Бозжыраның бағасына жетіп жүрміз бе?

Амангелді Сейітханов
Соңғы кездері еліміздегі экологиялық проблемалар, табиғатты таза сақтау мәселелері қоғам ішінде көбірек қозғалып жүр. Сондай мәселенің бірі – Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы. Табиғи жаратылысы бөлек, көрген адам таңдай қағатын ерекше құбылыстың кереметіне біздің еліміз ғана емес, алыс-жақын шет елдердің азаматтары да таңданыстарын жасырмайды. Осындай табиғат байлығының бағасына жетіп жүрміз бе? Ортаға ой тастайық.
Маңқыстаудың маңдайына біткен шатқалдың қазір тұмса табиғат ретінде бағаланып, ішкі-сыртқы саяхатшыға қызық болып тұрғаны жасырын емес. Оның тартымдылығы да сол кісі аяғы жете бермейтіндігінде. Адам қолы тимегендігінде. Көненің көзі секілденген кереметті көруге халықтың не себепті ынтық екені де түсінікті. Өзгеде жоқты көруге құмар олар. Жұрт дегенде біз табиғат құбылысын шын мәнінде бағалайтын, соның сырына үңілуді өзіне мұрат санайтын жандарды айтамыз. Әйтпесе олар сонау Канадаға барып, шатқал қарай ма? Әлем картасының өзге тұсынан көрікті өлке іздей ме? Бозжыра секілді жерге келетіндер де сол табиғат тылсымын түсінуге ұмтылатындар. Ал, оларға көп қабатты қонақ үй мүлде қажет емес. Қайта сол комфорттан жалығып жүргендер. Қалқайтып қымбат қонақ үй салып қойсаңыз да олардың жайлы жерге жайғаса кетуі екіталай. Қайта әлгі сарайымызды әумесерлік нышаны мен нысаны ретінде бағалап, сыртымыздан күліп кетуі ғажап емес.

Бозжыраға қымбат қонақ үй салу кімге тиімді? Алдымен соған бөлінетін қаржыдан бір асап қалуды ойлайтын дәмелі шенді мен сол құрылысты жүргізетін компания ғана ұтуы мүмкін. Абың-күбің мен дабыр-дұбыр естілген кезде сол жақтағы фауна мен флора әбден зардап шегуі ғажап емес. Тіпті сирек кездесетін аң-құс басқа жаққа ауып кетуі де қисынға көбірек келеді. Маза қашқан соң жайлы қоныс іздейді ғой олар да. Тағы бір қауіп бар. Бос топырақ, борпыл жер әлгі құрылысты көтере алмауы мүмкін. Опырылып, ойылып, тағы да сол темірбетон мен темір қазыққа тәуелділік артып, кейін тіпті сол жер кісі аяғы баспайтын өлі өлкеге айналуы мүмкін.

Бүгінге дейін саяхатшының көңілінен шығып болмаған біздің елдегі туризм саласы тап сол Бозжырадан көл-көсір пайда табады деу үшін де біршама тәуекел мен ақыл керек. Маман біткеннің байбалам салуында бір сыр жатыр, негізі. Тіпті анау Францияға дейін шеру ұйымдастырып, қоғам назарын аударғандардың да бір білгені бар шығар. Олармен ақылдасу, ортақ мәмілеге келу жағын неге бір ескермейді екенбіз. Францияның әуесқой фототілшісі айтады. «Бозжыраны енді естідік. Шынында да ғажап өлке секілді ғой. Бір барып көретін екен. Осында жүрген кәсіби фотографтардан естуімше, объективке азық болатын дүние көп екен. Мынау пандемия аяқталса сол шатқалды іздеймін. Кереметті көру керек қой. Ал, ол жаққа қымбат қонақ үйдің неге қажет екенін түсіну менің маңдайыма жазылмаған секілді». Сөз-ақ!

Дамудың шегіне таман барған елдің перзенті тарихқа шегініп көрмек қой. Әзірше мүмкін болып тұрғанда. Шіркін, сол жігіттерді түйеге мінгізіп апарса, анау-мынау сусынның орнына шұбат ұсынса, біздің туризм ұтар еді. Қазіргі қолдан келетіні, үкіметтен мол етіп ақща бөлдіріп, мөлдіретіп құрылыс бастап кету. Оның ертеңгі тағдырына алаң болмастан.

