ХХІ ғасырдың ауруы – номофобия

Аян Қайырбаев
ХХІ ғасыр, сөз жоқ, ғылым мен техниканың, электроника мен цифраның, кезінде ғажайып болып көрінген адам қиялындағы ой мен фантазияның жүзеге асқан дәуірі. «Көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды. Мың шақырым жерлерге, адамды құстай ұшырды» деп Ы.Алтынсаринше айтсақ, адамзат дамуының қарқыны күшейіп, өмір сүруге барлық қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бірақ...
Бір сәт ойланып, қазіргі заматты саралап, жан-жағымызға назар аударайықшы. Техника мен технологияның барлығы соншалықты пайдалы ма, ол бізді жарқын болашаққа жетелеудің орнына түбі қараңғы құрдымға итеріп жатқан жоқ па? Бүгінгі ой-толғауымызды осы тұрғыдағы сұрақтарға жауап іздеп, жаңадан пайда болған номофобия ауруының себеп-салдарына үңілуді жөн санадық.

Номофобия деген не?
Номофобия деген – ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Сөздің төркініне үңілетін болсақ, «no mobile phobia» дегеннен шығады. Терминді 2008 жылы осы құбылысты зерттеген ұлыбританиялық ғалымдар ойлап тапқан. Мәселен қоғам пікірін зерттейтін ұлыбританиялық YouGov компаниясы Англияда тұратын миллиондаған адам ұялы телефонға тәуелді екенін анықтаған. Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше бұл адамдар жай ғана тәуелді емес, олар телефонсыз «өмір сүре алмайды», яғни бір уақыт телефонсыз қалса, алаңдап, жүйкесі сыр беріп, уайымдай бастайды. Бұл «дертке», әсіресе, 18-24 жас аралығындағы жастар көбірек бейім екені де дәлелденген.

Рас. Қазір біздің өмірді ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес сияқты? Музыка тыңдап, хат алмасайын десең де, ақша аударып, жақындарыңмен сөйлесейін десең де, видео қарап, бір «демалайын» десең де «сотка» керек. Ол әрдайым қасыңда, баяғыда өміріңнің «ажырамас серігіне» айналып кетткен. Басқасын қойып, мысал ретінде өзімді айтайын, барлық жұмысым мен кәсібім сол гаджетке байланған. Жұмыс болмаса, көңіл көтеріп, серігудің де құралына айналды емес пе? Қоғамдық көлікке кіріп қалсаңыз, жан-жағыңызды бір шолып өтіңізші: барлығында құлаққап, қолдарында телефон, екшімде шаруасы жоқ, әйтеуір экранға шұқшиғандар. Тіпті, бұл құбылыс жасқа да қарамайды, жастар ютубтан түрлі шоу көріп мәз, үлкендеріміз ватсаппен жазысып, бір-бірімен хат алмасып әлек.

Енді елестетіп көріңіз, телефоныңызды ұмытып не жоғалтып алсаңыз, жағдайыңыз қандай болмақ? Осыдан бір-екі жыл бұрын телефонымды жоғалтып, бір күн бойы «байланыста» болмағанымда, бүкіл өмірден «құр қалғандай» әсер кештім. Сондықтан телефонсыз қалудың психологиялық астары бар екеніне шүбә келтірмеймін. Әлбетте біреулерге оның-бар жоғы еш әсер етпейтін шығар, алайда соңғы кездері телефонсыз қалудан қорқатындар қатары күрт көбейді деп айтуға болады. Статистикаға сүйенсек, дамыған елдерде номофобиядан әрбір жетінші адам зардап шегеді екен.

Номофобия белгілері қандай?

Бұл «аурудың» себеп-салдары әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оны анқытаудың нақты белгілері бар. Сондықтан төменде жазылғандарды мұқият оқып шығыңыз да, өзіңізде қайсысы бар немесе жоқ екенін айтаңыз:

- Ұялы телефоныңызды таба алмай қалсаңыз, қатты ашуланып, ызалана бастайсыз.
- Телефонды таппағанша өзіңізді қолайсыз сезініп, қобалжып, алаңдайсыз.
- Телефонсыз 10 минут қалсаңыз, мазасызданып, уайымдай бастайсыз
- Қонақта болсын, кездесу-жиындара немесе жұмыс кезінде үнемі телефонға қарап, «ватсапты тексергіңіз» келіп тұрады, «біреу жазып қалмады ма екен» деп алаңдап отырасыз, әлеуметтік желіде бір оқиға талқыланып жатқан кезде сіз одан «тыс қалып қоймадым ба екен» деп ойлап отырасыз.
- Сіз үшін телефонды өшіріп тастау асы қиын шаруа, оны қажет емес кезде сөндіріп, алып тастауға «қолыңыз көтерілмейді».
- Сіз телефонды демалыста да, мысалы жағажайға барған кезде де, көлік жүргізгенде де, дүкенге 5 минутқа шықсаңыз да, дәретханаға барсаңызда тастамайсыз, түнде «қасымда болсын» деп жаныңызға алып жатасыз.
- Сізге SMS келіп, біреу телефон соқса, ештеңеге қарамастан, тез арада жауап беруге тырысасыз.
- «Телефонның қуаты таусылып, сөніп қалады» деп қорқып, өзіңізбен бірге қуаттайтын құрылғы алып жүресіз.
- Сіз телефоныңызды үнемі «біреу бірдеңе жазды ма, жазбады ма» деп тексеріп отырасыз.
- Таңертең тұрғанда да, түнде жатқанда да қолыңызға болатын бірінші зат – телефон.

