Маман дайындаудың маңызды жобасы

Гүлжан Абайқызы
Бүгін қоғам жаңарды. Уақыттың сұранысына сай өмір сүру қағидасы қалыптасты. Осыған орай мамандықтар рөлі де түрлі өзгерістерге ұшырауда. Жаһан жылдамдығымен тың жаңалықтар одан әрі күшейіп, шамамен 5 жыл сайын бүгінгі жаңамыз ертең ескіге айналып жатады. Жаңа мамандықтарды дайындаудың жолы қандай? Жаңаша әдіс-тәсілдері бар ма? Ой толғайық.
Бүгін сұранысқа ие мамандықтар ертеңгі күні қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүмкін. Осындай өзгерістерден кейін адам мен мамандыққа қойылатын талап та өзгеше болмақ. Ал бұл жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына да елеулі әсері етері хақ. Негізі мамандықтың бәрі жақсы, жаман маман қайдан шығады деген ой бізді мазалайды. Өйткені мамандықты алдымен жүрек қалауымен таңдап игерсе, екіншіден ол мамандық өзіне және қоғамға қызмет ете алса ғана ол нағыз сұранысқа ие маман болмақ. Ал бұл мәселенің сыртында қанша қыруар проблема тұр?

Қазіргі таңда елдің бәсекеге қабілеттілігі сапалы білім жүйесімен, сонымен қатар азаматтарының білім-білік деңгейімен анықталады. Сондықтан білім беру саласы заман талабына сәйкес дамуы тиіс. Тек жоғары білім алсам деген қасаң түсініктен арылғанда ғана жастардың еңбекке деген құлшынысы артады. Бүгінде еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беделін көтеру басты назарда. Мұндағы оқыту сапасын көтеру арқылы дайын маман тәрбиелеуге көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Сондай-ақ мұндай қадам жұмыс берушілердің талаптарына сай білім беру бағдарламаларының мазмұнын үнемі жаңартып отыруға да мүмкіндік бермек. Осы мәселені шешуде колледждерде жұмысшы және техникалық мамандарды даярлауға арналған жаңартылған білім беру бағдарламаларын жасау үшін халықаралық тәжірибелерді белсенді зерделеп және оларды әзірлеу бойынша нәтижелі жұмыстар атқаруда. Ең бастысы осындай жүйелі жұмыстың жемісі ол әрине жақсы жұмысшы маман. Мысалы ел экономикасының дамуына үлес қосар кәсіпорындардың мықты тірегі алдымен техникалық базасы болса, сонымен қоса онда жұмыс жасайтын кадрлардың біліктілігі, жан-жақтылығы. Істі кәсби тұрғыда жүргізгенде ғана өндіріс төрт аяғын тең басады. Ол үшін жоғарыда айтып өткендей еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру орындарының да білім беру форматы жаңаруы заңды. Ал алған білімді тәжірибе жүзінде пайдаға асыру үшін коллдеждегі техникалық жабдықтардың да алған білімнің негізінде болуы – уақыт талабы. Өкінішке орай , көп оқу орындары осы жағынан ақсап жатады. Яғни, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын заманауи қондырғыларлармен жабдықтау бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Осы өзектілікті жою мақсатында Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жас маман» жобасын бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Бұл жоба жұмысшы кадрларды сапалы даярлаудың жүйелі құралы дейді мамандар. «Жас маман» жобасы еліміздің 180 колледжін модернизациялауды, яғни оларды заманауи жабдықтар жиынтығымен жабдықтауды көздейді, оның ішінде халықаралық WorldSkills қозғалысының стандарттары да ескеріліп отыр екен.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес «Жас маман» жобасын жүзеге асыру бойынша оператор болып «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бекітілген. Акционерлік қоғам оператор ретінде «Жас маман» жобасына қатысатын колледждерді конкурстық іріктеу жұмыстарын өткізіп, былтыр аталған жобаға еліміздің әр аймағынан 80 колледж таңдады.

