорғаушының келе жатқанын естідік. Сосын езу тарттық.

Қазір кез келген мықтының мол ақшаға келетін заманы. Атанасковскийге неге езу тартты демеңіз. Қазақстан Премьер-лигасында доп тебетін кез келген командада өз Атанасковскийлері жетіп, артылады. Давид есте тұрған соң тілге тиек еттік. Әйтпесе онда неміз бар? Мүмкін шынында шебер футболшы шығар. Оны енді уақыт көрсетеді. Біздің күлетініміз биыл да Президент тапсырмасына облыс әкімдері құлақ аспайтын секілді. Кез келген командада қомақты қаржы қарастырылған. Ең кемі 600 000 000. Көбі миллиардтан асып жығылады. Тек жыл сайын сонша қаржының желге ұшатынына қарның ашады. Және оған жан баласы жауапты емес, Ары кеткенде бас бапкерді ауыстырады. Олардың да еті үйреніп алған. Бір күліп, кете салады. Күзді өткізсе болды. Қыста Қазақстаннан қайта шақырту келеді. 

Егер футболға жауапты команда басшысын, оған қолдау көрсеткен облыс әкімін аймаңдай етсе, қазақ футболы сорынан арылар еді...

Наверх