Әлемнің барлық мамандары номофобияны алкоголизмге, нашақорлыққа және құмар ойындарға ұқсас тәуелділік деп танып үлгерген. Көріп отырғандай, жоғарыда суреттелген әрекеттердің ұшқыны әрбіреуіміздің бойымызда бар. Сондықтан бұл дертке тәуелді болмай, одан құтылудың жолдарын қарастырып көрелік.

Телефонға тәуелділіктен қалай құтылуға болады?

Біріншіден, өзіңізге мынандай сұрақтар қойыңызшы: «Телефонға көп көңіл бөлем бе, бұл менің жұмысыма қалай әсер етті?», «Телефонсыз, еш алаңдамай 20 минут болса да, өткізе аламын ба?», «Әлеуметтік желіде не қызық болып жатқанын білу маған соншалықты маңызды ма?»

Екіншіден, тәулік бойы телефонға қанша уақыт бөлетініңізді анықтап алыңыз. Ол үшін Moment – Screen Time Tracker, Checky, AppDetox, Screen Time Parental Control App, Breakfee App, Offtime сияқты бағдарламалар жүктеп алыңыз. Сонда қандай бағдарламаға қанша уақыт кетіретініңізді нақты білетін боласыз.

Үшіншіден, нәтижелермен таныс болғаннан кейін, қай нәрсенің маңызды екенін және қай затты азайту керек екенін анықтап алыңыз. Осыған қоса төмендегі кішігірім кеңестерге назар аударып, өзіңізге керектерін түртіп алыңыз:

- Қайда барасаңыз да өзіңізбен бірге телефонды алып жүруді тоқтатыңыз. Жарайды, «жұмыс үшін керек» дейік, бірақ одан тыс кезде достарыңызбен кездесіңіз, спортпен шұғылданыңыз, кітап оқып, жақындарыңызға көңіл бөліңіз.
- Ұйықтар алдында телефонды өзіңізден алыс қойыңыз, оны жастықтың астында салып ұйықтауға қатаң тыйым салынады. Біріншіден, ұйықтар алдында ми демалуы керек. Екіншіден, телефоннан да түрлі сәуле толқындары шығып, денсаулыққа әсер етеді.
- Күн сайын демалыс кезінде телефонды өшіріп қойыңыз, оған қатты алаңдамңыз. Демалыс уақытында демалу керек!
- Кішкентай балаларды телефоннан аулақ ұстауға тырысыңыз. Олардың назарын басқа қызықтарға аударып, өзара қарым-қатынас орнатыңыз.
Міне, бір қарағанда, қарапайым ұсыныстар. Алайда қазіргі уақыттың қарқыны өз дегенін істетуге әлек. Сондықтан телефонның болсын, басқа технологияның болсын құрбанына айналмауға тырысу қажет. Өмірдің өзінен рахаттанып, жан-жағымызға әрі өзімізге үңіле білсек, бұлардың тек пайдалы әрі жақсы жағын ала аламыз. Сол кезде өміріміз расымен жарқын болмақ.

Сөз соңында...

Швейцариялық дәрігер әрі философ, медицинаға өлшеусіз үлес қосқан Парацельстің «Кейде удың өзі дәрі, ал дәрінің өзі у болуы мүмкін. Ең басты айырмашылық мөлшерде» деген сөзі бар екен. Оқып отырып, таң қаласың, қалай дәл айтылған! Көнедегі философ мұны дәрілерді сипаттауға айтқан болар, бірақ біздің көз алдымызға бірден қазіргі заманның «ауруы мен қасіреті» келді. Адамзаттың технология саласындағы түрлі жетістіктерін жоққа шығаруға әсте болмас, әртүрлі гаджеттер мен құрылғылардың пайдасы туралы айтудың өзі дұрыс емес. Дегенмен әр заттың екі жағы болатынын, кез келген технологияның өз «мөлшері» бар екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан келесі рет, қолыңызға телефон алған кезде осыны естен шығармаңыз...
Наверх