Бұл жерде көңілге қонымды тұсы осы таңдалып алынған колледждерге заманауи жабдықтарды алу барысында өңірдегі жұмыс берушілермен келісе отырып өз аймағында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін қажетті жабдықтардың тізімі жасалады. Сондай-ақ аталған жабдықтар құрамында кем дегенде 50% жұмыс берушілерден және кәсіпкерлерден тұратын аймақтық комиссияның қадағалауымен бекітіледі. Әр аймақ жабдықтар тізімін «Talap» КЕАҚ-ы жібереді.

«Talap» КЕАҚ-ның Жобалар және әлеуметтік серіктестік басқармасының басшысы Нұрдәулет Дәулетбекұлының айтуынша, бұл мекеме оператор ретінде барлық жабдықтар тізімін «Атамекен» ҰКП және салалық жұмыс берушілердің ассоциациясына келісуге жолдайды. Аталған мекемелерден келісім алынғаннан кейін жабдықтар тізімі республикалық комиссия деңгейінде қарастырылып, бекітіледі. Бекітілген тізімге сәйкес колледждер белгіленген тәртіпте сатып алу жұмыстарын жүргізеді екен.

Шыны керек, бұған дейін жұмысшы мамандығын даярлайтын арнайы орта оқу орындарының білімдегі бәсекесін айтпағанда материалдық-техникалық базасының берекесі кеткені рас. Заманның сұранысын сай техникалық маман дайындаудан гөрі шаштараз, аспаз сияқты тұрмыс деңгейінен артылмайтын мамандар көптеп шықты. Ал енді «Жас маман» жобасы арқылы колледждер білім бәсекесіне батыл қадам баса алады деп айтуға болады. 2020 жылы іріктеліп алынған 80 колледж бүгінде заманауи жабдықтарды сатып алған, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, аспаз, машина жасау, автокөліктерді жөндеу, ауыл шаруашылығы, IT мамандықтары бойынша, сонымен қатар мехатроника секілді жаңа салағада жабдықтардың болуы көп нәрсені аңғартады. Мамандардың айтуынша қазіргі күні жаңа қондырғылармен жабдықталған колледждер өз базаларында құзыреттілік орталықтарын ашу бойынша жұмыстарды жүргізуде.
Бұл үрдіс жақсы жалғасын тауып келеді. Енді биыл «Жас маман» жобасының шеңберінде 100 колледжді заманауи қондырғылармен жабдықтау жоспарланған. Бұл пилоттық жобаның тиімділігін арттырудың екінші бағыты - осы жаңадан алынған жабдықтарды еркін пайдалана алу үшін осы бағытқа бейімделген жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, жобаға қатысушы колледждерде жұмысшы кадрларды даярлаудың халықаралық деңгейде мақұлданған бағдарламаларын жүзеге асыру . Бұл да құптарлық әрі қуанарлық дүние. Өйткені еліміздегі еңбек нарығында нанотехнологтар, маркетологтар, бағдарламашыларға (программист) қаншалықты сұраныс болса да табысы төмен. Оның себебі де көп. Басты себеп осы мамандықтардың әлі де болса жетілдірілмей жатқаны. Мысалы «еліміздегі білім бағдарламасының 73% жұмыс берушілердің сұранысына сай емес» деген статистикаға қарап бағамдай беруге болады. Бұл кезекте «Жас маман» дер кезінде жүзеге аса бастаған бірегей жоба деуге болады. «Жас маман» жобасының жүзеге асырылуының арқасында еліміздегі колледждердің базасын жаңғыруда, бұл өз кезегінде колледж базасында білікті мамандарды даярлаудың сапасының артуына, яғни жұмыс берушінің талабына сай болуына әкеледі. Әрине қажетті нәтижеге бүгін-ертең жетеміз деу артық болар, дегенмен де «Жас маман» жобасының оң нәтижесі алдағы бес жылдың көлемінде көрінеді деген сенім бар.
Наверх