Кәсіби экологтар екі қолын төбесіне қояды. Олар тіпті сұмдық дәрежесіне дейін жеткізіп алыпты. «Бүлдіреміз», - дейді бірауыздан. Бүлінетінін біліп те тұрған шығар. Мамандар ғой. Оқыған, тоқығандары бар. Қазақстандағы биоалуан түрлілікті сақтау қауымдастығы ең алдымен «Қызыл кітапқа» енген түрлердің биоалуандығына қауіп төнеді деп есептейді. Тіпті үстірт ЮНЕСКО- ның бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраларының тізіміне кіру керек екенін еске салады. Шатқалды Үстірт қорығына қосу тиімді деп те айтады. Су және коммуникация желісі жоқ екенін де еске салады. Тағы да сол мамандар пікіріне жүгінсек, ол жақтың топырағы тез үгілгіш, демек археологиялық ескерткіщтердің бұзылуына әкеліп соғады. Бір қонақ үй үшін сондай шығынға барудың қажеті бар ма?

Оқығанымызды жазайық. «Зеленое спасение» ұйымы әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде, «Есті маманның бәрі «Қызылсай» табиғи паркіне қарайтын облыстық «Жабайұшқан» құрамына Бозжыра мен Тұзбайыр шатқалын қосып, Үстірт қорығымен бірге ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне қосу қажеттілігін мақұлдады. Мұндай мәртебе ерекше табиғи аумақты болашақ ұрпаққа сақтап қалуға кепілдік беріп, шетелдік туристердің Маңғыстау өңіріне қызығушылығын арттыруға көмектеседі», - деп жазады. Айдаладағы жұрт алаңдаушылық білдіріп жатқанда бізге не жорық? Барды қорғауды үйренбей нәрдің бәрінен көз жазып қалмаймыз ба? Тағы бір пікір. Биология ғылымдарының докторы, Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы «Дронт» экологиялық орталығы қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды қорғау қоғамының жетекшісі Марк Пестов қонақ үй құрылысының әсерінен Бозжырада сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» енген ерекше жануарлар шатқалды тастап кетуі мүмкін екенін қатаң ескертеді. Марк мырза: «Жақсы жол салынып, техника пайда болса, бүкіл әлем туристері үшін тартымды көрінетін, көздің жауын алатын ландшафт жойылады. Және, қарақұйрық, арқар, ителгі, лашын сияқты аң-құстар да жоғалады. Өткен ғасырдың ортасында бір ғана Маңғыстау жерінің өзінде жүз мыңға жуық қарақұйрық болған, қазір олардың саны мыңға жетпейді. Браконьерлік, жануарлар мекендейтін ортаның антропогенді өзгеріске ұшырауы, шекаралардағы тікенекті сымдардың кері әсерінен жағдай одан әрі ушығып отыр. Қарақұйрықтар Түркіменстан мен Өзбекстан шекарасындағы тікенек сымнан өткен кезде алған жарақатынан өледі», - деп жазыпты. Ол білмей айта ма?

Экологиялық сарапшы Орынбасар Тоқжановты да оқыдық. Үстіртті мекендейтін жануарлар (олардың көбі "Қызыл кітапқа" енген) саны жыл санап азайып бара жатқанын қынжыла жеткізді. «1998 жылы өңірде 254 мың киік болса, 2002 жылы олардың саны 19100-ге дейін азайған. Ал жүз мың қарақұйрықтан 200-300 ғана бас қалған. Биыл күзде әуеден жүргізілген санақ кезінде мамандар 3500 арқар мен мыңға жуық қарақұйрықты есепке алған. Құрылыс жұмыстары басталса, қалған жануарлар да кетіп қалады», - депті Тоғжанов. Бозжыраның тағдырына алаңдаған адам көп. Әркім өз қисынын дәлелдеп, тап осы жерде заманауи құрылыс жүруіне қарсылық танытып отыр. Пайдасы шамдай, қайта зияны көп тиетінін тілге тиек етіп, дабыл қағуда. Ақтау қаласынан 300 шақырым жерде, Қарақия ауданының аумағында орналасқан әдемілікті айғыздауға соншалықты кім құмар болды екен?

Үстірттің бұл бөлігі әктастардан құралған шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады. Бұл аумақтан тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, белемнит деп аталатын былқылдақ денелілерді, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болады. Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы алғанда Қазақстанның қымбат мұрасына айналды. Шатқалда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға дейінгі кезеңге жататын археологиялық ескерткіштер шоғыры тұр. Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектар болатын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Елдің енді сұрайтыны ерекше мәртебе. Шынында да ЮНЕСКО оң қабақ танытса, әлемдік мұраға айналады. Және қисыны да келіп тұр. Мұндай өлкені жер бетінен табу қиын. Саяхатшының саятына негіз болып, зор қызығушылығын тудырған Бозжыраны мейлінше көз қарашығындай сақтау маңызды іс. Шет елдіктердің дәрет-суы дұрыс болсын деген жадағай түсінікті ғана малданып қонақ үй салу, кешенді күрделі құрылыс жүргізу де әбестік секілді.
Ал, сіз не ойлайсыз ағайын?
Наверх